Қоғам • 23 Сәуір, 2025

Білім кәсіподағы: ғасырлық белестен – жаңғыру жолына

240 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының құрылғанына биыл – 100 жыл. Бұл маңызды датаның Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылымен» тұспа-тұс келуі айрықша маңызға ие.

Білім кәсіподағы: ғасырлық белестен – жаңғыру жолына

Салалық ұйым жылнамасы

Салалық кәсіподақтың 100 жылдығы ел тарихындағы тағы бір елеулі белеспен – Қазақстандағы кәсіподақ қозғалысының 120 жылдық мерейтойымен қатар атап өтіліп жатыр. Бұл – еңбекшіл ел тарихының тұтас бір ғасырлық шежіресін ғана емес, ұр­пақтар сабақтастығы мен қоғамдық сана­ның өсу жолын айшықтайтын айтулы кезең.

Елімізде кәсіподақ қозғалысының ал­ғашқы қарлығаштары ХХ ғасырдың басында бой көрсетті. 1905 жылы Қарағанды облысындағы Успен мыс кенішінде жұмыс­шы­лар одағы құрылып, ол еліміздегі  ал­ғаш­қы ресми кәсіподақ ұйымы ретінде та­нылды. Бұл тарихи сәт қарапайым еңбек адамдарының ұйымдасқан күшінің бастамасы болды.

Ол дәуірде еңбек жағдайының ауыр­лығы мен әлеуметтік теңсіздік жұмыс­шы­ларды бірігуге, өз құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғауға мәжбүр етті. Экономикалық және тұрмыстық қиын­дық­тар­ды еңсеру үшін ұжымдаса әрекет етудің маңызы арта түсті. Осылайша, кәсіподақ тек ұйым емес, әділет жолындағы сенімді қорғанға айналды.

Салалық кәсіподақ қозғалысының ал­ғашқы нақты қадамдары 1924 жылдың мамыр айында өткен үшінші респуб­ли­калық кәсіподақ конференциясында көрініс тапты. Бұл жиында елдегі кәсіподақ құрылымын да­мыту, түрлі сала қызметкерлерінің мүддесін қорғайтын республикалық ұйым­дар құру мәселесі қаралды. Атап айт­қанда, ағарту қызметкерлерінің республикалық кәсіподақ комитетін құру туралы шешім қабылданды.

Еліміздегі білім және ғылым қызмет­кер­лері салалық кәсіподағының ресми тарихы 1925 жылдың 21-24 мамыры аралығында Қызылорда қаласында өткен Қазақ АКСР-і ағарту қызметкерлерінің алғашқы съезінен бастау алады. Бұл съезд – ағарту ісі мамандарының бірігіп, ортақ мақсат жолында бас қосқан тарихи жиыны ғана емес, болашақ кәсіподақтың іргетасын қалаған маңызды кезең.

Бүгінде ғасырлық жолды артқа тастаған білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы уақыт көшінен қалмай, заман талабына сай жаңарып, ұстаздар мен ғылым өкілдерінің сенімді тірегіне айналып отыр.

Кәсіподақ ғасырлық тарихында құнды тәжірибелерді қалыптастырып, сала қыз­мет­керлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғауға зор үлес қосып, еліміздегі ең үлкен қоғамдық ұйымға айналды. Кәсіподақ қозғалысының тұтастығы мен бірлігін сақтап, сала қызметкерлерінің құқықтарын қорғаудағы жұмыстары өз нәтижесін беріп, еліміздегі еңбек нарығын нығайтуға бағытталған айшықты қадамдар атқарылды. Кезінде революциялық қарсы­лық­тың тірегі болған кәсіподақтар бүгінде еңбек адамының үні мен мүддесін сындарлы диалог арқылы жеткізетін ықпал­ды қоғамдық күшке айналды. Бұл өзгеріс – қоғамның даму деңгейінің, социо­мәдени трансформациясының нақты көрсеткіші.

2024 жылғы 26 маусымда өткен Салалық кәсіподақтың кезекті XV съезі ұйым тарихындағы маңызды белестердің бірі болды. Бұл жиында кәсіподақтың алдағы даму стратегиясы бекітіліп, қызметінің басым бағыттары мен нақты міндеттері айқындалды.

 

Кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғау – басты назарда

Кәсіподақ қызметінің негізгі бағыт­та­ры­ның бірі – құқық қорғау жұмысы, кәсіподақ мүшелерін қорғау тәсілдерінің бірі – өтініштермен және құқықтық кеңестермен қамтамасыз етілген жүйелі жұмыс. 2024 жылы кәсіподаққа 34 201 өтініш келіп түсті. Соның ішінде ең көп көтерілген мәселе – еңбекақыға қатысты (13 382 өтініш), ал 2 753 өтініш еңбек және ұжым­дық шарттардың орындалмауына байланысты болды.

Құқықтық көмек көрсету ісінде кә­сіподақ­тың кәсіби заңгерлері үлкен рөл атқа­­­рады. 2024 жылы заңгерлер тарапынан еңбек дауларын шешу, келісу комиссияларына қатысу, сотқа дейінгі қолдау көрсету бойынша 717 жағдай тіркелді. Соның ішінде 52 іс сотқа жетіп, 24 заңсыз жұмыстан босатылған кәсіподақ мүшесі өз жұмыс орнына қайта орналасты.

Қоғамдық бақылау – құқықтық қор­ғау­­дың пәрменді әрі тиімді тетігі. 2024 жылы кәсіподақтың араласуымен еңбек заңнамасының орындалуына 2 653 қоғам­дық бақылау шарасы жүргізіліп, 4 828 заңбұзушылық анықталды. Олардың ішінде 1 355-і еңбекақы төлеуге, 1 419-ы еңбек қатынастарын ресімдеуге, 464-і жұмыс және тынығу уақытына қатысты болды. Жалпы құқық бұзушылық құрылымында еңбек қатынастарын рәсімдеу (29,4%), еңбекақы төлеу (28%) бірінші орында.

Кәсіподақтың құқықтық қызметі нақ­ты эко­номикалық нәтиже де береді. 2024 жылы кәсіподақ мүшелеріне заңсыз ұстал­ған немесе төленбеген қаражаттың жалпы көлемі 759 740 904 теңгені құрады. Жалпы құқықтық қызметтің экономикалық тиімділігі 2 355 423 388 теңгеге жетті. Бұл – кәсіподақтың еңбек адамын қорғаудағы қаржылай тиім­ді­­­лі­гін көрсететін маңызды көрсеткіш.

 

Еңбек қауіпсіздігі – басым бағыт

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялауы – еңбек адамының мәртебесін көтеруге және олардың қауіпсіз еңбек ету құқығын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастама. Осыған орай, Салалық кәсіподақ еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді.

Биылғы 1 қаңтардағы мәліметке сәйкес, білім беру мекемелерінде кәсіподақ қатысуымен 8 305 өндірістік кеңес құрылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 283 кеңеске артық, яғни еңбек ұжымдарындағы қауіпсіздік мәдениеті нығая түсті.

Сонымен қатар техникалық еңбек инспекторларының саны артып, 2024 жылы олардың қатары 8 424 адамға жетті. Инспекторлар мен өндірістік кеңестердің бастамасымен 5 024 тексеру жүргізіліп, 2 142 еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы анықталды. Оның 1 920-сы жойылып, нақты шаралар қабылданды.

Еңбек жағдайын жақсартуда кәсіподақ бастамалары нақты нәтиже беруде. Тексеру жүргізілген нысандардың ғимараттары мен құрылыстарының техникалық жағдайы қанағаттанарлық деңгейде. 2024 жылы өліммен аяқталған жазатайым оқиғалар тіркелмегені – оң өзгерістердің айғағы. Алайда жарақат алу жағдайлары (жеңіл – 5, ауыр – 23) орын алған, бұл кәсіподақ тарапынан алдын алу шараларын күшейту қажет екенін көрсетеді.

 

Әлеуметтік әріптестік – тиімді тетік

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев еңбек қатынастарын реттеуде кәсіподақтардың медиативті рөліне ерекше тоқталып: «Кәсіподақтардың дәнекерлігі мен медиация арқылы еңбеккерлер мен жұмыс берушілердің тең құқылы диалогінің арқасында ғана еңбек қатынастарын тиімді реттеуге болады», деді.

Бұл қағиданы басшылыққа ала оты­рып, Салалық кәсіподақ пен Оқу-ағар­­ту және Ғылым және жоғары білім министр­ліктері арасында әлеуметтік әріп­­тестік туралы салалық келісімдерге қол қойылды. Бұл құжаттар әлеуметтік әріптестік институттарының бірі ретінде сала қызметкерлерінің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен заңды мүдделерін, сондай-ақ жұмыс берушілердің де құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында нақты міндеттерді көздейді.

Бүгінде кәсіподақ ұйымының бастамасымен әртүрлі деңгейде (облыстық – 21, қалалық және аудандық – 113) және еңбек ұжымдарында 7 231 ұжымдық шарт жасалған. Бұл құжаттар еңбеккерлердің жалақысы, еңбек жағдайы, әлеуметтік қолдау секілді мәселелерді нақты реттейді. Кәсіподақтар олардың орындалуын қадаға­лап, қажет болса, өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар береді.

 

Цифрлық дәуір – жаңа міндеттер

Қазіргі уақытта кәсіподақ қызметі жаңа даму кезеңіне қадам басып отыр. Жаңа әлеуметтік-экономикалық реформалар, еңбек нарығындағы өзгерістер, цифрландыру үдерістері кәсіподақтан тиімді, жедел және ашық жұмыс істеуді талап етеді.

Кәсіподақ ұйымдары құқықтық сауат­ты­лықты арттыру, еңбек дауларының алдын алу, келіссөз мәдениетін дамыту, қоғамдық бақылау тетіктерін жетіл­діру секілді бағыттарды жаңаша көзқарас­пен қолға алуда. Ең бастысы – сала қызметкер­лерінің өмір сүру сапасын арттыру, әлеу­меттік тұрақтылықты қамтамасыз ету және әділетті еңбекақы төлеу жүйесін қалып­тастыру.

Цифрлық шешімдер мен заманауи технологияларды пайдалану – кәсіподақ қызметінің басты басымдықтарының бірі. Бұл – ұйым мен кәсіподақ мүшелері арасындағы байланысты нығайтып, көр­се­тілетін қызмет сапасын арттыруға жол ашады.

Кәсіподақтың бүгінгі қызметі – тек құқықтық көмекпен, ұжымдық шарттармен немесе тексеру актілерімен шектелмейтін кең ауқымды жұмыс. Қоғамдағы еңбек мәдениетін қалыптастыратын, әділетті еңбекақы жүйесін жетілдіретін, жұмыс­шы­лардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ететін кешенді қозғалыс.

Цифрлық трансформация, әлеуметтік әріптестік пен құқықтық сауаттылықты арттыру – кәсіподақтың алдағы жұмысының жаңа бағдарын айқындап отыр. Бұл – еңбек адамының дауысы естілуі үшін, әділет салтанат құруы үшін жасалып жатқан маңызды бетбұрыс екені даусыз.

 

Айгүл МҰҚАШЕВА,

Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы