
«Қазір ауданда 4 300 гектар бақ бар. 3 500 гектары – шабдалы бағы, оның ішінде 2 350 гектары жеміс береді. Осы алқаптан жылына 19-22 мың тоннаға дейін өнім аламыз. Дені ішкі нарыққа жіберілсе, 4 мың тоннаға жуығы Ресейге экспортталады. Жылдан жылға шабдалы өсіруге ниеттенушілер көбейіп келеді. Себебі сары өрікке сұраныс еселеп артып жатыр», деді Ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Фархат Ақмоллаев.
Осы күні өрік алқабында жер жыртып, топырақ қопсытып, көшет отырғызу жұмыстары қыза түскен. Бақты балаша баптаса ғана мол өнім беретіндігін алға тартқан диқандар, ерте көктемнен бастап зиянкестерге қарсы залалсыздандыру мен минералды тыңайтқыштар себу шараларын уақтылы атқаруға жұдырықтай жұмылған.
«Шырынгүл» шаруа қожалығының меңгерушісі Сайдулла Мұқпұловтың айтуынша, шаруашылықта тұқымдық тәлімбақ бар. Онда өсірілген жоғары сапалы әрі тасымалға төзімді «краснощекий» сортының көшеттері өз бақтарында отырғызылып, артылғаны өзге шаруашылықтарға сатылады екен. Табыс көзіне айналған сары өрікті жинап, тасымалдауда жәшік тапшылығын жоюды мақсат еткен шаруа қожалығының иесі 50 млн теңге инвестиция құйып, биылдан бастап пластик жәшік шығаруды бастап кетіпті.
Ават ауылына қарасты «Бахит» шаруа қожалығы биыл да мол өнім алудан үмітті.
«Былтыр шабдалы жақсы өнім берді. Тек Ават ауылының өзінен 37 фура жөнелтілді. Бағасы килосына 250–300 теңге шамасында болды. Биыл өрік ағаштары жақсы гүлдеді. Енді үсік ұрып кетпеуін тілейміз. Бір гектар бақтан орта есеппен 10–15 тоннаға дейін өнім алуға болады», дейді шаруа қожалығының жетекшісі Сайдахмет Мұстафаев.
Алматы облысы