Мәселе • 24 Сәуір, 2025

Шекарадағы ауылдар шетқақпай қалмаса...

650 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Атырау облысында Ресеймен арадағы шекараға таяу, бірақ аудан орта­лығынан 200 шақырым қашықта орналасқан 10 елді мекен бар. Бұл ауылдарға жеткізетін жолға қиыршық тас та, асфальт та төселмеген. Бірақ жыл сайын облыс бюджетінен қара жолдағы сазды топырақты қыру, тегістеуге ғана қаржы бөлінеді.

Шекарадағы ауылдар шетқақпай қалмаса...

Саз төселген жол

Еліміздің батыс қақпасындағы Құрманғазы ауданында №7 разъезден бас­талып, Сүйіндік ауылына дейін созылатын жол бар. Жол бойында төрт ауылдық округтің 10 елді мекені орналасқан. Асфальты жоқ қара жолмен Қошалақ, Асан, Үштаған Азғыр, Балқұдық, Жалғызапан, Қоңыртерек, Егінқұдық, Батырбек, Сүйіндік ауылдарының тұрғын­дары қатынайды.

Балқұдық ауылы мен аудан орта­лығы­ның ара қашықтығы – 260 шақырым. Ауыл­дағы алғашқы мектеп 1928 жылы ашы­­лыпты. Қазір мұнда 1 395 адам тұра­ды. Осы округтегі Азғыр ауылы 1928–1930 жылдары Орал округіндегі Азғыр ауданы­ның орталығы болған деген дерек бар. Кезінде жерасты сынағы жасалған Азғыр ядролық полигонының дәл іргесінде орын тепкен елді мекенде 380, Қоңыр­­теректе 265 тұрғын ірге көтермей отыр.

ап

Асан ауылы аудан орта­лығынан 190 шақырым қашық­тықта орналасқан. Мұнда 569, Үштаған ауылында 653 адам тіркеліпті. Сүйіндік ауылдық округі орталығының іргесі 1957 жылы қаланған. Сүйіндік, Жалғызапан, Батырбек, Егін­құдық елді мекендеріндегі тұр­ғындар саны – 2 504.

Азғыр ауылдық округінің орта­лығы Балқұдық ауылының байырғ­ы тұрғыны, Құрманғазы аудан­дық мәслихатының депутаты Мансұр Қуанышалиннің айтуына қарағанда, кеңес дәуірі кезінде де шалғайдағы аталған елді мекеннің тұрғындары аудан орталығына қара жолмен қатынаған. Еліміз тәуелсіздігін алғанына 34 жыл болғанымен, «Баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып отыр. Көктем мен күзгі лайсаңды, қысқы мезгілдегі қардың әлегін айтпағанда, әсіресе 40 күн шілденің ыстығында бұл жолмен көліктің жүруі тіпті мүм­кін емес.

«Жол құм арасымен өтеді. Күн әбден ысыған кезде құм сұйылып, көліктің жүруіне қиын­дық келтіреді. Көліктер құмға батып қалғанын талай көрдік. Аудан басшылығы 80-жылдары қара жолға сазды топырақ төгіп, әбден нығыздады. Өйткені сол кезде Балқұдық асыл тұқымды қой зауытында 50 мыңға жуық қой, 6 мыңдай жылқы, Сүйіндік асыл тұқымды қой зауытында 50 мыңнан астам қой, 7 мыңның шамасында жылқы болды. Шаруа­шылықтар шопандар мен жыл­қышыларға саз төселген жолмен жем, пішен тасыды. Қазір мұндай ірі шаруашылықтар жоқ», дейді М.Қуанышалин.

Жол – екі елдің шекарасына таяу орналасқан ауылдар тұрғын­дарының жанына бататын түйткіл. Бірақ жол салу мәселесі шешімін таппай келеді.

«Жол салу мәселесі қозғал­ғалы 40 жылдан асты. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін де бұл мәселе талай көтерілді. Бірақ әлі күнге дейін нақты шешім қабылданған жоқ. Облысты басқарған әкім де, Парламент депутаттары да, түрлі министрліктің өкілдері де осы жолмен жүріп өткен. Бұл – мемлекеттік деңгейде көтерілетін мәселе», дейді М.Қуанышалин.

Облыстық маңызы бар ­№7 разъезд – Асан – Балқұдық – Сү­йіндік автомобиль жолын күтіп-ұстауға 491 млн теңге бөлін­ген. Қаржының 169 млн теңгесі биыл атқарылатын жұмыс­қа қарастырылып отыр.

«Жолды күтіп-ұстауға 12 ақ­панда «Ганюшкин-Құрылыс» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Оның ішінде 2025 жылға 169 млн теңге қаралды. Келісімшарт мерзімі – 3 жыл. Мердігер аталған жолдың топырағын тегістеп, қыру жұмыстарын атқарады. Тапсырыс беруші – облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы», дейді Құрманғазы ауданының әкімі Абат Жанғалиев.

 

Асфальтсыз жолдың азабы

«Құрманғазы жолдары»­ ЖШС директоры Аслан Бай­ме­новтің айтуынша, аталған жол­ды күтіп-ұстау оңай шаруа емес. Өйткені ол асфальтсыз жолды күтіп-ұстау жұмысының қиындығын жетік біледі.

«Біздің компания 2011 жылдан бері осы жұмысты атқарып келді. Жол­дың қашықтығы – 286 шақы­рым. Жолға асфальтты айтпа­ғанның өзінде, қиыршық тас та төселмеген. Кезінде саз топы­­рақ қана төгілген. Содан бері ештеңе төселген жоқ. Біз жыл сайын сол сазды тегістеп, көліктің тоқтаусыз жүруіне қолайлы жағ­дай жасадық. Алайда саз төсел­ген жолға қыру, тегіс­теу секілді жұмыстың жасал­ғаны көрін­бейді. Себебі бір-екі ауыр жүк көлігі жүріп өтсе, жол қай­тадан бүлінеді», дейді А.Байменов.

в

Тәжірибелі жолшының пікі­рін­ше, жолды тегістеу, қыру жұ­мыс­тарының нәтижесі байқа­латын екі кезең бар. Біріншісі – наурыз, сәуір, мамыр айлары. Сонан соң қазаннан желтоқсанға дейінгі аралықта атқарылған жұмыстың нәтижесі көрінеді.

«Жүргізушілер жазғы мез­гілде 40 күнге созылатын аптап ыстықта жолды тегістемеуді сұрайды. Себебі маусымнан тамызға дейін құм сұйылып, көліктің жүруі қиын­дайды. Осы кезде жол тегіс­тел­се, бұрынғы қалпынан айырылып қалады», дейді ол.

Биыл аталған асфальт түгілі қиыршық тасы жоқ жол­­­дағы күтіп-ұстау жұмысын атқа­ратын мер­дігер өзгеріпті. Енді бұл міндет «Ганюшкин-Құрылыс» ЖШС-ға жүктеліп отыр. Ком­пания директоры Ербол Құр­мановтың мәлі­метіне сүйен­­сек, жұмысқа 16 адам тартылған.

«Бізде жолды тегістейтін 3 автогрейдер, қажетті инертті материалдарды тасымалдайтын 3 «МАЗ», 3 жүк тиейтін техника бар. Жұмысшыларды 1 «УАЗ», 2 «ГАЗель» көлігімен тасымалдаймыз. Жазда шаң болмас үшін 1 техника су шашады. Қысқы маусымда 3 тех­ни­камен тұз себеміз», дейді Е.Құрманов.

Еліміз тәуелсіздігін алғаннан бері Құрманғазы ауданын да, Атырау облысын да бірнеше әкім басқарды. Ауданның бұ­рын­ғы төрт әкімінің біреуі қазір Сенаттың депутаты, екеуі Атырау облысы әкімінің орынбасары лауазымын атқарып отыр. Мұнайлы облыстың бұрынғы әкімдерінің бірі Президент Әкім­шілігіне, өзгелері Үкімет пен Парламент Мәжілісіне, министр­ліктерге жетекшілік етті. Бірақ неге екені белгісіз, облыс әкімінің орынтағынан кейін жоғары лауазымдағы қызметке тағайындалған шенеуніктер Ре­сей­мен шекарадағы 10 ауылға жол салу мәселесін қозғаған емес.

Қазір облыстың бұрынғы әкімінің бірі – Парламент Мәжілі­сінің депутаты. Көрші елмен шекарада шетқақпай қалған 10 ауылдың тұрғындары елорда мен облыстан келіп-кететін ақ жағалыларға «Аудан орталығына дейін қатынайтын жол салуға ық­пал ете ме?» деген үмітпен қарайды. Бірақ тұрғындар үміті әзір ақталар емес.

«Үш жыл бұрын осы жолдың 36 шақырымына орташа жөндеу жүргізеді дегенді естіп, қуанған едік. Бірақ жөнделген жолды көрмедік. Жолдың шамамен 15 ша­­­қы­рымына топырақ тө­гілді. Басқа ешқандай жұ­мыс атқа­­рылған жоқ», дейді М.Қуанышалин.

Тегінде ел егемендігінің жемісі тұр­ғындардың бақуатты тұр­мы­сы, ауылдарға қатынайтын асфальт жол секілді игіліктермен астасады. Осы орайда облысты айтпағанда, аудан орталығынан шалғайда, шетқақпай қалған елді мекендердегі тұрғындардың кө­кей­кесті мәселесіне назар аударатын мезгіл жетті. Президенттің шекарадағы ауылдарды дамыту жөніндегі тапсырмасына сай жол салуды қолға алып, алтын бесігінен көшпеген жандарға жанашыр болар лауазым иесі, есті-басты азаматтар табылса игі.

 

Атырау облысы