Өшпес даңқ • 24 Сәуір, 2025

Майдан тарихын зерттеу жалғасады

60 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Адамзат тағдырын қасіретпен айғыздаған соғыс тақырыбының тасасында талайлардың кермек тағдыры жатыр. Қазақ жерінде жақынын майданға аттандырмаған әулет кемде-кем. Сұрапыл жылдары сұраусыз кеткен боздақтар тағдыры, елімізде құрылған жауынгерлік жасақтар, соғысқа дейінгі кезең мен соғыстан кейінгі халық өмірі, осы және өзге де тақырыптар Мәде­ниет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитетіне қарасты Орталық мемлекеттік архивте өткен «Ұлы Отан соғысының жаңа беттері» атты халықаралық ғылыми конференцияда талқыланды.

Майдан тарихын зерттеу жалғасады

Онлайн және офлайн форматта өрбіген конференция жұмысына тарихшы ғалымдар мен осы тақырыпты зерделеп жүрген жас зерттеушілер қатысты. Іс-шараны ашқан Архив, құжаттама және кітап ісі комитетінің Мониторинг және мемлекеттік бақылау басқармасының басшысы Ибраим Бабаев биылғы Жеңіс тарихының мерейлі жылында майдан тарихын зерттеуге ауқымды көңіл бөлініп отырғанын айтты. Соның бірі – министрліктің бастамасымен ұлттық архив жанынан құрылған «Батырларға тағзым» сайты. Платформа қолданушылары соғысқа қатысқандар туралы толыққанды мәліметті осы ақпарат алаңынан таба алады. Бұған дейін «Память народа», «Мемориал kz» сынды өзге елдердің сайтын қолданып келген еліміз үшін бұл – айтулы жаңалық. Министрлік өкілінің айтуынша, сайтқа күні бүгін ­677 мыңнан аса құжат енгізілген.

«Эвакуация тарихының ашылмаған беті: испан эмигранттары Қазақстанда» тақырыбында баяндама жасаған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универ­ситетінің профессоры Гүлжауһар Көке­баева соғысқа дейінгі кезеңде Еуро­паның саяси эмигранттары Шығыс елдеріне, оның ішінде қазақ даласына көптеп қоныс аударғанын айтады. Дегенмен ғылыми айналымда бұған қатысты ақпараттар аса зерттеле қоймаған. Ғалымның айтуынша, Ис­панияда жарық көрген құжаттық жинақтарда Кеңес ода­ғында болған 4 236 испандықтың тізімі бар.

«Садонск қорғасын-мырыш зауытында жұмыс істейтін испандар 1942 жылдың қыркүйегінде Қазақстанға көшірілді. Олар сол тұста салынып, іске қосылған Текелі қорғасын-мырыш зауытында жұмыс істеуге тиісті болды. 1942 жылдың соңына дейін Ақтөбе арқылы Текеліге 108 испан эмигранты келді. Олардың 34-і – ер, 46-сы – әйел, ал 28-і – өрімдей бала. Бұл топта бірнеше азамат соғысының мүгедегі, әскерге шақырылған отбасылар болды. Олар жолда көп қиындық көрді. ҚазКСР ХКК 1942 жылғы 4 желтоқсанда келген құпия хатта алты айлық ауыр жолда мерт болғандар бары туралы жазылған. Соғыс даласында 700-дей испан респуб­ликашылдары болғаны белгілі. Орталық мемлекеттік архивінде Қазақстаннан қызыл әскерге шақырылған испандар тізімі сақталған. Онда Алматыдан – 12, Ақ­төбеден – 13, Текеліден 14 испан шақы­рылғаны көрсетіледі», дейді Г.Кө­кебаева.

«Майдан мен тылдың бірлігі: Қазақстан әйелдерінің Жеңіске қосқан үлесі» тақырыбында сөз қозғаған Атырау облысы мемлекеттік архиві басшысының орынбасары Тұрсын Қалимова кейінгі жылдары халық тарапынан бұрын-соңды есімі мен ерлігі ескерілмей қалған батырларды тануға талпыныс артқанын тілге тиек етті.

ыв

«Атыраулық тарихшы Жұмабай Дос­пановтың «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақ офицерлері» атты 25 томдық зерттеу еңбегінде көптеген офицер қазақ қыздары туралы мәлімет жинақталған. Ресми деректерде елімізден соғыс даласына жалпы саны 5 250 ару аттанды делінсе, Ж.Доспановтың мәліметтерінде 8 мыңға жуық әйел жауынгер бар. Қан майданға өз еркімен кетіп жеңісті жақындатқан, алайда есімі ескеріліп насихаттауы аз болған қазақ қыздарының қатарында зенитші Ажар Оразғалиеваны атауға болады. Ажар апа 18 жасында өз өтінішімен 1943 жылы туған жері Гурьевтен 17 қыз болып майданға аттанған. Алдымен оларды 416-Сталинград атқыштар дивизиясына бөліп, зеңбіректі меңгеруге оқытады. Бір айдан кейін нағыз зенитші болып майданға араласады. Курс доғасында басталған оның майдан жорығы Харьков, Орел, Львов, Киев, Румыния бағытымен жалғасады. Осы жерден кеңес әскерлері Берлинге кіреді. Ажар апай Рейхстагқа ту тіккен сарбаздардың шаттанғандарын өз көзімен көргендердің бірі болды. Сол секілді майдан даласында ерлік көрсеткен қазақ қыздары аз емес», дейді Т.Қалимова.

Қазақстанға соғыс жылдары 220 зауыт пен фабрика көшіріліп әкелінді. Рес­публикамыз қорғасынның 85 пайы­зын, мыстың 35, молибденнің 60, висмуттың 65, полиметалл кендерінің 79 па­йызын беретін. Қарағанды кеншілері соғыс жылдары 34 млн тонна көмір бер­­ді, мұнай өндіру 39 пайызға артты. Ауыл еңбеккерлерінің даңқы арта түсті. Мәселен, соғыс басталысымен-ақ, Сол­түстік Қазақстан облысының барлық материалдық-техникалық, қаражат және еңбек қорлары жауға қарсы күреске ба­ғытталды. Алғашқы екі жылдың өзінде ғана облыстан 70 мыңнан аса жігіт майданға аттанып кеткендіктен, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығында жұмыс қолына зәрулік күшейген-ді. Осылайша, майданға кеткен ерлердің орнын қыз-келіншектер, жасөспірімдер басты. Мысалы, Петропавл ет комбинатына бір жылдың ішінде 300 қыз-келіншек жұмысқа кірген. Бұл мәліметтерді «Қызылжар өңірі – Ұлы Отан соғысы жылдарында» тақырыбымен баяндама жасаған Солтүстік Қазақстан облысы Мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова келтірді.

Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлына қатысты тың құжаттар тауып, оларды кең ауқымда зерттеп жүрген  Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай, Ресейдің Қорғаныс министрлігіне қарасты архивінде, сондай-ақ Әскери архив пен Ресейдің әдебиет және өнер архивінен батырдың өміріне қатысты көп деректер табылғанын мә­лімдеді.

«Бұған дейін Бауыржан Момышұлы туралы жазылған дүниелер баршылық. Бұл тұрғыда Александр Бек, Әзілхан Нұршайықовтардың жазғанын, батырдың өз жазбаларын ерекше атар едік. Дегенмен Момышұлына қатысты архив құжаттарын жинау барысында бұған дейін жазылған әдеби шығармаларда айтылған деректермен алшақ түсетін тұстар мол екенін аңғардық. Осыдан кейін біз батырдың өмірі мен әскери қызметін архив құжаттары негізінде көрсететін ғылыми монография жазып шықсақ деген ойға келдік. Мәселен, осы уақытқа дейін Б.Момышұлы Банк академиясында оқыды деп айтылып жүрді. Ал шын мәнінде ол кісі Банк академиясында оқымаған, Шымкент қаласынан іссапарға жіберіліп, Кеңес одағы Өнеркәсіп банкінің қызметкерлеріне арналған 4 айлық қысқа мерзімді курста білім алған. Түркістан облыстық мемлекеттік архивінен табылған құжаттар сол тұста Баукеңнің Қазақстанда 5 ай, 1 күн болмағанын дәйектеп тұр. Сол сияқты батыр өзінің өмірбаянында Жандосовтың көмекшісі болдым деп жазады, ал біздің анықтамамыз бойынша ол кісі Жандосовтың емес, Мұхтар Саматовтың көмекшісі болып жұмыс істеген. Сол секілді осындай қарама-қайшы фактілер көп», дейді С.Шілдебай.

Конференцияда бұдан өзге «Жалпыға бірдей әскери жұмылдыру және Қазақстан территориясында әскери құрамалардың жасақталуы», «Қазақстан майдан арсеналы: Қазақстан аумағындағы қорғаныс өнеркәсіп орындары», «Соғыс алдындағы Қазақстан», «Еңбек армиясы құрамындағы қазақтар» секілді маңызды тақырыптар көтеріліп, Екінші дүниежүзілік соғыс туралы тарихи жадты жаңғыртудағы тың архив құ­жаттарының рөлі мен маңызы тал­қыланды.

 

АЛМАТЫ