
Ізденімпаз оқушылардың идеясы жер дүмпуі кезінде баспаналарды ауа жастықшалары арқылы қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған. Жасөспірімдер жаңа жобаны «Ауа жастықшасын пайдалана отырып, ақылды үйді басқарудың зияткерлік жүйесін әзірлеу» деп атапты.
Айтуларынша, жүйенің негізгі мақсаты – ғимаратқа орнатылған ауа жастықшалары арқылы жер дүмпуі кезінде тұрғын үйдің зақымдануын барынша азайту. Оқушылар ойлап тапқан жобаның артықшылығы – жастықшалар автоматты түрде үрленіп, үйдің қабырғасын 3 сантиметрге дейін көтереді. Осылайша, жер сілкінісі кезінде тербеліс күшін азайтып, ғимараттың зақымдану қаупін төмендетеді.
«Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін тиімді әрі қолжетімді қауіпсіздік жүйесін әзірлеудің маңызы зор. Өңірімізде болған жер сілкінісі бізді де ойландырды, толғандырды. Қазіргі кезде нарықта мықты технологиялар жеткілікті. Әйтсе де олардың бағасы өте қымбат екенін көріп отырмыз. Ал біздің мақсатымыз – оны қарапайым халыққа қолжетімді ету», дейді жас зерттеушілер.
Білім алушылардың айтуынша, жаңа жобаны әзірлеу кезінде «Arduino» платформасының көмегіне жүгінген көрінеді. Осылайша, компрессор арқылы жұмыс істейтін жүйені құрастырып шығыпты. Жер қыртысының қозғалысын анықтайтын сенсордан дабыл сигналы жеткен кезде жүйе жедел іске қосылады. Нәтижесінде, ауа жастықшалары лезде автоматты түрде үрленеді екен. Ал жер дүмпуі аяқталғаннан кейін «Ақылды үйдің» жастықшалары қайтадан бастапқы қалпына келеді. Дарынды оқушылардың жаңа жобасы тек теория жүзінде емес, тәжірибелік макет түрінде де әзірленген. Оқушылар қолда бар материалды пайдалана отырып, құрылғының шағын үлгісін құрастырып шыққан. Кейіннен жаңа технологияның тиімділігін сынақтан өткізіп көріпті.
Білікті мамандардың сөзінше, оқушылар жаңа құрылғы жобасын жетілдіру үшін үздіксіз ізденген. Тиісті деңгейде ғылыми зерттеу жұмысын жүргізіп, шетелдік тәжірибелерге ден қойған. Ең бастысы, олар өздерінің инновациялық идеясын шынайы өмірде іске асыруға қауқарлы екенін дәлелдеді.
«Әрине, Жаратқан табиғи апаттан, зілзаладан елімізді сақтасын. Әйтсе де «апат айтып келмейді» деген сөз бар ғой. Сол тұрғыдан алсақ, жер сілкінісінен қорғайтын технологиялардың қолжетімді болғаны абзал. Егер бұл жүйе кеңінен қолданылатын болса, адамдардың өмірін сақтап қалуға айтарлықтай сеп болатынына күмәніміз жоқ», дейді дарынды балаларға арналған лицей оқушылары.
Жоба авторлары қолға алған жұмысты одан әрмен қарай дамытуға құлшынып отыр. Олар болашақта жүйеге қосымша сенсор қосып, мобильді қосымша арқылы бақылау мүмкіндігін енгізу мәселесін ойластырып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, оқушылардың ізденісі – қолдауға тұрарлық бастама.
Тараз