Қоғам • 28 Сәуір, 2025

Жосықсыз кәсіпкерлер жауапқа тартылды

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда «Алматы - біздің ортақ үйіміз» акциясы аясында заңсыз сауда нүктелерін анықтау жалғасуда.

Жосықсыз кәсіпкерлер жауапқа тартылды

Жүргізілген рейдтер нәтижесінде стихиялық сауданың 75-тен астам нүктесі жойылып, жосықсыз кәсіпкерлер жауапқа тартылды.

Мегаполисте стихиялық сауда фактілерін анықтау және жою, сондай-ақ заңсыз орнатылған сауда объектілерін бөлшектеу жөніндегі ауқымды шара 15 сәуірде басталған. Уәкілетті органдар полиция департаментімен бірлесіп санкцияланбаған сауданың 143 жағдайын (ҚР ӘҚБтК 204-бабы) және абаттандыру қағидаларын бұзудың 96-бабын (ҚР ӘҚБтК 505-бабы) анықтаған.

Науқанның басты мақсаты – ретсіз сауданы жою мен қаланың эстетикалық келбетін сақтау. Қала билігі жұмысы тоқтаған кәсіпкерлерге заңды түрде жұмыс істеу үшін арнайы орындар ұсынбақ. Тұрғындар қаланың әр ауданында жүргізіліп жатқан бұл жұмыстарды қолдайтындарын айтты.

«Стихиялық сауда көбіне жаяу жүргіншілер жолдарын, аялдамаларды, қоғамдық орындарды басып алып, қала келбетіне кері әсер етеді. Мұндай сауда нүктелері санитариялық талаптарға сай емес, өнім сапасы тексерілмейді. Біздің тұрғын үй ауласына жақын орналасқан фастфуд сататын дүңгіршек маңы үнемі ластанып, қоқыстан көз ашпайтын едік. Тұрғындар талабы ескеріліп, нысан сүрілді», дейді Әуезов ауданының тұрғыны Ләззат Әбжамалова.