Еңбек • 29 Сәуір, 2025

Еңбек қауіпсіздігі бақылауда

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтыр өндіріс кезіндегі жазатайым оқиғадан 1048 жұмыскер зардап шегіп, 202 адам қайтыс болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистр­лігінің Мемлекеттік еңбек инспекциясы коми­тетінің мәліметінше, өндіріс орындарындағы жара­қат алу дерегі 2023 жылмен салыстырғанда 4,5%-ға төмендеген.

Еңбек қауіпсіздігі бақылауда

Еліміздің өндірістік аймақтарында жұмыскерлердің жарақат алу оқиғасы жиі тіркеледі. Мәселен, Қарағанды облысында – 159, ШҚО-да – 124, Павлодар облысында – 112, Абай облысында – 101, Қостанай облысында – 91, Алматы қала­сында 116 адам зардап шеккен. Тау-кен метал­лургия өнеркәсібінде (18,3%), одан кейін құрылыс са­ла­сында (10,1%) жұмыскерлердің оқыс оқиғаға ұшырау фактісі жиі. Қызметкерлердің  жұмыс үстінде арандауының басым көпшілігі өндірістегі жұмыстың тиісті деңгейде ұйымдастырылмауы (35,5%), жапа шегушінің өрескел қамсыздығы (31%), жол қозғалысы ережелерінің бұзылуы (8,2%), еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау ережелерін сақта­маудан (7,6%) туындаған.

Бес жылда мемлекеттік органдар мен жұмыс беру­ші­лердің еңбекті қорғауға қатысты жүзеге асырған кешенді шаралардың нәтижесінде азаматтардың өндірісте  жара­қат алу деңгейі 6,3%-ға төмендеді. Профилактика мен бұзу­шы­лық­ты алдын алу мақсатында еліміздің 3262 кәсіпорнына  қауіп­сіздік пен еңбекті қорғау стандарттары енгізілді. 2019 жыл­дан бастап  министрлік «Нөлдік жарақат – Vision Zero» тұжы­рымдамасын жетілдіруге айрықша назар аударып отыр. Бұл тұжырым 605 кәсіпорында іске қосылған.

Құры­лыс нысандарында бас мердігердің еңбек қауіпсіздігі мәсе­лелері жөнінде барлық қосалқы мердігерлерге жауап­кер­шілік пен бақылауды күшейтетін үлгі енгізу қолға алынып, 318 кәсіпорында іске қосылды. Жұмыс берушілерге еңбекті қорғау талаптарының сақталуын өзін-өзі тексеруден өтуге мүмкіндік беретін «Онлайн еңбек консультанты» электрондық сервисі де бар. Сервисті бүгінге дейін 42 985 жұмыс беруші пайдаланған.