
«Smart Zebra»
Қазір балалардың бейнеойындарға әуестігі ата-аналардың негізгі уайымына айналды. «Әлеуметтік желі жеткіншектің мінез-құлқына, таным-түсінігіне, ментальді һәм физикалық саулығына теріс әсер етіп жатыр», деп дабыл қағады әке-шеше. Үлкендердің өзі де күндіз-түні «WhatsApp» ақтарып, «Instagram» қопарып, виртуалды әлемге қашан әрі қалай батып кеткенін байқамай қалғанда, балалардың телефонға тәуелділігін тоқтату тіпті қиын екені айтпаса да түсінікті. Ғаламат жетістік ретінде жарнамаланып жатқанымен, бейнеойындар түгілі, «YouTube» арналарындағы мультфильмдер де балаға ақыл қоспайды, оның қиялын байытпайды, сөздік қорын дамытпайды, сыни ойлауға баулымайды.
Осыны ескерген «Smart Zebra» жобасының авторлары балдырғандардың смартфонға тәуелділігін азайтуға арналған мобилді қосымша ойлап тапты. Иә, гаджетке тәуелділікті дәл сол құрылғы арқылы жеңу біртүрлі кереғарлық сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ «қардың басын қар алар» дегендей, телефонға байланған баланы смартфондағы қызықты әрі пайдалы контентпен баурай білу керек. Аталған қосымша мультфильмдер мен ойындарға балама ретінде білім мазмұнын ұсынады. Ол баланың сөйлеу қабілетін дамытып, ой-өрісін кеңейтеді және интеллектуалдық деңгейін арттырады. Қазіргі уақытта бұл қосымшаның игілігін мыңнан аса балдырған көріп отыр.
Жобаның авторы Бағлан Аязбаев қосымшаны әуелі балаларына, содан кейін достарына көрсеткен. Стартаптың расымен пайдалы екенін ұққан соң, ол қосымшаны «App Store»-ға жариялап, көпшілікке ұсынған.
«Контенттің барлығын өзіміз әзірледік. Қазір қоржынымызда екі жыл бойы жинаған мыңнан астам аудиофайл мен анимация бар. Контент мазмұнын әлде де байытып келеміз. Жақында қосымшаға қаржылық сауат тақырыбын қостық, яғни ақша қалай пайда болды, ересектер оны қайдан алады, ақшамен не істеуге болады деген сұрақтардың жауабын балаларға қызықты етіп түсіндіреміз. Қазір қосымшада осындай 10 тақырып бар. Байқағанымыз, балаларға адам денесі мен динозаврлар туралы контент көбірек ұнайды. Біз әуелден отандық нарықты назарға алдық, сондықтан қосымшаның толықтай қазақ тіліндегі мазмұны бар. Сұраныс мейлі аз болсын, мейлі көп болсын, қазақша контент міндетті түрде болуы керек. Жақында өзбекстандық бала орыс тіліндегі барлық тақырыпты көріп шыққанын, қазір қазақ тіліндегісін көріп жүргенін айтты. Оның анасы бізге өзбек тіліндегі нұсқасын жасауды сұрап хат жазды, ал баласы қазақ тіліндегі сөздерді үйреніп алыпты», дейді жоба жетекшісі.
Осылайша, стартап авторлары қазіргі гаджетке тәуелді ұрпақтың болашағына бейжай қарамай, уақыт талабына сай, заманауи әрі тәрбиелік мәні зор инновациялық шешім ұсынды.
«Squares.kz»
Осы күні той, тренинг, көрме, фототүсірілім секілді түрлі іс-шара ұйымдастыруға кең әрі ыңғайлы локация табу – оңай шаруа емес. Сағаттап іздейтін, телефонмен сан рет хабарласатын, бос күнді нақтылай алмай, ақыр соңында келісімге келе алмай қалатын кез көп. Осы олқылықтың орнын толықтыру мақсатында құрылған «Squares.kz» стартапы – дәл қазіргі нарыққа қажетті әрі сұранысқа ие жоба.
Жобаның негізін қалаушылар Қасым Қабылғали мен Даниил Мацкевичтің айтуынша, «Squares.kz»-тің басты ерекшелігі – платформаның пайдаланушыларға өте ыңғайлы әрі түсінікті болуында. Қандай да бір іс-шара ұйымдастырғысы келген адам осы жүйеге қонақтар санын, мерекенің қандай форматта өтетінін, басқа да ұсыныстарын енгізсе болғаны, «Squares.kz» дереу сұранысыңызға қарай бірнеше нұсқаны алдыңызға жайып салады. Әрі қарайғы таңдау жасап, брондау, төлем жасау секілді үдерістер де оңайлатылған. Бұрын мұндай іздеу жүйесі бірнеше сағатқа созылатын. Енді бәрі бір платформада шоғырланғандықтан, бүкіл үдеріс 5–10 минуттан аспайды.
Жобаның негізін қалаушы Қасым Қабылғалидің айтуынша, кез келген адам осы сайтқа кіріп, платформаның жаңа нұсқасын қолданып көре алады.
«Пайдаланушы локацияны брондап, сол жерге барды делік. Егер қызмет көрсету сапасына көңілі толмаса, тапсырыстан бас тартып, ақшасын қайтара алады. Сонымен қатар клиенттердің пікірі де ескеріледі. Мәселен, ең алғашқы жағымсыз пікір жазылған кезде ғимараттың рейтингі төмендейді. Сөйтіп, ол мекеме тізімнің ортасына қарай құлдилайды. Екінші кезеңде ең соңғы орынға жайғасады. Бұл жағдай үшінші рет қайталанса, ол орын платформадан мүлдем өшіріледі. Осылайша, біздің қосымшада үздік локациялар ғана іріктеліп қалады. Бұл жүйемен жұмыс істейтін елімізде бірен-cаран ғана бәсекелесіміз бар. Олар – әдетте «Olx» немесе «Крыша.kz» сияқты хабарландыру платформалары. Мұнда клиенттер ғимарат иесіне телефон соғып, «WhatsApp» арқылы фото жіберіп, сосын кездесіп, төлем жасап жатады. Бірақ бұл – ескірген модель», дейді Қасым Қабылғали.
Қазіргі таңда «Squares.kz» «Astana Hub» пен «Google for Startups» ұйымдастырған «Silkway Accelerator» бағдарламасының үшінші легіне қатысып, маркетинг, қаржы, клиентпен жұмыс сынды бағытта білімін тереңдетіп, жобаны жаңа деңгейге көтерген. Аталған платформа – нарықтағы олқылықты көріп, нақты сұранысқа сай құрылып отырған заманауи әрі өміршең жоба. Тек табыс табуды емес, қоғамның сұранысын өтеуді көздейтін мұндай стартаптар еліміздің цифрлық әлеуетін жаңа белеске көтерері анық.
«Zoob.kz»
Қажетті құрал-жабдықтар мен медициналық материалдарды сенімді көзден, қолайлы бағамен жылдам табу – еліміздегі стоматологиялық клиникалардың басты қиындығының бірі. Тауар тасымалдайтындарға қоңырау шалып, бағаларды салыстыруға, жабдықтардың сапасын анықтауға, келісімшарттарды рәсімдеуге біраз уақыт кетеді. Жақында осы мәселені шешу ниетімен «Zoob.kz» стартапы құрылған еді.
Жобаның негізін қалаушы – Мәди Ағатаев. Ол медицина саласында 10 жылдан астам еңбек еткен, 7 жыл бойы стоматология бағытында жұмыс істеген. Сонымен қатар стоматологиялық жабдықты жеткізетін оңтүстіккореялық компанияда біраз тәжірибе жинаған. Осылайша, саладағы кемшіліктерді көзімен көрген кәсіпкер нақты қажеттілікке сай өнім жасауды мақсат еткен. Соның нәтижесінде «Zoob.kz» жобасы дүниеге келді.
«Біз медициналық тауарлар нарығының ашық, қауіпсіз әрі толық заңды болуын қалаймыз. Себебі нарықтағы өнімдердің айтарлықтай бөлігі күмәнді. Тіпті кейбір жасанды тауарлар уәкілетті органдардан қаймықпай, ашық түрде саудаланып жатыр. Сондықтан біз заңды түрде тіркелмеген және сапасыз тауарлармен жұмыс істемейміз. Болашақта ел нарығын осындай күмәнді тауарлардан тазартуға бастамашы болғымыз келеді. Барлық стоматологиялық емхана тек сертификатталған өнімдерді сатып алуы керек деп есептейміз, ал науқастар тек жоғары сапалы әрі дәлелденген дәрілермен емделуге тиіс. Біздің миссиямыз осы», дейді Мәди Ағатаев.
Оның айтуынша, елімізде стоматологиялық емханаларға зат жеткізетіндер көп емес. Нарықта шамамен 100–150 компания бар. Бұл – күнделікті тұтыну нарығымен салыстырғанда өте аз көрсеткіш. Сала шағын болғанымен, сұраныс жоғары. Бірақ ең басты мәселе – қажетті затты жылдам әрі бір жерден сатып алу мүмкіндігінің жоқтығы. Ал «Zoob.kz» осы мәселені толық шешуге ұмтылып отыр.
Уақыт пен қаржыны үнемдеуді, сапа мен сенімділікті қалайтын стоматологтер үшін бұл – таптырмас құрал. Қазіргі таңда «Zoob.kz» елімізде сұранысқа ие болып келеді. Алдағы уақытта компания Өзбекстан мен Қырғызстан нарығына шығуды көздеп отыр.