Шаруашылық • Кеше

Ел ырысын еселеуге әзір

80 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы алдағы бес жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімін екі есе көбейту міндетін қойып отырғаны белгілі. Әрине, Президент айтқандай, еліміздің 10 жыл ішінде бидайды терең өңдеп, дайын өнім өндіретін және оны әлемдік нарыққа шығаратын ең үздік он елдің қатарына қосылуға мүмкіндігі бар.

Ел ырысын еселеуге әзір

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Былтыр облыс диқандары рекордтық мөлшерде астық жинап, айды аспанға шығарды. Бұл орайда олардың пікі­рінше мемлекеттік қолдаудың көмегі молынан тиген. Биыл сол жоғары қарқынды сақтап қалу, одан әрі дамыту міндеті жүк­теліп отыр. Мемлекеттік қолдау туралы айт­­қан­да «Кең дала-2» бағдарламасы ая­сында жеңіл­детілген несиенің өңір диқан­да­ры­на өткен жылдың қараша айынан бастап беріле бас­тағанына ерекше тоқталған жөн.

– Бұл – жағымды жаңалық, – дейді Зеренді ауданындағы «Құлан» шаруа қожалығының өкілі Құлан Болатов, – бұрын несие қолымызға кеш тиетін, қам­данып үлгере алмайтын едік. Жаз­дың қамын қыста жеп, материалдық-техникалық базамызды нығайтуға мол мүмкіндік туып отыр. Егіс жұмыстарына сапалы дайындалу үшін алдымен қолда бар техникамызды жөндеп алдық. Сапалы тұқымды да қарастырдық. Қажет болып қалуы мүмкін қосалқы бөлшектер қорын жасадық. Осының барлығы – несиенің ерте берілгенінен.

д

Бүгінде облыстың 600 фермері 66 млрд теңгенің жеңілдетілген несиесін алып үлгерген. Жалпы, облыс бойынша 94,7 млрд теңгеге өтініш түскен. Қазір қосымша қаражат қарастырылып жатыр. Таяуда өткен облыстық аграрлық кеңесте сөз сөйлеген Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов аграршыларды өнімділік пен тиімділікті арттыру үшін барлық қолжетімді тетікті пайдалануға шақырды.

– Былтыр басталған жеңіл­детілген несие беру көмегі биыл да жалғасын табады әрі көле­мі ұлғайтылды. Солтүстік өңір­дегі ахуал ауа райына тікелей тәуел­­ді. Бірақ өнім сапасына мей­­­­лінше мән берілуі керек. Аг­рар­­­лық несие корпорациясы, екін­­ші деңгейлі банктер, не­сие­лік серіктестіктер, өңірлік ин­вес­­ти­циялық орталықтар мен микро­­қар­жылық ұйымдар арқы­лы не­сие алуға әбден болады, – деді.

Вице-министрдің мәліметіне қара­ғанда, биыл ауыл шаруа­шы­лығы сала­сының еңбеккерлері үшін айта қалар­лықтай жаңалық бар. Жеңілдетілген лизинг арқы­лы қаржыландыру көлемі 200 млрд теңгеге дейін көбейген. Ал форвардтық сатып алу бағ­дарламасы бойынша 30 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген. Облыста көктемгі егіс науқанын ұйымшылдықпен ұйымдастыруға қажетті ресурс жеткілікті. Облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпанның айтуынша, биыл 5,4 млн гектар алқапқа дән сіңірілмек.

Өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға 200 млрд теңге бөлінді. Оның 63,3 млрд теңгесі субсидия болса, 140 млрд теңгеге жуығы – жеңілдетілген несие мен форвардтық сатып алу. Өнімділікті арттыру мақсатында егіс алқаптарына 336 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған. Өткен жылмен салыстырғанда тыңайтқыш енгізілген алқаптар көлемі 78 мың гектарға көбеймек. Күні бүгінге дейін 66,9 мың тонна тыңайтқыш алуға 226 келісім жасалды. Сапалы тұқыммен қамтамасыз ету бойынша да ауқымды жұмыс атқарылды. Қазір барлық техника дайын. Көктемгі егіс жұмысына 37 мың техника қатыстырылмақ.

 

Ақмола облысы