
Біреуге жай ғана көрме секілді көрінуі мүмкін, ал шын мәнінде, бұл – армандар алаңы. Астанада өткен «ENACTUS Kazakhstan National Expo 2025» – еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған мыңдаған жасқа кәсіпкерлікке қадам, өз идеясын әлемге көрсету мүмкіндігі болды.
Әлемнің 35 елінде жұмыс істейтін халықаралық бағдарлама 50 жыл бойы студенттік кәсіпкерлікті дамытып келеді. Жыл сайын бағдарламаға 1 800 университеттен 72 мыңнан аса жас қатысады. Осы уақытқа дейін ENACTUS аясында 4 мыңнан аса жоба жүзеге асырылған. Мақсаты – кәсіпкерлік арқылы қоғамды жақсы жағына өзгерту. Еліміз де – осы қозғалыстың белсенді мүшелерінің бірі.
Қатысушыларды құттықтаған Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев бұл бастаманың жастар әлеуетін арттырудағы маңызына тоқталды.
«30 жыл ішінде қозғалыс мыңдаған жасты біріктіріп, олардың көшбасшылық қабілетін ашуға, кәсіпкерлік әлеуетін жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Мемлекет ENACTUS қозғалысын жастардың мүмкіндігін ашуға, батыл идеяларын жүзеге асыруға және кәсіби мансабын сәтті бастауына жағдай жасауға бағытталған бастама ретінде қолдайды. Сіздер – жаңа буын өкілдері, еліміздегі инновациялардың қозғаушы күші болып, табысты стартаптар құрып, еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз етесіздер», деді Е.Көшербаев.
Биылғы ENACTUS көрмесіне тек университет студенттері емес, мектеп оқушылары мен колледж студенттері де жобаларын ұсынды. Арнайы мектепаралық чемпионат – «ENACTUS NextGen», колледждер арасындағы республикалық кубок, сондай-ақ 5-8-сынып оқушыларына арналған питчинг алаңы ұйымдастырылды.
Көрме кезінде бірнеше бағыт қатар жұмыс істеді: жастардың инновациялық жобалары таныстырылды, білім ұйымдары бағдарламаларын көрсетті, тұрақты даму мақсаттарына арналған форум өтті. Бұрын ENACTUS-та болған түлектер тәжірибелерімен бөліскен бизнес-сессиялар ұйымдастырылды.
Байқау жеңімпазы еліміздің атынан Таиландта өтетін «ENACTUS World Cup 2025» чемпионатына қатысады.
«Атамекен» ҰКП басшысы Райымбек Баталовтың айтуынша, жастарға мүмкіндік беру арқылы бүкіл қоғамды және экономиканы өзгертуге болады.
– Еліміз әлемде бірінші болып дәстүрлі студенттік бағдарламамен қатар ENACTUS мектеп бағдарламасын әзірлеуге кірісті. ENACTUS, бизнес және мемлекет арасындағы тиімді ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өткім келеді. Мұндай ынтымақтастықтың тек шағын бизнесті қолдау саласында ғана емес, сонымен қатар жаһандық мақсаттарда да болашағы зор. Бұл барлық тарапқа нақты пайда әкелетін бағыт, – деді Р.Баталов.