Архив • Бүгін, 10:30

Тарихи деректер – келешекке аманат

50 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елімізде «Батырларға тағзым» атты портал үздіксіз жұмыс істеп тұр. Онда Жеңіске өлшеусіз үлес қосқан отандастарымыздың ерлігі мен жанкештілігі туралы құнды ақпараттар жинақталып жатыр. Бір ерекшелігі, веб-порталға кез келген пайдаланушы өз туысқандары туралы деректерді енгізе алады.

Тарихи деректер – келешекке аманат

Суретті түсірген – Игорь БУРГАНДИНОВ

Екінші дүниежүзілік соғыс қаһармандарын ұлықтауға арналған бірегей бастама Ұлттық архивте өткен көрме барысында көпшілікке таныстырыл­ды. Іс-шара аясында порталдың мақсаты мен міндеті, оның құры­лымдық ерекшеліктері кеңі­нен түсіндірілді. Сондай-ақ қатысушылар назарына сайтта жинақталған құжаттар мен майдан даласынан жазылған хат­тардың түпнұсқасы ұсынылды. Арасында соғыс ардагерлері Кәри Абитов, Тәңірберген Қалилаханов, Хамит Ерғалиев, Мәлік Ғабдуллин және Ермекқали Серікбаевқа қатысты тың мұрағаттық материалдар да бар.

– Сайтты әзірлеу кезінде оның қолжетімділігі мен қол­дануға ың­ғайлылығына ерекше мән бердік. Кейде басқа сайттарға кірсеңіз, алдымен тіркелу керек, сосын түрлі қосымша сұраныстар, тіпті несие ұсыныстары шығып кетеді. Біз ондай қиындықтарды болдырмау­ға тырыстық – сайт қарапайым, түсінікті әрі тез жұмыс істейді. Онда әрбір пайдаланушы өзі­не қажет ақпаратты оңай таба алады және қажет болса, оны толықтырып, өзгеріс енгізе алады. Бұл өзгерістер тексерістен өткен соң жарияланады. Порталда ардагердің аты-жөні арқылы, пошта немесе әскери комиссариаттан, сондай-ақ шақырыл­ған уақытына қарай да іздеуге болады. Өтініштерге арналған Telegram ботты да іске қостық. Мұнда күн сайын орта есеппен 100-150 анкета түседі. Оны қарайтын сараптамалық комис­сия бар. Олар келіп түскен мә­ліметтерді мұқият қарап, ақпа­рат­тың дұрыстығын тексереді, грамматикалық қате­лерді түзе­теді. Содан кейін ғана ол мәлім­еттер сайтқа жарияланады. Жалпы, бұл жоба – барша отандық ардагерлерге көрсетілген құрмет әрі болашақ ұрпақтың жадында тарихи шындықтың мәңгі сақталуына жасалған маңызды қадам, – дейді Ұлттық архив Архивтік технологиялар мен цифрландыру бөлімінің басшысы Айдар Булашев.

Веб-портал – Мәдениет және ақпарат министрлігінің жобасы. Сайтта ардагерлерге және жобаға қатысты жаңалықтар мен оқиғалар тұрақты түрде жария­ланып тұрады. Қазірдің өзінде мұнда 678 мыңнан аса соғыс ардагері, оның ішінде 365 Кеңес Одағының батыры, 4 екі мәрте Кеңес Одағының батыры және 19 «Даңқ» орденінің толық кавалері және басқа да ержүрек жауынгер­лер туралы кең көлемді ақпарат жинақталған.

Құжаттық көрмеге соғыс арда­гер­­лерінің ұл-қыздары, белгілі қоғам және мемлекет қайрат­керлері, зиялы қауым өкіл­дері, сту­денттер мен оқушылар қатыс­ты. Іс-шараның басты мақ­саты – тарихи дата қарсаңында ел тағ­­ды­рын өз тағдырынан биік қоя біл­ген, ел тұғырын биік ету жо­лы­н­да ер­лікпен қаза тапқан батыр бабаларымыздың қаһар­мандықтарына тағзым ету әрі олардың есімін тағы бір мәрте жаңғырту.

– Ұлттық архив қорына әкем­нің құжаттарын тапсырдым. Мұра­лардың арасында әкемнің өмір мен өлім арасындағы жүрген дәптері бар. Мұны бала кезімізде көр­геніміз есімде. Латынша жазыл­ғандықтан оқи алмадық. Ертең­гі ұрпаққа мұра болсын деген ниетте, әкем қайтыс болған соң жазбаларын оқытып, кітап ретін­де шығарғанбыз. Жалпы, әр жаңа буын өз санасында, жүрегінде батырлардың есімін ұмытпай, қадірлей білуге тиіс. Бұл – біздің бүгінгі бейбіт күнімізге жол ашқан, тәуелсіз еліміздің іргесін қалаған ерлердің алдында борышы­мыз. Олардың ерлігі мен жан­­қияр­лығы мәңгі ұмытылмауы үшін біз оны насихаттап, келер ұрпақ­қа жеткізуге міндеттіміз, – дейді соғыс ардагері Әнуарбек Сү­йін­діко­в­тің баласы Қанат Сүйіндіков.