
«Жаһандану және өңірлену: жаңа геосаяси жағдайдағы Қазақстанның келешегі» тақырыбына арналған басқосуға Қолданбалы этносаяси зерттеулер институтының директоры Талғат Қалиев, Әлеуметтік инноваторлар қауымдастығының президенті, «GreenTAL» әлеуметтік жобасының негізін қалаушы Эмин Аскеров, «Қазақстан қоғамдық даму институты» КеАҚ басқарма төрағасы Нұрбек Матжани мен «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің Жас ғалымдар клубының тең төрағасы Олжас Бейсенбаев қатысты. Іс-шара IV Ұлттық құрылтайдың қорытындыларын талқылау аясында ұйымдастырылды.
– Жаһандану мен өңірлену бір-біріне қайшы ма, әлде қатар жүретін үдеріс пе? Әуелі осы сұрақтың мән-маңызын айқындап алу керек. Өйткені бұл үрдіс тек елімізге экономикалық не саяси тұрғыда ғана емес, ұлттық болмысымызға, жастардың құндылық бағдарына тікелей ықпал етеді. Бүгінде біз ашық цифрлы кеңістікте өмір сүріп жатырмыз. Мұндай ортада әр адам түрлі қысымға тап болуы мүмкін, себебі шынайы деректі жалғаннан, фактіні манипуляциядан ажырату қиындап барады. Сондықтан қазір ішкі саяси тұрақтылық пен этносаралық келісімді сақтау маңызды, – деді Т.Қалиев.
Бұл ойды Н.Матжани да қолдап, ел алдында ұлттық бірегейлікті сақтау, ақпараттық және идеологиялық егемендікті нығайта түсу міндеті тұрғанын, ұзақмерзімді даму стратегиясын дұрыс құру керек екенін айтты. Ал Олжас Бейсенбаев азаматтардың жаһандық сын-қатерге төтеп беру қабілетін арттыру қажет дейді.
– Бүгінде халықаралық саясат, жаһандық басқару мен әлемдік қатынастар жүйесі тек ғалымдардың емес, мемлекет қайраткерлері, дипломаттар мен жастар көшбасшыларының тікелей қызығушылығын арттырып отыр. Президент Ұлттық құрылтайда атап өткендей, ескі әлемдік тәртіп күйреп жатыр, жаңасы әлі айқын емес. Әлем көпполярлы ғана емес, көпөркениетті сипат алып келеді. Дәл қазіргі сәтте Азияға назар аудару өте маңызды. Азия экономикалық қана емес, зияткерлік орталыққа да айналып жатыр. «McKinsey» бағалауы бойынша, болашақтың ең ірі мегаполистері мен технологиялық көшбасшылары осы құрлықта болады. Сонымен қатар Шығыс халықаралық қатынастарға балама көзқарас ұсынып отыр. Еліміз үшін Шығыс елдерімен стратегиялық әріптестік – тек экономикалық әртараптандыру немесе инфрақұрылымдық даму емес. Бұл – технологиялық, гуманитарлық байланыстарды күшейту, қауіпсіздікке қатысты жаһандық сын-тегеуріндерге жауап беру. Зерттеулер жастардың ел болашағына сенімі жоғары екенін көрсетіп отыр. Демек жастар – өзгерістің тікелей қатысушысы болуға тиіс. Ол үшін мемлекет тарапынан жаңа тәсілдер қажет: тұлғалық дамытуға жағдай жасау, икемді дағдыларды ілгерілету мен жаһандық сын-қатерлерге төтеп беру қабілетін арттыру қажет, – деді Олжас Бейсенбаев.
Жиында Э.Аскеров әлеуметтік кәсіпкерлік – елдер арасындағы сенім мен ынтымақтастықты нығайтатын, жаһандық даму проблемаларын шешуге атсалысатын «жұмсақ күштің» құралы бола алатынын жеткізді.
– Қазір біз Орталық Азиядағы әлеуметтік кәсіпкерлер арасындағы серіктестікті дамытып жатырмыз. Бұл – аймақтық ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған нақты қадам. Әлеуметтік мәселелерді тек мемлекет шеше алмайды. Бұл жолда белсенді азаматтар, үкіметтік емес ұйымдар мен әлеуметтік кәсіпкерлердің рөлі өте зор. Қазіргі таңда әлемде 12,5 млн-ға жуық әлеуметтік кәсіпкер бар. Бұл – жаһандық әлеуметтік мәселелерді шешуге үлес қосып жатқан орасан күш. Жыл сайын әлем бойынша жеке қорлар әлеуметтік жобаларға 200 млрд доллар шамасында қаржы бөледі. Өкінішке қарай, бұл қаражаттың басым бөлігі Орталық Азияға жетпей қалып жатыр. Біздің міндетіміз – аймақта әлеуметтік кәсіпкерліктің дамуына лайықты экожүйе, мемлекеттік қолдау бар екенін әлемге көрсету және осы салаға инвестициялар тарту, – деді Эмин Аскеров.
Басқосу қорытындысында қатысушылар Ұлттық құрылтайда айтылған бастамалардың маңызын атап өтіп, оларды ел болашағы мен халықаралық беделін нығайтудың маңызды факторлары ретінде бағалады.