Үкімет • 15 Мамыр, 2025

Ғарышты игеру стратегиялық маңызға ие

50 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған депутаттар Ұлттық ғарыш орталығына барып, Ғарыш аппараттарын шығаратын Құрастыру-сынау кешенінің қызметімен танысты. Кездесуде аталған саланы дамытуға арналған жобаларды іске асыру, оларды дамыту келешегі талқыланды.

Ғарышты игеру стратегиялық маңызға ие

М.Әшімбаев атап өткендей, еліміз үшін ғарыш саласын дамыту мемлекеттің егемендігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы стратегиялық маңызға ие. Сондықтан Мемлекет басшысы бұл бағытқа үнемі баса мән беріп келеді.

Сенат төрағасы ғарыш саласын­дағы жұмысты жетілдіру үшін кадр тапшылығын шешуге, білім беру сапасын арттыруға, ұлттық спутниктік бағдарламаны дамытуға, жобаларды коммерцияландыруға және басқа да маңызды мәселелерге ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті.

Өз кезегінде, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев сенаторларға аталған саланы ілгерілету мақсатымен қолға алынған жұмыстар жөнінде айтып берді. Цифрлық даму, инновация­лар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Мәлік Олжабеков Ұлттық ғарыш орталығының ал­дағы кезеңге арналған жоспарлары мен жобаларына тоқталды.

Іс-шарада ЦДИАӨМ Аэроға­рыш комитетінің төрағасы Баубек Оралмағамбетов «Байқоңыр» ғарыш айлағының ұшыру қызметтері мен даму келешегі туралы баяндады. Сондай-ақ кездесу барысында Жерді қашықтықтан зондтаудың және спутниктік байланыс пен хабар таратудың ғарыштық жүйесіне қатысты мәселелер сөз болды.

Сонымен қатар депутаттар спутникті сынауға арнал­ған акустикалық камера, элект­ро­магниттік үйлесімділік камерасы, шағын және үлкен термовакуумдық камера сияқты ғарыш аппараттарын шығаратын Құрастыру-сынау кешенінің учаскелеріне барды және Жерді қашықтықтан зондтаудың спутник­тік топтамасы өндірісінің таныстырылымына қатысты.