
Кезекті отырыс барысында айыпталушылардың бірі — Нұрбол Тоқтаубаев — бұрынғы тергеу кезінде берген жауабынан бас тартты. Оның айтуынша, Талғардағы тергеу кезінде өзіне қысым көрсетіліп, күш қолданылған. Ол өзіне тағылған айыппен тек ішінара ғана келісетінін мәлімдеді.
Сот барысында куәгерлер түсірген бейнежазба ұсынылды. Онда қайғылы сәттердің нақты көріністері бейнеленген: көмек сұрап айқайлаған дауыстар, жедел-жәрдем шақыруға тырысқан адамдар, ал жерде жатқан Шерзат пен Нұрқанатқа Нұрбол Тоқтаубаевтың жүгіріп барып, аяусыз тепкен сәттері анық байқалады. Сонымен қатар, басқа айыпталушылардың да соққы жасап, мылтықпен ұрғаны көрініс тапты.
Осы оқиғадан кейін айыпталушының інісі Азамат Тоқтаубаев куәлік беріп, соттың сұрақтарына жауап берді. Сот отырысы барысында айыпталушылардың қорғаушылары істі қайта тергеу үшін прокуратураға қайтаруды сұрады. Алайда судья Ержан Жанұзақов бұл өтінішті қанағаттандырмады. Сонымен қатар, ол адвокаттарға үкім шыққанға дейін сот процесіне қандай да бір құқықтық баға беруге болмайтынын ескертті.
Бұл іс қоғам назарын өзіне аударған резонансты оқиғалардың бірі болып отыр. Сот процесі жалғасуда.