Қоғам • 16 Мамыр, 2025

Елшіл қайраткерді еске алды

90 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Мәжілісте көрнекті мемлекет қайраткері, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының төраға орынбасары Саттар Нұрмашұлы Имашевтің туғанына 100 жыл толуына арналған конференция өтті, деп жазады Egemen.kz.

Елшіл қайраткерді еске алды

Іс-шараға С.Имашевпен бірге еңбек еткен бұрынғы әріптестері, әр жылдардағы Парламент депутаттары, танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ мерейтой иесінің туыстары мен жақындары қатысты.

Конференция барысында қатысушылар С.Имашевтің саяси мұрасын, мемлекеттік құрылыстың, партиялық жүйенің дамуына қосқан үлесін, республиканың заңнамалық негізін қалыптастырудағы рөлін және оның қазіргі заман талаптары аясындағы маңыздылығын талқылап, естеліктерімен бөлісті.

Айта кетсек, Саттар Нұрмашұлы 1925 жылы қазіргі Атырау облысының Құрманғазы ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген. 1944-45 жылдары Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Одан кейін мемлекеттік қызметте еңбек етті. 1984 жылы 22 ақпанда Алматы қаласында қайтыс болды.

Жиында сөз алған Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов С.Имашевтің «Тұлға» деп атауға лайық азамат болғанын атап өтті. «Себебі,  осындай кісілер қай жерде қандай қызмет атқарса да, жауапкершілігімен адамгершілік, парасаттылық қасиеттерімен тарихта өзінің ізін қалдырады. Оның өмір жолы – заманның айнасы. Ол кеңестік Қазақстанның аяққа тұруына, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның негізі болған іргетасты қалыптастыруға зор үлес қосты» деді ол.

Еліне өлшеусіз еңбек еткен қайраткердің өзге де жетістіктерін еске салған депутат Алматы қаласындағы өзі тұрған үйде әлі күнге ескерткіш тақта орнатылмағанын қынжыла жеткізді. Мұндай ірі тұлғаның ұмытылып кетуіне жол бермеуіміз керек екенін айтты.

Конференция қорытындысы бойынша қатысушылар қарар қабылдады. Онда Үкіметке С.Имашевтің ғылыми және саяси мұрасын зерделеуді және насихаттау, ғылыми еңбектері мен ол туралы естеліктер жинағын, мұрағаттық құжаттар жинағын шығару, оның қызметі туралы материалдарды Қазақстан тарихы бойынша білім бағдарламасына енгізу, Атырау облысы Құрманғазы ауданындағы Бірлік ауылын С.Имашевтің есімімен қайта атау, Астана мен Алматы қалаларындағы бір-бір көшеге оның есімін беру, сондай-ақ осы қалалардағы бір-бір мектепке де есімін беру, еліміздің бірқатар университетінің тарих факультеті студенттері үшін С.Имашев атындағы мемлекеттік стипендияларды құру және Алматыдағы өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнату туралы ұсыныстар айтылған.