
Олимпиадаға тіркелу осы жылдың 13 қаңтарында басталып, іріктеу кезеңі 8 ақпан күні онлайн форматта өтті. Республиканың барлық өңірінен 9-11-сынып бойынша 5 мыңға жуық оқушы қатысты. Ал олимпиадаға 64 командадан құралған 192 оқушы жолдама алып, Астана қаласына келді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша қатысушылар «Пікірсайыс» турында ой бөлісу, дәлел келтіру және қарсы пікірге жауап беру арқылы пікірсайыс мәдениетін дамытып, «Тілшілер» кезеңінде эссе, мазмұндама және талдау жазу арқылы жазу мәдениеті мен ойды еркін жеткізу қабілетін көрсетті. Ал «Білімпаздар» бағытында ғылым мен білім тақырыбындағы 40 сұрақтан тұратын онлайн-викторинада қатысушылардың жылдамдығы мен алғырлығы сыналды.
Олимпиаданың бас жүлдесін Түркістан облысынан келген «Достық» командасы жеңіп алды. Сонымен қатар 11-сыныптың 8 үздік оқушысына еліміздің жетекші жоғары оқу орындары - Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (5 грант) және Narxoz университеті (3 грант), Coventry University (1 грант) білім гранттарын табысталды.
Бұдан бөлек, 5 команда - «Үздіктер», 10 команда - «Озаттар», 16 команда - «Мықтылар», 32 команда - «Белсенділер» аталымы бойынша марапатталды.
Қазылар алқасының құрамына филолог-ғалымдар, «Білім-Инновация» лицейлерінің мамандары, әдіскерлер, сондай-ақ танымал тілші-жазушылар енді.
«Бұл олимпиада - білімді қазақ тілінде алып жатқан балалардың арасында, қазақ тілі мен әдебиет пәніне ерекше ықыласы ауған, болашақ тілшілер, тарихшылар, жалпы еліміздің руханиятына, мәдениетіне еңбек ететін, бойында қабілеті бар балаларды іріктеп, соларға жол ашуға жасалған үлкен жоба. Қазақ тілін меңгеру деңгейін көтеру бағытындағы жұмысымыз тиісті сатыға жетпей, басқа саладағы тіл төңірегіндегі амалдарымыз көп нәтиже беруі екіталай. Сондықтан осы бағыттағы жүзеге асып жатқан іс-шаралардың бірі - еліміздің барлық аймақтарын қамтыған «Ана тілі» олимпиадасы», деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.
«Ана тілі» олимпиадасының басты мақсаты - қазақ тілін жастар арасында кеңінен насихаттау, оны ғылым мен білім тіліне бағыттау, сондай-ақ оқушылардың оқу сауаттылығы мен жазу мәдениетін арттыру.
«Осы бағытта Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мұғалімдерге тұрақты түрде әдістемелік қолдау көрсетіп, тіл жанашырларының форумдарын ұйымдастырып келеді. «Ана тілі» олимпиадасы қазақ тілін жетік меңгеруге ынталандыру арқылы оны жастар арасында брендке айналдыруды көздейді. Жоба алдағы жылдары да дәстүрлі түрде жалғасын табады», деді Рауан Кенжеханұлы.