Қоғам • Бүгін, 16:10

ТЖМ судағы қауіпсіздікті қатаң сақтауға шақырды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2025 жылғы 23 мамырда Орталық коммуникациялар қызметінде «Суға түсу маусымындағы қауіпсіздік шаралары» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

ТЖМ судағы қауіпсіздікті қатаң сақтауға шақырды

Іс-шара барысында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Ақылбек Ахметжанов мәлімдеме жасады.

Қазақстанда шомылу маусымы 1 маусымда ресми түрде басталады. Қазіргі таңда республика бойынша 698 шомылуға рұқсат етілген орын бар: олардың 458-і – жеке меншік жағажайлар, 227-сі – коммуналдық, ал 13-і – туризм мен спорт нысандарына тиесілі. Сонымен қатар, тағы 84 қауіпсіз суға түсу аймағын ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Барлық ақпараттар «2ГАЖ» қосымшасы арқылы қолжетімді.

Төтенше жағдайлар министрлігі орталық мемлекеттік органдар және жергілікті әкімдіктермен бірлесіп, шомылу маусымына алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізуде. Бұл кешенді шаралар су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

«Жүргізілген алдын алу шаралары нәтижесінде 2021–2024 жылдар аралығында суға батып қайтыс болғандар саны 51%-ға төмендеді. Тек өткен маусымда еліміздің су айдындарынан 258 адам, оның ішінде 66 бала құтқарылды», деді Ақылбек Ахметжанов.

Алайда, барлық алдын алу шараларына қарамастан, соңғы төрт жылда елімізде 843 адам, оның ішінде 260 бала суға кетіп, қайтыс болған.

Жыл басынан бері 11 562 балаға жүзу машықтары үйретілді. Бұл бағдарлама әрі қарай жалғасатын болады.

Профилактикалық шаралар аясында 191 мыңнан астам көрнекі материал (парақшалар, жадынамалар, брошюралар) таратылып, су айдындарына 181 қауіпсіздік белгілері орнатылды. Сонымен қатар, әкімдіктер балаларға арналған қауіпсіз жағажайлар ұйымдастыруда. Мұндай орындарда құтқарушылар балаларға жүзуді үйретеді.

Су айдындарындағы қауіпсіздікті бақылау үшін ТЖМ Ішкі істер және Көлік министрліктерімен бірлесе отырып, 20 мыңнан астам рейд және патруль жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 761 құқық бұзушы анықталып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 364 және 412-баптары бойынша жауапқа тартылды.

Қазіргі уақытта құтқару бөлімшелері ең белсенді пайдаланылатын 70 су айдыны учаскесінде жұмыс істеп жатыр. Бұл жерлерде кәсіби құтқарушылар кезекшілік атқаруда.

Сонымен қатар, жағажай иелері мен жергілікті әкімдіктер министрлікпен бірлесе отырып, жедел-құтқару бөлімшелерінде арнайы дайындықтан өткен 100-ден астам қоғамдық құтқарушыны дайындады.

ҚР ТЖМ барша азаматтарды судағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.