Қоғам • Кеше

Аида Балаева Meta өкілдерімен ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін талқылады

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мен Meta компаниясының мемлекеттік саясат жөніндегі директоры Сарим Әли Әзиз кездесті. Тараптар Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Аида Балаева Meta өкілдерімен ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін талқылады

 

Министр медиа кеңістікте, әсіресе әлеуметтік желілердегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі бірлескен жұмыс үшін алғыс білдіріп, корпорация басшылығынан бұл бағыттағы іс-шараларды күшейтуді сұрады.

2025 жылдың басынан бері ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің жүргізген мониторинг нәтижесінде ел заңнамасының 7 689 рет бұзылғаны анықталды. Анықталған құқық бұзушылықтардың ішінде Facebook желісіне – 3 027, ал Instagram платформасына – 4 662 жағдай тиесілі.

Сонымен қатар, министрлікпен тығыз ынтымақтастық орнатқан Meta компаниясы Facebook-тағы заңға қайшы контенттің 90%-ын, ал Instagram-дағы 51%-ын жойғаны атап өтілді.

Аида Балаева онлайн платформаларда жалған жарнаманың белсенді түрде көбейіп жатқанына ерекше алаңдаушылық білдірді.

«Мұндай тизерлік жарнаманың дереккөзі нақты көрсетілмейді, сондықтан оған дер кезінде ден қою мүмкін болмай тұр», деді министр.

Сондай-ақ, WhatsApp мессенджеріне де жеке тоқталып өтті. Бүгінде ол да алаяқтық және жалған ақпарат тарату құралына айналып отыр.

Аида Балаева Meta өкілдерінен аталған мәселелер бойынша техникалық шешімдер ұсынуды және платформалардағы контент модерациясын күшейтуді сұрады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар көрсетілген мәселелерді шешуге бағытталған арнайы жұмыс тобын құруға келісті. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Meta компаниясы Қазақстан ақпараттық кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдайтынын жеткізді.

Сонымен қатар, Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақстандықтарға интернеттегі сақтық шараларын сақтау қажеттігін ескертеді. Еш жерге жеке деректерді жарияламауға, ақпарат көздерін тексеруге, сенімді құпиясөздерді қолдануға, жіберілген хабарламаларға мұқият болуға және күмәнді әрекет туралы хабарлауға шақырады.