Тарих • 04 Маусым, 2025

Ешнәрсе кездейсоқ емес

140 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізге белгілі тұлғаларды елордада, Есілдің жағасында қыдырып жүргенде жиі кездестіремін. Көбі Еуразия ұлттық университетінің профессорлары. Бір қолында портфель, бір қолында газет. Сондай зиялылардың бірі – Жандарбек Мәлібекұлы. Бір күні Елтаңба авторынан басылым беттерін қалдырмай оқуының себебін сұрадық. Сөйтсек, оның өмірін кілт өзгерткен осы газет екен. Жә, басынан бастайықшы.

Ешнәрсе кездейсоқ емес

Суретті түсірген – Толғанай БАТЫРХАН, «EQ»

1992 жыл. Жаңа ғана тәуелсіздігін жариялаған еліміз еңсесін тіктеп, бет-бейнесін айқындайтын ресми рәміздерін іздеп жатқан кез еді. Қазақ жұрты тарих сахнасына өз туымен, өз таңбасымен шығуға бел буды. Осы шақта Жоғарғы Кеңес елтаңба жасауға ашық байқау жариялады. Бұл хабар талай суретшінің жүрегін дір еткізді. Әсіресе алыста жүрген азамат – Ташкенттегі Мемлекеттік жобалау институтында қызмет ететін сәулетші Жандарбек Мәлібеков үшін бұл үндеу – өмірлік миссиясымен үндескен шақыру еді. Байқау жарияланғанын оның қалай білгені де қызық.

«Қызмет істеп жүргенімде туған жерім – Қызылордадан қонақтар жиі келетін. Сондай күннің бірінде елден келген мейманым «Лениншіл жас» газетін қолыма ұстатты. Атажұрттың жаңалықтарын біліп отырсын деп әкелсе керек. Мен оны кейінірек оқимын деп қоя салдым. Бірақ дәл сол газетте өміріме үлкен бетбұрыс жасайтын ақпараттың жарияланғанын білген жоқпын. Күндердің күнінде жұмыстан қалт етіп қолым босап, есіме елден келген газет түсті. Ашып оқи бастадым. Айқарма беттегі тақырып жарқ ете қалды: «Қазақстан Республикасы өзінің Елтаңбасына конкурс жариялайды!» Бұл үлкен мүмкіндік екенін түсіндім. Аламанға ат қосу керектігін ұқтым. Сөйтіп, Елтаңба жобасын абыроймен жасап шықтық», деді абыз ақсақал. Сөйтіп, көзін алысқа жіберіп, бір тыныстап алды да әңгімесін әрі қарай жалғады:

«Мұндағы негізгі деталь – газет қой. Құдай біледі, сол газет қолыма жетпегенде, оны ықыласым ауып қайтадан оқымағанымда бұл тарихи оқиғаға қатыса алмайтын едім. Елтаңба басқа болар еді, мен де басқа болар ма едім... Сондықтан газет – мен үшін аса қастерлі дүние. Оны осы себепті қалдырмай оқимын. Әңгімелескен азаматтарға да осыны жиі айтамын. Өзге мемлекеттермен иық тірестіріп, қарқынды түрде алға жылжу үшін, тарихты біліп, болашақты бағамдау үшін – басылымды назарда ұстау қажет. Гаджеттер қанша дамыған заманда өмір сүрсек те, газет оқу – аристократиялық әдет болып қала бермек».

Міне, өзі айтқандай мырза көңілді, бекзат болмысты Жандарбек Мәлі­бекұлының аузынан естіген тағы­лымды әңгіме осы болды. Әр нәрсеге бір дүние себеп болады. Ешнәрсе кездейсоқ емес. Елтаңба авторымен сұхбат бізді осындай ойға қалдырды.

Соңғы жаңалықтар

Қайырымдылықтың сауабы мол

Қоғам • Бүгін, 11:30

Протездеудің шебері

Маман • Бүгін, 11:10

Керек дерек

Digital • Бүгін, 11:00

Қайта жаңартылған көпір

Аймақтар • Бүгін, 10:45

Абдолла ақын ұлықталды

Тағзым • Бүгін, 10:35

Қаламгердің көзілдірігі

Таным • Бүгін, 10:25

Өлең боп өмір кешкен

Руханият • Бүгін, 10:05

Алаш дәрігері

Тұлға • Бүгін, 09:55

Сенім һәм ұрпақ тәрбиесі

Пікір • Бүгін, 09:45

Нияз батыр

Зерде • Бүгін, 09:40

Қарақұрт қаптап кетті

Мәселе • Бүгін, 08:50

Туған жерге тірек болар жоба

Шаруашылық • Бүгін, 08:40

Ауадан бензин жасаған

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:30

Кездейсоқ жаңалық

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:20

Пойыздағы арпалыс

Театр • Бүгін, 08:15

Пайдалы пластик

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:03