
Мерекелік жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, жастар мен түрлі ұжым өкілдері қатысты.
Айтулы іс-шара дәстүрлі ту көтеру рәсімімен басталды. Сап түзеген сарбаздар еліміздің Көк туын, Елтаңбасын шерулете сахна төріне алып шықты. Қазақстанның мемлекеттік гимні ойнап, патриоттық әндерден шашу шашылды. Еліміздің көк туын қолдарына ұстаған жастар бойдағы патриоттық рухты тасытты.
Отставкідегі полковник, Қарулы күштер ардагерлері қоғамдық бірлестігінің филиал төрағасы, 10 қоғамдық бірлестік коалициясының төрағасы Серікбай Онбаев үшін Рәміздер мерекесі ерекше күн. Өйткені әскери адам үшін ту, байрақ әрқашан қасиетті ұғым саналады.
«4 маусым – еліміздің рәміздерінің күні. Бұл мерекені ерекше атап өтуіміз керек. Себебі ол халықтың патриоттық рухын көтереді. Туға құрмет әрдайым биік болу керек. Ол Отанды құрметтегеннің белгісі. Өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу парыз. Оны рәміздерді қастерлеуден бастау қажет. Жастарға рәміздерді қадірлеуді үйретсек отаншыл, ұлтжанды болып өседі. Бұл мереке бізге сол үшін керек. Қарулы күштер ардагерлерінің ұйымы, басқа да қоғамдық бірлестіктер жастардың патриоттық сана-сезімін өсіру мақсатында мектептерде көптеген тәрбиелік жиындар, кездесулер өткізеді. Оқушылармен сол кездесулерде елді қорғау ер азаматтардың Отан алдындағы борышы екенін айтамыз. Рәміздерге де құрмет не үшін ерекше болу керектігін түсіндіреміз. Қазіргі әлемде орын алып жатқан күрделі ахуалға қарай отырып жастарды өз елінің нағыз патриоты етіп тәрбиелеудің маңызы айрықша екені айқын көрініп отыр. Ал рәміздер күнін мерекелеу біз үшін сол патриоттық тәрбиенің қайнар бастауы» деді С.Онбаев.
Шымкент