Саясат • Кеше

Даудың басы – Дональд Трамптың доллары

30 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Илон Маск пен Дональд Трамп арасындағы дүрдараздық – ғаламтор бетіндегі ғайбат қана емес, саясат сахнасындағы айбат. Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледі. Сарапшылар қос алыптың қақтығысы ел экономикасы мен ұлттық қауіпсіздікке үлкен қауіп туғызып тұрғанын айтады, деп жазады Egemen.kz.

Даудың басы – Дональд Трамптың доллары

Егер екі тарап арасындағы байланыс одан әрі ушығатын болса, Трамп үкімет тетіктерін пайдаланып, Маскке қарсы шабуыл жасауы мүмкін екенін меңзеді. Ол тіпті SpaceX пен Tesla компанияларымен арадағы миллиардтаған долларлық мемлекеттік келісімшарттарды тоқтатуға дайын екенін ашық мәлімдеді.

Маск болса, жағдайды ушықтырмауға тырысып, X (бұрынғы Twitter) желісінде Трампқа бағытталған кейбір өткір жазбаларын өшіріп тастады. Алайда Трамп демалыс күні Маскке егер демократтарды қолдайтын болса, «салдары өте ауыр» болатынын ескертті. Маск әзірге мұндай қадамға баратынын мәлімдеген жоқ. Бірақ жаңа саяси партия құру ойы бар екенін тұспалдап отыр.

 

Үкіметке тәуелді миллиардер

The Washington Post басылымының зерттеуіне қарағанда, Маск пен оның компаниялары жылдар бойы АҚШ үкіметінен кемінде 38 миллиард доллар көлемінде келісімшарттар, жеңілдетілген несие, субсидия мен салықтық жеңілдіктер алған.

Осы мемлекеттік қолдаудың арқасында Илон Маск әлемдегі ең дәулетті адамға айналды. Алайда соңғы кикілжің оның байлығын 34 миллиард долларға қысқартты.

Tesla мен Маск бұл жайтқа қатысты түсініктеме берген жоқ.

Tesla компаниясы – Масктің басты табыс көзі. Бірақ соңғы кездері Масктің саясатпен тым әуестенуі, әсіресе DOGE қызметін басқаруы инвесторлардың наразылығын тудырып, компания акциялары 2025 жылдың басынан бері 20 пайыздан астамға құлдырады. Қақтығыс қызған бейсенбі күні акциялар тіпті күрт құлап, келесі күні сәл ғана қалпына келді.

Соңғы тоқсандағы табыс 71 пайызға кеміп, сатылымдарда да екі таңбалы пайыздық төмендеу тіркелді. JPMorgan сарапшыларының болжамынша, Трамп ұсынған жаңа салық саясаты жүзеге асса, электромобиль сатып алушылар үшін 7 500 долларлық салық жеңілдігі жойылып, Tesla-ның жылдық табысы 1,2 миллиард долларға азаюы мүмкін.

 

Бақылау мен тергеу қысымы

Бұдан бөлек, Tesla-ның жүргізушісіз көлік технологиясына қатысты бірнеше федералдық тергеу жұмысы жүріп жатыр. Көлік қауіпсіздігіне жауапты агенттік өткен айда Tesla-ға арнайы хат жолдап, роботакси жобасының қауіпсіздік шаралары туралы сұратқан. Бұл ретте билік Маскпен қарым-қатынас жақсарды дегенмен, бақылау тоқтамайтынын білдіріп отыр.

Маск қазір саясаттан біртіндеп алшақтап, бизнесіне қайта оралатынын айтып жүр. Осы аптада Остинде басталатын роботакси жобасына үлкен үміт артып отыр. X платформасында ол Tesla компаниясы Model Y маркалы автокөліктің автопилоттық нұсқасын сынақтан өткізіп жатқанын жазды.

Алайда акционерлер оның саясатпен шектен тыс әуестенуіне риза емес. Өткен аптада белсенді инвесторлар тобы Tesla директорлар кеңесіне хат жолдап, Масктің компанияға аптасына кемінде 40 сағатын бөлуін талап етті.

 

SpaceX-тің ғарышқа жолы Ақ үй шешіміне қарап тұр

Трамптың өткен бейсенбіде SpaceX-пен арадағы мемлекеттік келісімшарттарды тоқтатуы мүмкін екенін мәлімдеуі Вашингтонда үлкен дүмпу туғызды. Қазір NASA мен Пентагон SpaceX қызметіне қатты тәуелді. Бұл компания ғарышкерлерді Халықаралық ғарыш стансасына жеткізетін жалғыз құрал ретінде тіркелген. Сонымен қатар Пентагон мен барлау агенттіктері үшін де маңызды жерсеріктерді ұшырады.

Осы келісімдер арқасында Маск коммерциялық ғарыш нарығында үстемдікке жетті. Алайда ол әлі де мемлекеттік қаржыға қатты тәуелді. Tesla акцияларына иелік ететін инвестор Росс Гербердің пікірінше, егер SpaceX үкімет қаржысынан айырылса, компания құны екі есеге төмендеуі мүмкін.

 

Одақтан опа болмады

Биылға дейін Маск Трамптың ең сенімді серіктесі саналған. Ол DOGE қызметін басқарды, федералдық бюджет пен кадрларды қысқартуға көмектесті. Инвесторлар бұл одақ Tesla-ға қатысты тексерулерді тоқтатып, автономды көліктерге рұқсат алуға, сондай-ақ ғарыш саласындағы ірі келісімдерге жол ашуға көмектеседі деп үміттенді.

Бұл жағдай бұрынғы президент Джо Байденмен қарым-қатынасынан мүлде өзгеше еді. Байден әкімшілігі Tesla-ны Ақ үйдегі электромобильге арналған іс-шарадан да тыс қалдырған болатын. Ал Трамп болса, биыл наурызда Ақ үйдің алдында бес Tesla көлігін қойып, бірімен өзі жүріп көрген.

Алайда енді Маск Вашингтонда бұрынғысынан да қиын жағдайда қалуы мүмкін.

«Масктың орнына барып, қолынан телефонын тартып алатын адам бар ма өзі?» дейді Маскті бұрын қолдап, қазір сынаушылар қатарына өткен инвестор Росс Гербер. «Таңертең ояна салып, сені осы күнге жеткізген достарыңа қарсы пікір айтып отыруға болмайды» дейді ол.

Сонымен Маск пен Трамптың арақатынасы ушыққан сайын, бұл тек екі адамның ерегісі емес, бүкіл экономикалық жүйеге әсер ететін саяси құбылысқа айналып барады.  Екеуінің текетіресі АҚШ-тың саяси ұстынын ғана емес, әлемдік қаржы нарығын да теңселтуі мүмкін. Сол себепті сарапшылар бұл дауға бейжай қарауға болмайтынын ескертіп отыр.

Соңғы жаңалықтар

Қала қоқыс полигоны ма?

Экология • Кеше