
Мұнда тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 2,1 млрд теңгені құраған. Кәсіпорында 100-ге жуық жұмыс орны құрылып, өндірістік қуаттылық жылына 10 млн бірлікке дейін өнім шығаруға мүмкіндік береді. Зауыт өнімдері медицинаның әртүрлі бағыттарында — реанимация мен хирургиядан бастап неонатология мен педиатрияға дейін сұранысқа ие. «Бүкіл желі сертификатталған және ISO 13485 халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келеді» дейді мамандар.
Кәсіпорында жобалаудан бастап клиникалық сынақтарға дейінгі барлық өндірістік кезеңдер қамтылады. Жалпы ауданы 7 000 шаршы метр болатын аумақта заманауи өндірістік желілер, зертхана және қойма үй-жайлары орналасқан. Өндірістік үдерістерге экструзия, қысыммен құю, фрезерлеу, жинау, орау және H14 сыныпты таза өндіріс жағдайында стерильдеу кіреді.
Зауыт басшысы Бағлан Баккуловтың айтуынша, нарықта 30 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан компания бүгінде 169 түрлі өнім түрін ұсынады. Мұнда шығарылатын өнімдер 2670 медициналық ұйымға жеткізілмек. Сонымен қатар, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь, Иран және Ауғанстан елдеріне экспорт жүзеге асырылып жатыр.
Ашылу салтанаты аясында медицина ғылымдарының докторы, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы директорлар кеңесінің төрайымы Зауреш Аманжолова зауыт өнімдері бүгінде босану кезінде қолданылып жатқанын атап өтті. Атап айтқанда, кәсіпорын бұған дейін отандық нарықта қолжетімсіз болған жаңа туған сәбилерге арналған қысқыштарды өндіруді жолға қойған.