Жұмысшы мамандықтар жылы • Кеше

Мамандығын мақтан еткен жиын

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шелек политехникалық колледжінде жыл сайын 6 мамандық бойынша 400-ден аса студент білім алады. Биылғы Жұмысшы мамандықтар жылына орай колледж студенттері мен ұстаздары мамандықтарын мақтан еткен шеру ұйымдастырды. Бұл игі шараға еңбектің қара нарына айналған аға буын өкілдері қатысып, тағылымға толы тәжірибелерімен бөлісті.

Мамандығын мақтан еткен жиын

70 жылдық тарихы бар колледжден бастау алған саптық шеруде техника тізгіндеген студенттер мен оқытушылар көш бастап, ауылдық әкімдіктің алаңына дейінгі көшелермен жүріп өтті. Ондағы мақсат – кәсіптік мамандыққа деген қоғамның оң көзқарасын қалыптастырып, мәртебесін өсіру. Сонымен қатар іс-шара барысында арнайы мамандықтар көрмесі ұйымдастырылып, кәсіптік саланың қыр-сырына қанықтырды.

«Еңбекпен тапқан нан тәтті. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың осы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауы еңбек адамының беделімен қатар, құлшынысын арттырып отыр. Бүгінде дәнекерлеуші мен сантехник, электрик пен тракторшыларға сұраныс жоғары. Үйімізде су жарылып, жарық сөнсе, осы мамандарды шаммен іздеп кетеміз. Сондықтан жастарға жол сілтеп, мамандық таңдауына бағыт-бағдар беріп отырған колледж ұжымына алғысымыз зор», дейді Шелек ауылдық ардагерлер кеңесінің төр­ағасы Әбілбек Айтақынов.

Стратегиялық бағыт-бағдарында бел­­гіленген ­­­­«Worldskills» стандарттары бойынша білім беру бағдарламаларын енгізу, әлеуметтік әріптестікті кеңейту, оқу үрдісінің траекториясын қалыптастыру бо­йынша жұмыс берушілермен тығыз қа­рым-қатынас орнату, оқытушылар мен өндіріс­тік оқыту шеберлерінің біліктілігін артты­ру, сондай-ақ оқу-тәрбие үрдісін цифрлан­дыру сынды бірқатар игі бастама жолға қойы­­лып, оның алғашқы жетістіктері де жарқы­рай көріне бастаған.

«Колледж студенттері өндірістік тәжі­ри­беден өтіп, одан әрі жұмысқа орналасуын қамтамасыз ету үшін бірқатар еңбек ұжымдарымен, атап айтсақ, «Қазпошта», «Қазақтелеком», «Орман шаруашылығы» сынды ірі мекемелермен қатар, басқа да ­шаруа қожалықтарымен, жеке кәсіп иелері­мен әлеуметтік серіктестікті арттырып келе­міз. Биыл әлеуметтік серіктестіктер саны ­33-ке жетті. Соның ішінде «Жетісу вольфрам» зауыты бар. Екі жылдан бері сту­дент­тер­дің 30 пайызы, яғни газэлектрдәне­кер­леуші, электрмонтері, тракторист-машинист сынды мамандықты меңгеруші студент­тер өндірістік тәжірибеден өтеді. Студент­те­ріміз «Worldskills-2025» аймақтық чемпионатына қатысып, бес жүлделі орынды жеңіп алды. Бұл – үлкен жетістік», – деген колледж директоры Қуат Құрманғали­ұлы салтанатты іс-шара аясында бірқатар мекемелер басшыларымен өзара ынтымақтас­тық туралы меморандумға қол қойды.

Айта кетерлігі, 2021 жылы күрделі жөн­деуден өткен колледжде инфрақұрылым толықтай жаңарған. 240 орындық жатақха­на жарқырай жасалған. Аумағы толықтай абаттандырылып, көз тартарлық кейіпке ен­ген. Бұған қоса, колледждің материалдық-тех­никалық базасы нығайған, 2 оқу корпусы, 21 оқу кабинеті, 6 зертхана, 4 шеберхана, 2 ком­пьютерлік кабинет, 7 ин­терактивті тақ­та, 30 орындық кітапхана жабдықталып, заманауи аудио-бейне құ­ралдар орнатылған. Сол жылы «Жас маман» жобасы шеңберін­де «Автомобиль көлі­гіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану» мамандығы бойынша 277 млн теңгеге жуық сомаға заманауи жабдықтар жеткізіліп орнатылға­нын атау артық етпес. Нәтижесінде, еуропа­лық заманауи жабдықтар толық қолданыс­қа ен­гелі бері студенттердің техника жөндеу­ге қызығушылығы артып, кез келген авто­көлік бөлшектерін құрастыру мен жасаудағы шеберліктері шыңдалған.

Жері құнарлы Еңбекшіқазақ ауданы агроөнеркәсіп қарқынды дамыған. Осыған орай, аталған білім мекемесі ал­дағы уақыт­та ауыл шаруашылығына қатысты жаңа мамандықтар ашып, білікті жұмыс­шы­лар қатарын көбейтуге ниетті.

 

Алматы облысы