
Тагир 33 жаста. Ол Дағыстанның Қазбек ауданында туды. Ұлты – авар. Бозбала шағынан жауынгерлік самбомен шұғылданған Ұланбековтің әлем чемпионы деген атағы бар. Содан кейін аралас жекпе-жекке ден қойды. Атағы аңызға айналған бапкер Абдулманап Нұрмағомедовтың қол астында жаттығып, атақты Хабиб Нұрмағомедов пен Ислам Махачев және тағы басқа саңлақтармен бір залда дайындалады. Барлығы 19 рет октагонға шыққан Тагир соның 17-сінде жеңіске жетті. 10 бәсекеде айқын басымдық танытты. 2020 жылдан бері UFC-де өнер көрсетуде. Сол промоушендегі алты кездесудің бесеуінде жеңіске жетті. Атап айтсақ, бразилиялық Бруно Сильва (ұпай санымен) пен Алан Насименто (ұпай санымен), америкалық Нейти Маннис (қылқындыру әдісімен), Коди Дерден (қылқындыру әдісімен) және Клейтон Карпентер (ұпай санымен) ұтып, Тим Эллиотқа (ұпай санымен) есе жіберді. Қазіргі кезде Ұланбеков өз салмағы бойынша UFC рейтингінде 11 орында тұр.
Авар жігітінің жолы қазақтармен төрт мәрте қиысты. 2015 жылы Бабаюртте Нұртілек Қонашевтың қолына ауырту тәсілін қолданса, 2016 жылы Дондағы Ростовта Шыңғыс Қайрановты ұпай санымен еңсерді. 2017 жылы Махачкалада Асу Алмабаевты техникалық нокаутпен ұтты. Ал 2018 жылы Астанада Жалғас Жұмағұловтан жеңіліп, AMC Fight Nights Global нұсқасының чемпиондық атағынан айырылды. Сондай-ақ, 2019 жылы Ұланбеков Атырауда өткен турнирде Бразилияның файтері Денис Араужодан айласын асырып, «Gorilla Fighting Championship» промоушенінің алтын белбеуін жеңіп алды.
Азат Мақсұм өз карьерасын қазақтың төл өнері – жекпе-жектен бастады. 2017 жылы тұсаукесер кездесуін өткізді. 2023 жылға дейін 17 рет айқас алаңына шығып, барлық бәсекеде өз қарсыластарынан басым түсті. 12 айқасты мерзімінен бұрын аяқтады. Бірнеше промоушендердің чемпионы болды. 2023 жылы UFC-мен келсімшартқа отырды. Сол маусымда америкалық Тайсон Нэмді ұтты. Бірақ былтыр АҚШ-тың тағы бір өкілі Чарльз Джонсоннан ойда-жоқта жеңіліп қалды.