
Суретті түсірген – автор
Конференцияға Қазақстан мен Қырғызстанның академиялық ғылыми зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының тарихшы ғалымдары қатысты. Кейінгі кездері Кенесары Қасымұлының 1847 жылғы жорығына байланысты ақпарат құралдарында айтылып жүрген ұстанымдар төңірегінде пікір алмасқан ғалымдар сол кезеңнен жеткен деректерді саралап, мәселеге қатысты ортақ байламға келуге үн қосты. Тілінде, ділінде, тарихында ұқсастық бар бұл екі халық бір-біріне жоңғар шапқыншылығынан бастап, кеңестік кезеңге дейін арқа сүйеп келгенін айтқан Қырғызстан Президентінің кеңесшісі Арслан Қапайұлы Кенесары мен қырғыз манаптары арасындағы қайғылы қақтығыс сол күрделі заманның көрінісі екенін, түп-тегі бір ортақ жұрт тарихтан тағылым алып, татулықты тереңдетуге тиіс деген пікір білдірді.
«Әлеуметтік желідегі осы тақырыпқа қатысты алауыздық тудыратын арандатушылық екі ел достығына сызат түсірмеуі керек. Осыған байланысты Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров желіде қазақ пен қырғызды бірлікке шақырған жазба жариялағаны мәлім. Тарихтағы ауыр кезеңдерді саралай отырып, ынтымақ пен өзара түсіністікті арқау ету – достығымыздың көрінісі. Бүгінде мәдени, экономикалық байланыстар жаңғырып, ортақ жобалар жүзеге асып келеді. Осы үрдісті жалғастыруға ұйытқы болу зиялы қауымға жүктелетін жауапты міндет», деді Арслан Қапайұлы.
Екі ел ғалымдарын тарихты әділ таразылауға шақырған акдемик Мәмбет Қойгелді «XIX ғасырдың 40-жылдары Жетісуда қалыптасқан саяси жағдай» тақырыбында баяндама жасап, қазақ елінің тұтастығы мен саяси тәуелсіздігі үшін күрес жүргізген Кенесары ханның қырғыз еліне жасаған жорығын Нысанбай жыраудың «Кенесары-Наурызбай» дастанын талдай отырып сипаттады.
«Әлбетте, тарих үшін бүгінгі ұрпақ жауапты емес. Дегенмен әр мәселені тура айтуымыз керек. Кенесары – Ұлт-азаттық көтерілісінің бастауында тұрған үлкен қайраткер. Бір нәрсенің басы ашық: 1847 жылы қырғыз-қазақ шекарасындағы Кекілік Сеңгір атты жерде болған қайғылы оқиға он жылға (1837–1847) созылды. Отарлық тәуелділікке қарсы күресте ауызбірлікті туған елінен таба алмай, ендігі жағдайда оны туыс қырғыз елінен күтіп, қалыптасқан халықаралық жағдайға байланысты бұл үміті ақталмай, ашық шайқаста серіктерімен бірге ханның өзі де қаза тапты. Содан бергі уақыт туыс екі ел үшін Кекілік Сеңгір болып есте қалды. Бұл – тарихтың күрделі кезеңі. Сондықтан арада ғасырлар өткеннен кейін бұл жағдай көрші әрі туыс екі елдің өзара ауызбірлігі мен татулығына нұқсан келтірмеуі керек. Біз тарихты сөз жарыстыратын емес, ой жарастыратын, пікір таластыратын емес, табыстыратын тағылым ретінде қарауымыз қажет», деді Мәмбет Қойгелді.
Осы ойды қуаттаған Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетіне қарасты Тарих институтының профессоры Асан Ормушев «Қырғыз-қазақ мәдени мәмілелері» тақырыбында баяндама жасап, туыстық туын биік ұстау аса маңызды екеніне тоқталды.
«Шоқан Уәлиханов қырғыз мәдениетіне елеулі үлес қосты. Манасты алғаш ғылыми кеңістікке алып шығып, әлемге танылуына ықпал етті. Сол секілді Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматовтың рухани достығы – екі елдің мәдени байланыстарының шыңы. Манас туралы талас-тартыс болғанда Әуезов араша түсті. Сүйінбай, Қатаған, Тоқтоғұл, Жеңіжоқ, Жамбыл секілді жыр жампоздарының айтысы руханияттың ортақ мұрасына айналды. Қазақ пен қырғыздың ынтымағы ірі тұлғалардың тілектестігімен берік. Біз осыны ұмытпауға тиіспіз», деп атап өтті Асан Ормушев.
Қазақ пен қырғыз екі ұлт болғандықтан, олардың арасында кей кездері ұлттық мүдде қақтығыстары туындауы заңды. Мүдде қақтығыстары – ұлттар арасында ғана емес, бір ұлттың өз ішіндегі қоғамдық топтар арасында да үнемі болып тұратын құбылыс. Мұндай мәселелерге тарихи дәуірдегі жағдайды ескере отырып, неғұрлым объективті баға беріп, ғибратты тұжырымдама жасау маңызды. Осылай деген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы «Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының» директоры Нәбижан Мұқаметқанұлы XVIII ғасырдағы қазақ-қырғыз қатынастары мәселесіне шолу жасады.
«Қазақ пен қырғыз – туысқан халықтар, олардың шыққан тегі, географиялық ортасы, тарихи мәдениеті, өндіріс формасы, тұрмыстық ғұрып-әдеттері мен дүниетанымдары бір-біріне өте жақын. Ұлттарда ортақтықтар көп болса, олардың арасында жарасымды қатынас сақталатыны заңды. 1755 жылы мамырда Цин империясы 200 мың қалың қолмен жоңғарларға жорық жасап, Жоңғар хандығын жойып, елі мен жерін өзінің тікелей басқаруына алды. Сондай-ақ Орталық Азия елдеріне үлкен қауіп-қатер төндірді. Осы кезде Абылай хан қырғыз және басқа ортаазиялық елдермен Цин империясына қарсы одақ құруды қарастырды. Жоңғар князы Әмірсананың Цин патшалығына қарсы жасаған қарулы көтерілісі, Цин империясының қазақтарға саяси-әскери қысым жасауына мұрындық болды. Алайда бұл дағдарысты Абылай хан бейбіт жолмен шешіп, Цин патшалығымен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты. ХVIII ғасырдағы қазақ пен қырғыздың саяси қарым-қатынастары екі түрлі болған: сыртқы жау қауіп-қатер төндірген кезде, олар бірлесіп, одақтасып ортақ жауға қарсы күрес жүргізді; ал ұлттық мүдделері қарама-қарсы келген кезде, олардың арасында қақтығыс орын алып отырды. Алайда олар туысқан ұлттар болғандықтан бір-біріне тым қатыгездік жасамады, келісімге келіп, жарасымды қатынас сақтады», дейді Н.Мұқаметқанұлы.
Кеңес одағы ыдырап, оның құрамында болған қазақ пен қырғыз елі өз тәуелсіздігін алғаннан кейін ғана ұлт зиялыларының қызметі концептуалдық тұрғыдан қайта қорытылып, жаңа көзқарастар тұрғысынан зерттеле бастағаны белгілі. Сондықтан қазақ және қырғыз қайраткерлерінің өткен ғасырдың басында бірлесіп атқарған қызметіне әділ тарихи баға берілуі керек деген Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарихшы Шәмек Тілеубаев баяндамасын осы бағытқа арнады.
«Қазақ зиялылары Ыбырайым Жайнақов, Қайсерке Тоқсанбаев, Иса Тергеусізов, Әубәкір Жақыпбаев, қырғыз зиялылары Дүр Саурамбаев, Ишанғали Арабаев, Қасымбай Телтаев, Жәнек Солтонаев, Мәмбетәлі Мұраталиндердің атқарған қызметіне әділ тарихи баға берілуі керек. Олар елдің болашағы мен ұлттың бірегейлігін сақтау жолында ерекше қызмет атқарды, Алаш қозғалысына белсенді атсалысты. Өзінің азаматтық және саяси ұстанымын айқын да анық көрсеткен қазақ және қырғыз зиялыларының ХХ ғасырдың басындағы ағартушылық және қоғамдық-саяси қызметі терең зерделеуді қажет етеді. Мысалы, 1910 жылы 21 қазанда Жетісу өңірінің қазақ және қырғыз зиялылары мен ауқатты топ өкілдері жасырын жиын өткізген. Бұл жиын орыс әскерлерінің қоқандықтармен Ұзынағаш түбінде болған шайқастағы жеңісінің 50 жылдығын Ресей империясының жергілікті әкімшілік орындарының «салтанатты» түрде атап өтуі кезінде ұйымдастырылған еді. Осы салтанатты атап өтуге орыс халқының өкілдерінен басқа облыстағы қазақ және қырғыз халықтарының би-болыстары, манаптары мен атақты адамдары да шақырылған еді. Сол жиын кезінде Жетісу өңірінің зиялылары Барлыбек Сыртанов пен Ыбырайым Жайнақов, Верный уезі Шамалған болысының басқарушысы Мәнке Смаилов, сондай-ақ бұрын болыс болған, би Бекболат Әшекеев, Пішпек уезі Тынай болыстығының болысы, қырғыз зиялысы Дүр Саурамбаев, белгілі қырғыз манабы Шабдан Жантаев және т.б. белсенді азаматтар жасырын түрде жиын өткізуді ұйымдастырған-ды. Ұзынағаш съезі атанған қазақтар мен қырғыздардың 50 шақты өкілі қатысқан бұл жиын 21 қазан күні кешкісін Казанско-Богородский (Ұзынағаш) селосында өтеді. Онда қазақ-қырғыздардың отарлық саясат нәтижесінде бастан кешіп отырған тауқыметі талқыланып, жергілікті әкімшілік орындары тарапынан қазақ пен қырғызға жасалып жатқан қысымға орталық билік орындарының назарын бұру үшін Санкт-Петербургке арнайы өкіл жіберу мәселесі қаралады. Көпшіліктің ұсынысы бойынша Петербургке жіберілетін өкіл ретінде қазақ зиялысы Барлыбек Сыртанов, онымен бірге қырғыз зиялысы Дүр Саурамбаев белгіленеді. Сондай-ақ съездің кезінде Б.Сыртановтың Петербургке баруы үшін деп 500 сом ақша жиналды. Мұндай қаржы съездің ұйғарымы бойынша облыстағы уездерден де жиналатын болып келісілген», деді өз баяндамасында Шәмек Тілеубаев.
Ғылыми басқосуда көпшілік назарына ұсынылған негізгі баяндаманың бірі «Кенесары ханның соңғы шайқасы: барысы мен салдары» деп аталды. Баяндама авторы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері, тарихшы Рашид Оразов Кенесары ханның қырғыз жасақтарымен қақтығысы қарсаңында Жетісуда қалыптасқан саяси жағдай хан қолының пайдасы жағында болмағанын тілге тиек етті.
«Ресейдің Батыс Сібір әкімшілік орындары жергілікті Ұлы жүз басшыларын Кенесары хан ұстанымын қолдамауға иландырып үлгерген еді. Сондай-ақ ішкі ауызбірлігі және Ресей экспансиясына қарсы қоярлық нақты күші жоқ қазақ қоғамы үшін басқа балама жол да жоқ-тын. Қалыптасқан объективті жағдай азатшыл ұстанымдағы Кене хан мен оның қосынын қайшылықты да күрделі жағдайға әкеліп тіреді. Бұған қосымша қырғыз елінің іргесіне келіп тоқтаған Кене хан көрші әрі туыс халықтың билеушілеріне сырттан төнген қауіпке қарсы одақ құруды ұсынды. Тура осы мезгілде қырғыз билеушілеріне Батыс Сібір әкімшілігі тарапынан да ұсыныс түсіп, онда Кенесарыға соққы беру жөнінде айтылып, қажет болса әскери көмек беруге даяр екенін білдіреді. Қырғыз манаптары Ресей әкімшілігі тарапынан айтылған ұсынысты қабыл алады. Кенесары ханның қырғызға жасаған шабуылы, 1847 жылы болған қазасы қазіргі қазақ пен қырғыздың бауырлас қатынасына ешқандай сызат түсіре алмайды. Ол кездегі заман, жағдай басқа. Патша өкіметіне, оның қазақ жерінде жүргізген өктем саясатына қарсы тұрған Кенесары бейнесі еш төмендемейді», деді Рашид Оразов.
Қазақ халқы 1916–1917 жылдары қырғыздар бастан өткерген үркіншілік тұсында, қырғыз халқы Қазақстандағы 1931–1933 жылдардағы ашаршылық кезінде ауызбірлік пен татулықтың үлгісін көрсетіп, кейінгі ұрпаққа терең мағыналы үлгі қалдырғанын мәлімдеген Ж.Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің профессоры, тарихшы Тыныштықбек Чоротегин екі ел тарихшылары қазақ-қырғыз қатынасы тарихының мәселелерін талқылау барысында жүзеге асырылуы қажет келесі іс-шараларды мақұлдағанын жеткізді. Олар: қазақ және қырғыз халықтарының ертеден келе жатқан әлеуметтік, мәдени байланыстарынан, достық, бауырластық қатынасынан тарихи сабақ алу, екі елдің ынтымақтастығы мен достық қарым-қатынастарын дұрыс насихаттау, тарих жазуда, академиялық басылымдар мен оқулықтар жазуда белгілі бір мәселелер бойынша ортақ дұрыс ұстаным қалыптастыру, жаңа архив мәліметтерін іздестіру, анықтау, жинақтау және жариялау арқылы қазақ және қырғыз халықтарының тарихы мен мәдениетіне қатысты, көрнекті тұлғаларының өмірі мен қызметі туралы зерттеушілерге тарихи деректерінің кеңеюіне ықпал ету, ортақ тарихи тақырыптарға байланысты ғылыми зерттеулер жүргізу және дұрыс ғылыми еңбектер жариялау, бірлескен ғылыми шаралар өткізу секілді маңызды міндеттерді қамтиды.
БІШКЕК