«Көрме» орталығында шаһардың азық-түлік, фармацевтика, машина жасау, химия, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы және басқа да салалар бойынша өнім шығаратын компаниялар өнімдерін келушілер назарына ұсынды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша Шымкентте экономикалық белсенділік артып, кәсіпкерлік жыл өткен сайын дамып келеді. Осыған орай көрме-байқау жергілікті кәсіпкерлерді насихаттау, олардың сапалы өнімдерін халыққа таныстыруды мақсат тұтты. Қос байқауға жүзден астам кәсіпкер қатысты. Арасында ірі, орта және шағын бизнес өкілдері де бар. Тәуелсіз сарапшылар солардың арасынан үздіктерін анықтап алды. Енді олар әрі қарай республикалық байқауда бақ сынайды.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысқандар да өнімдерін көрмеге қойды. Байқау нәтижесінде қырықтан астам тауар өндірушінің арасынан 10 үздік жеке кәсіпкер іріктеліп алынды.
Айта кету керек «Бір ауыл – бір өнім» жобасы жергілікті өнімнің бірегей түрлерін шығаратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді көздейді. Бұл бойынша кәсіпкерлерді оқыту мен консультациялық сүйемелдеу қарастырылған. Яғни жобаға қатысушылар жергілікті брендтерді қалыптастырамыз десе оларға нақты көмектер беріледі. Сонымен бірге республикалық, халықаралық нарықтарға шығу үшін де қолдаулар көрсетіледі.
Конкурсқа түскендердің өнімі сапа мен бәсекеге қабілеттілігі жағынан бағаланды.
Сонымен, тәуелсіз сарапшы-аудиторлар, бизнес-қауымдастықтар, салалық қоғамдық бірлестіктер мен жергілікті деңгейдегі мемлекеттік орган өкілдерінен құралған сараптамалық комиссия үш номинация бойынша конкурс жеңімпаздарын анықтады. Атап айтқанда «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинациясына – «Мир KDM тігін әлемі», «Sagitex» пен «Бал Текстиль» серіктестіктері лайық деп танылды. Ал «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» аталымын «QazAlPack», «Asia Trafo», «Karlskrona LC AB» компаниялары жеңіп алды. Сондай-ақ «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясы «Алан и Компания», «Фиркан», «Сайрам нан» кәіпорындарына табысталды.
Барлық жеңімпаздар Астана қаласында өтетін «Қазақстанның үздік тауары – 2025» республикалық байқауына қатыса алады.
Іс-шара соңы өнерпаздар ұжымы дайындаған мерекелік концертке ұласты.
Шымкент