
Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен алғаш рет түңлігі түрілген сайысқа 100-ден аса әуесқой спортшы-журналистер қатысты. «Alpha Gym» спорт кешеніндегі бәсекеде қаламгерлер ләңгі тебу, бес асық, асық ату, волейбол бойынша сайысты.
Ләңгі тебуде «Хабар» агенттігінің өкілі Мақсат Серікжанов 83 ұпаймен жеңіске жетті. Күміс жүлде 79 ұпай жинаған «Qazaq radiosy» журналисі Мұқтар Тұртайұлына бұйырса, «Хабар» агенттігінінің тағы бір қызметкері Мұхаммеджан Теміров (69 ұпай) қола жүлдегер атанды.
Бес асықта «РТРК Қазақстан» редакторы Нұрғайша Әбдуахит топ жарса, күміс жүлде Таңшолпан Рыскелдинаға (Спорттық медициналық орталығы), қола медаль Айнұр Умралиноваға (№10 шайбалы хоккей спорт мектебі) бұйырды.
Асық ату командалық сайыс ережесімен өтіп, «РТРК Қазақстан» АҚ бірінші орынды қанжығаларына байлады. «Qazaq radiosy» мен «Хабар» агенттігі үздіктер қатарынан көрінді.
Жыл сайын «BAQ Liga» додасында жүлдегер қатарынан табылатын хабарлық волейболшылар финалда «Qazaq radiosy» ұжымын 2:0 есебімен айқын жеңіп, алтын медаль иеленді. Қола жүлде үшін өткен кездесуде «Egemen Qazaqstan» газетінің командасы Астана қалалық спорт басқармасынан жасақталған «Тарлан» командасынан басым түсті. «Үздік шабуылшы» аталымы бойынша арнайы сыйлық Жамбыл Жанболатқа («Qazaq radiosy») берілді. Баян Сүлейменқызы («Egemen Qazaqstan») «Үздік үйлестіруші», Есенғазы Иманғазы («Хабар») «Үздік ойыншы», Даяна Тоқтағұлова «Үздік қорғаушы» (РСК) атанды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер кубок, медаль, диплом, бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Спартакиада соңында сөз алған Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Азамат Ағзамов, елорда коммуникациялар қызметінің басшысы Абзал Досыман, қалалық спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының басшысы Азамат Белгібаев игі іс-шара жыл сайын жалғасын табатынын айтып, саламатты өмір салтын ұстануға мұндай сайыстардың тигізер септігі мол екенін жеткізді.