Сұхбат • Бүгін, 09:50

Ақнұр Иманқұл: Отбасы құндылығы қашанда маңызды

40 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Отбасы қашанда әлеуметтік маңызды институт саналады. Елімізде отбасылық-демографиялық саясатты нығайту мақсатында түрлі әлеуметтанулық зерттеу жүргізіледі. Шаңырақтың шайқалмауы, керегенің сетінемеуі – отбасы құндылығының басты нышаны. Қазақстан қоғамдық даму институты Отбасы және гендерлік саясат саласындағы зерттеулер орталығының сарапшысы Ақнұр Иманқұлмен сұхбатымыз осы тақырып төңі­регінде өрбіді.

Ақнұр Иманқұл: Отбасы құндылығы қашанда маңызды

– Ұлт болып ұйысу, мемлекет болып іргемізді нығайту­дың алғышарты отбасы ынты­ма­ғынан бастау алатыны заң­дылық. Елдіктің нышаны саналар отбасы құндылығын жас ұрпақ санасына сіңіруде нені қаперден шығармаған жөн?

– Жастар ғылыми зерттеу орталығының мәліметінше, отбасы – жастар үшін ең маңызды құн­ды­лық. Әлеуметтанулық зерттеу­ге қатысып, сауална­ма­ға жа­уап қатқан жастардың 80,1%-ы отба­сын өздерінің бас­ты құндылығы деп белгілеген. Қуанарлығы, бұл көрсеткіш 2017 жылдан бері сақталып отыр. Демек отбасын құруды, ата-ана атануды зор жауапкершілік еке­нін тереңдей түйсінетіндер­дің шоғыры қалыңдап келеді. Десе де неке қарым-қатынасы, ұстаным, шешім қабылдау түсінігі де өзгеріп барады. 2014 жылға дейінгі шаңырақ құру жасы мен 2024 жылғы жағдайды салыстырғанда некеге тұру жасы артып, ерлердің некеге тұру жасы 0,8-ге ұлғайған. Бұл сырт көзге соншалықты көп көрінбегенімен, динамикалық өлшеммен алғанда айтарлық­тай алшақтық саналады. Әйел­дер санатында да динамика бар, босаға аттап, келін атану жасы да 0,6-ға ұлғайған. Сонымен қатар әйелдердің құрсақ көтеріп, өмірге нәресте әкелу жасы да арт­ты. Жастардың неке қиюға, ата-ана болуға салмақты қарап, жауапкершілікпен қабылдауын жетістік деп бағамдау қажет. Кейінгі жылдары ажырасу деңгейінің төмендегендігі де қуантады.

– Жастардың отбасын құ­рып, шаңырақ көтеру жауап­кершілігін жоспармен, дайын­дықпен жүзеге асыруы өзінің тиімділігін көрсете ме?

– Әлемдік зерттеулердің тү­йіні, басқа да сауалнамалар­дың қоры­тындысы айғақтағандай, ажы­расуға әкеліп соғатын бір­ден-бір себеп – әлеуметтік-эко­но­микалық мәселе. Жас отба­сы­­лар­дың шаңырақ көтер­генде же­ке баспанасының болмауы, бас­қа да әлеуметтік түйткілдер ер­лі-зайыпты жас отбасының екіге жарылуына әкеліп соға­ды. Ілгеріде біз халық арасында мемлекет ең алдымен қай шаруаны шешуі керек деген сауал жолдағанда, рес­понденттердің басым көп­­шілігі бірінші кезекте тұрғын үй түйткілі шешіл­се деген пікір айтты. Екінші тұрақ­ты жұмыс орындары көп­­теп ашылып, «екі қолға бір күрек ­табылса» деді.

– Ұрпақ сабақтастығы, ата-ана мен балаларының ара­сындағы қарым-қатынас, жа­қын­дық алшақтап бара жат­қан жоқ па? Өйткені баланы бүгінде смартфон «тәр­биелейтіні» белгілі.

– Ата-ана мен баланың қа­рым-қатынасы, өзара байланысы жайында айтылғанда жұ­мыс­басты азаматтардың мәсе­лесі күрделірек. Себебі ұзақ­ты күн жұ­мыста жүреді, үйге кел­геннен кейін де баласымен шүйіркелесу­ге уақыты бола қой­майды. Бала­ңыз үшін алдымен неге алаңдай­сыз деген сауал­нама жүргізгенде, көзіміздің жет­кені: ата-аналар­­дың басым бөлігі балалары­­ның виртуалды ойындарға бай­ла­нуына, смартфонды жиі көруі­не қатысты алаңдайды. Жұмыс істейтін ата-ана­лар көбінесе үйде баланы жалғыз қалдырғанда ұялы теле­фон­ның серік болуы, виртуалды әлемге тәуелділігі тәрбиеге кері әсерін де тигізетінін айтты.

– Қоғамда вандализм, қа­рақ­шылық, тонау фактілері де ұшы­­расып жатады. Мем­лекет ұғы­мы отбасынан басталатынын біз жеткілікті түсіндіріп жүр­міз бе?

– Нарық қоғамының талабынан да шығар, ата-ана баласын ең алдымен табыс табуға үй­ретеді. Адамгершілік қасиет­тер, обал-сауап, айналаңа құрмет деген түсінік кейінге ысырыла береді. Меніңше, балаға ата-ана нені үйретіп, көрсетеді, қоғам алдына шыққанда бала соны қайталайды. Жасыратыны жоқ, көбінесе отансүйгіштік, елге, жерге деген құрметті мектепте үйретуі керек деген қасаң түсінік қалыптасқан. Мемлекеттің мүлкі – сенің де жауапкершілігіңдегі дүние дегенді үйде ата-ана да баласына түсіндіруі керек.

 

Әңгімелескен –

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»