
Құрылыс саласындағы басты бағыт – тұрғын үй құрылысы. Қаңтар мен мамыр айлары аралығында 179,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл шамамен 1810 жаңа пәтер. Қостанай қаласы мен Рудныйда, сондай-ақ Қостанай ауданына қарасты аумақтағы «Астана» және «Бәйтерек» шағын аудандарында құрылыс қарқыны жоғары. Жалпы алғанда, бұл шағын аудандарда 150-ден астам тұрғын үй мен әлеуметтік инфрақұрылым нысандары бой көтермек.
Өңір басшысы отырыста елді мекендердегі тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру қажеттігін атап өтіп, аумақтарды кешенді түрде абаттандыруды тапсырды.
«Үй салған кезде аумақты абаттандыруға ерекше мән беру керек. Балалар және спорт алаңдары тек сапалы материалдардан жасалып, барлық құрылымдар берік орнатылуы тиіс. Мен құрылыс алаңдарын жеке өзім аралап жүрмін, аудан әкімдеріне бұл жұмысты қатаң бақылауға алуды тапсырдым. Қоғамдық бақылау – ең тиімді тәсіл», деді Құмар Ақсақалов.
Қостанай облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да қатар жүргізіліп жатыр. Қазірдің өзінде бірнеше мектеп, емхана, балабақша және спорт нысандары іске қосылды. Жыл соңына дейін ауылдық жерлерде тағы 15 жаңа әлеуметтік нысан пайдалануға берілмек.
Инженерлік инфрақұрылымға да ерекше көңіл бөлініп келеді. Атап айтқанда, Құнай, Береке, Астана және Бәйтерек шағын аудандарында су, жарық, жылу жүйелерін тартуға 8,7 млрд теңге бөлінген. Сонымен бірге құрылыс материалдары өндірісі де қарқын алып отыр: биылғы бес айда бұл салада 18,5 млрд теңгенің өнімі шығарылған.
Жиын барысында ТОО «My Eco House» директоры Нұржан Батталов экологиялық және үнемді СИП-панельдерден үй салу жобасын таныстырды. Оның айтуынша, 180 шаршы метрлік үйді небәрі 10 күнде құрастырып шығуға болады.
Сонымен қатар тұрғын үйге мұқтаж жандар үшін облыста электронды кезек жүйесі енгізіліп жатыр. «Отбасы банк» базасында іске қосылған бұл жүйе арқылы тұрғындар жеңілдетілген ипотека мен жалдамалы пәтер бағдарламаларына қатыса алады. 2025 жылғы мамыр айының соңына дейін бұл жүйеде 149 мыңнан астам өтінім тіркелген.
Облыс әкімі Кумар Ақсақаловтың айтуынша, өңірдегі барлық бастама мен жұмыс азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.