
Мектептің ішкі инфрақұрылымы қазіргі заман талаптарына сай жабдықталған. Білім ордасында пәндік кабинеттермен қатар STEM және роботтехника сыныптары, инклюзивті білім беру орталығы, кітапхана, шеберхана, спорт және акт залы, кең асхана мен мәжіліс залы қарастырылған.
Еңселі білім ордасының ашылу салтанатында Алматы облысының әкімінің орынбасары Болат Күреңбеков тұрғындарды қуаныштарымен құттықтап, бұл нысанның өңірдегі өзекті әлеуметтік мәселенің шешіміне айналғанын айтты.
«Бұл білім ордасы – Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» жобасы аясында бой көтерген алғашқы заманауи мектептердің бірі. Мемлекет басшысының «Біз Қазақстандағы барлық баланың бақытты болашағын қамтамасыз етуіміз керек» деген сөзі бүгінгі істің мән-маңызын аша түседі», деді ол.
Бүгінде халық саны 15 мыңнан асатын Жаңалық ауылында 5 шағын аудан бар. Осы ауылдар бойынша 2 мыңға жуық бала №37 орта мектепте үш ауысыммен білім алып келген. Олардың жартысына жуығы жаңа құрылыстан тасымалданып оқытылатын. Енді заманауи жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгеніне балалармен қатар, ата-аналар да шат-шадыман болып отыр.
«Ауылымызда көпбалалы отбасылар өте көп. Осыған дейін үш ауысымда тасымалмен оқып келді. Балаларымыз сабаққа барып келгенше алаңдап отырамыз. Жаңа мектептің ашылуын асыға күттік. Барлық стандартқа сай салынғанына, ең бастысы балаларымыздың білім алуына қызығушылығын арттыратын материалдық базамен жабдықталғанына қатты қуанып отырмыз. Менің 5 балам бар, 4-уі мектепте, үздік оқиды», дейді көпбалалы ана Шолпан Үмбетбаева.
Өткен жылы өңірде 9 жаңа мектеп қолданысқа берілсе, биыл тағы 17 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл бағытта мемлекет-жекеменшік әріптестік тетіктері қолданылып, жеке инвестициялар да тартылып отыр.
Нәтижелерге қол жеткізуде жергілікті атқарушы органдармен қатар, партиялық бақылау мен саяси қолдаудың да маңызы зор. «Amanat» партиясы өңірлердегі инфрақұрылымдық бастамалардың жүзеге асуына тікелей араласып келеді.
«Екі жыл бұрын мектеп тапшылығы мәселесін шешеміз деп уәде бердік. Сол кезде облыста үш ауысымды 52 мектеп болған. Қазір бұл сан 30-ға дейін қысқарды. Жаңалықтағы мектеп – жол картасында көзделген 63 мектептің қатарындағы нақты жүзеге асқан жоба. Құрылыс басталған күннен бастап партиялық бақылауда болды. Уәде берген соң, сол үдерістің ішінде болу – біздің міндет», деді «Amanat» партиясы Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев.
Алматы облысы