Қоғам • Бүгін, 11:00

Алаш аманатын арқалаған радио

30 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Былтыр тыңдарман қауымның рухани әлеміне жаңаша леп әкелген ақпарат құралы – «Alqa» радиосы эфирге жол тартты. «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Алаш арыс­тарының аманатын арқалаған бұл радио ұлттық құндылықтарды насихаттап, рухани мұраны жаңғыртуды басты мұрат еткен. Танымдық әрі тәрбиелік мазмұнға бай хабарларымен танылған медиа-ресурстың құрылғанына жуырда бір жыл толды. БАҚ қызметкерлері күні қарсаңында біз радио редакциясына арнайы бас сұғып, жұмысымен ­танысып қайтқан едік.

Алаш аманатын арқалаған радио

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Радионың негізін қа­лаушы әрі бас редакторы Серік Сейіт­манның айтуынша, былтыр 4 мау­сымда салтанатты түрде тұсауы кесілген соң, 10 маусымда таңғы сағат 6.00-де Мемлекеттік Әнұранымызбен алғашқы эфирі басталған.

– Астана қаласы әкімдігінің Дін істері басқармасы мәсли­хаттан жаңа радио ашу рұқсатын алып, қаражат бөлінген соң, менің осы саладағы тәжірибем ескеріліп, қызметке шақырды. Алғашқыда құжат жүзінде бекітілген атауы «Таңба» екен. Бірақ бұл атаудың радиоға жүктеліп отырған міндет пен тақырыптар ауқымын қамти алмайтынын ескеріп, «Alqa» деп ауыстыруды ұсындым. Тура бір ғасыр бұрын, яғни 1924 жылы Мағжан Жұмабаев бастаған қазақтың ақын-жазу­шылары «Алқа» әдеби ұйы­мын құрған. Аты әдеби ұйым болғанымен, заты ұлтты сақ­тауды көздеген орта еді. Біз де ұлты­мыздың жоғын жоқтап, мем­лекетіміздің мүддесін көз­деген ұжым болайық, Алаш идеясын жаңғыртайық деген ниетпен жұмысымызды бас­тап кеттік. Араға 18 күн салып, 28 маусым – БАҚ қызметкерлері күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ХХ ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының баспасөзге түгел атсалысып, бұл салаға ағар­ту­шылық сипат бергеніне және аға буынның осынау сара жолын лайықты жалғастыру қажет екеніне айрықша тоқтал­ғанын айта кеткім келеді, – дейді С.Сейітман.

па

Расында, Алаш идея­сын мақсат тұтқан ақпарат құра­лы­ның аты да, заты да мемлекеттік маңызға ие екені оның өткен бір жылдық жұмысынан айқын көрінеді. Бас редактордың айтуынша, «Alqa» радиосы діни экстремизм мен терроризмге қарсы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу мақсатында өмірге келген. Бірақ бұл жұмысты тек діни уағыз-насихат айтумен емес, ұлттық мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізді, ата дініміз бен ана тілімізді, тарихымыз бен төлтума мәдениетімізді насихаттайтын рухани-танымдық бағдарламалар арқылы іске асыру алға қойылған.

– Атауымызды «Alqa» деп Алаштан алдық. Енді радиомызда қандай мәселе көтеріп, эфирі­мізге нендей бағ­дар­ла­малар саламыз деген­ сұ­рақ туын­­­дағанда ойыма бір­ден Өзбекәлі Жәні­беков аға­мыз келді. Сөйтіп Өзағаңның көтерген салаларына бір-бір бағдарлама ашып, радио эфиріне шығаруға бел байладық. Осылайша, «Өнер алқасы», «Жыршы-термешілер алқасы», «Толағай», «Шеберлер алқасы», «Ата-аналар алқасы», «Сахнагерлер алқасы», «Бас алқа», «Алқаби», «Иман алқа­сы», «Абай руханияты», «Миро­понимание» секілді студиялық бағдарламалар өмірге келіп, олардың аудио-бейне нұсқалары күн құрғатпай интернет радио эфиріне және YouTube арнамызға жүктеліп жатыр.­ Бұлар­ды өз саласының біл­­­гір мамандары жүргізеді. Имидж­дік роликтерімізді де ай сайын толықтырып отыруды жүйеге қойдық. Тарихтағы бел­гілі тұлғаларымыздың есті сөздері мен Мемлекет басшы­сы­ның Жолдауларындағы, Ұлт­тық құ­рыл­тай мен өзге де жиын­дарда сөйлеген рухани-ағартушылық бағыттағы сөздері де назарымыздан тыс қалмай, дикторларымызға оқытылып, көркем түрде әрленіп, эфирге шығарылып келеді, – дейді ол.

Осы орайда айта кетер жайт, «Alqa» әзірге интернет-радио ретінде жұмыс істеп тұр. «Alqaradio.kz» сайтына кіріп, радионың түймесін басу арқылы эфирде беріліп жатқан хабарларды тыңдауға болады. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде парақшалары жұмыс істейді.

– Шыны керек, адамдар интернет-радионы көп тыңдайды деп айту – қиын. Сондықтан бірін­шіден, біз қазіргі уақыт­та әлеуметтік желідегі парақ­шала­ры­мызды дамытуға көбірек көңіл аударып жатырмыз. Бастапқы мақ­сатымыздың бірі – «Alqa» ра­дио­сын елге танымал ету. Екін­­шіден, алдағы уақытта тол­қын­нан жиілік алып, толық­қанды радиоға айналдыру жоспарымыз бар. Жаңа­лық­тар қызметін іске қосу, ақпа­раттық репортаждар тарату, тың­дармандармен тікелей эфирде кері байланыс орнату секілді радио­арнаны жанрлық жағынан түлету ісі де сол күндердің енші­­сінде деп білемін, – дейді С.Сейіт­ман.

Ол «Alqa» радиосы ашылғалы бері тек төл өнімдерін эфирге шығарып жатқанын айтты. Бір жыл бойына 220 студиялық бағдарлама, 132 аудиокітап хабары, жүздеген имидждік ролик жарияланған. «Оймақтай ой», «Абай­дан өсиет», «Алаштан аманат», «Мұхтардан мұра» секілді ірілі-ұсақты айдарлары ұлттық құн­ды­лықтарды насихаттап келеді.

Кітап демекші, бір жыл ішінде радио ұжымы «Пайғамбарлар тарихы», «Саңлақ сахабалар», «Ізгілік қалсын әр ізде» атты кітаптарды дыбыстап, аудиоға айналдырып, эфирге шығарған. Бұл өнімдердің толық нұсқасын радио сайтынан да табуға болады. Ендігі кезекте олардың орнын «Ғұмыры ғибрат ғұлама. Имам Ағзам Әбу Ханифа», «Тұлғалар өміріндегі Ислам», «Қазақ тарихының әліппесі» атты кітаптар баспақ. Олар да қазір дыбысталып, эфирге шығаруға дайын тұр.

Бүгінде радио редакциясында он шақты адам еңбек етіп жатыр. Бұған қоса түрлі тақырыптық хабарларды жүргізуге шақырылған сала мамандары бар. Мысалы, эфирдегі имидждік роликтерді дыбыстауға даңқты дикторлар Аманжан Еңсебайұлы мен Нұрлан Өнербай секілді аға буын және Әбутәліп Әміре секілді жас буынның өкілдері тартылған. Енді олардың қата­рына «Сахара сандуғашы» атан­ған Сауық Жақанова да қосылыпты. Бағдарламаларды Сәрсенғали Жүзбай, Әлихан Дүйсенбай, Әділ Ахмет, Темір Сыпатай, Бекдайыр Нығметұлы, Жасұлан Нұрмахамбет, Асхат Бозымбай мен Гауһар Қанатбай, Арман Нұрахметұлы, Александр Антипин секілді белгілі мамандар жүргізеді.

– Алашорданың саяси көсемі Әлихан Бөкейхан: «Қазақ баласы бірігіп, тізе қо­сып іс қылса, жұрт мақсаты орындалады» деген. Бұл – қалалық әкімдік пен мәсли­хат­тың, салалық басқарма мен орталықтың қолдауы арқасында қол жеткізген аз ғана жетістігіміз. «Бітер істің басына – жақсы келер қасына» дейді дана халқымыз. Осы орайда «Alqa» радиосының абыройы үшін еңбегін аямаған жақ­сылар мен жайсаңдарға алғы­сымыз шексіз. Алдағы уа­қытта толқыннан жиілік алып, рухани-танымдық бағдар­лама­­ларымызды одан әрі ба­йы­тып, халқымыздың бір қа­жетіне жарап жатсақ, мақса­ты­мыздың орындалғаны, – деп сөзін түйіндеді бас редактор С.Сейітман.

Біз де өз тарапымыздан қазақтілді медиакеңістіктен өз орнын тапқан «Alqa» радио­сының ұжымына атағы алты Алашқа жайылып, елдік істің басынан табылып, тың­дарман алғысына бөлене беруіне тілек білдірдік.

Соңғы жаңалықтар

Шекарасыз ақпараттық майдан

Басылым • Бүгін, 11:20

Нейрожелі БАҚ-тың бағын байлай ма?

Жасанды интеллект • Бүгін, 10:50

Журфак сабақтастығы

Пікір • Бүгін, 10:40

Жәдігерлер жоқшысы

Егемен Қазақстан • Бүгін, 10:30