Спорт • Бүгін, 08:45

Азияның асу бермес асқары

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Еркін күрестен ұлттық құраманың бас бапкері Мадияр Құрамысов балуандардың Азия ойын­дарынан алтын медаль олжалай алмай келе жатқанына 31 жыл болғанын айтты. 1994 жылы Мәулен Мамыров Азия ойындарында чемпион атанып, құрлықтың аламанында ат ойнатты. Содан бері балуандарымызға бұл асқар асу берілмей келеді. Келесі жылы Азия ойын­дарын Жапония қабылдайды. Нагоя қаласындағы дүбірлі аламанда еркін күрестен алтын медаль олжалау – балуандарға серт.

Азияның асу бермес асқары

90-жылдардың ортасында бел қайыстырар жетістігімен жанкүйер құрметіне кенелген Мәулен Мамыров спорт саласынан алыстамай, мамыражай тірлік кешіп жатыр. Жетісу облысында Олимпиадалық резерв дайындау орталығын басқарады.

Оның есім-сойы аталғанда тағы бір әттеген-ай еске түседі. Ол – 1996 жылғы Атланта Олимпиадасының жартылай финалдық белдесуі. 25 жастан асқан жампоз алтын медальға таласуға сынық сүйем қалғанда сүрініп, әлемнің жеті дүркін чемпионы, Барселона Олимпиадасының қола жүлдегері 36 жастағы болгар балуаны Валентин Йордановқа есе жіберді. Осы белдесуге дейін ол алдымен канадалық балуанға қарсы белдесіп, айқын жеңді. Жебедей атылып аяғынан күнделеп ұстап алды да, қаусыра көтеріп алып ұрды. Осындай тәсілді бірнеше мәрте қайталап 10:0 есебімен есін екеу, түсін төртеу етті.

мамыров

Екінші кезеңде 22 жасында Сеул Олимпиадасының (1988) қола медалін олжа­лаған, 1989 жылы әлем чемпио­натының финалында сүрініп күмісті қанағат тұтқан, КСРО біріншілігінде бірнеше мәрте қара үзген Украина өкілі Вла­димир Тогузовпен ұстасты. Атланта Олимпиадасына дейін екеуі төрт мәрте белдесіп, үш рет қарсыласы басым болып, біреуінде итжығыс түскен. Мұндай статистика спортшының психологиясына ши жүгіртіп, дегбірін қашыратыны да анық. Бірақ Мәулен оның қаһарынан қаймыққан жоқ. Тогузовтың белдесудегі тәсілі өзгешелеу, ол өзінің мүдірмей жасайтын оңтайлы әдісін төрттағанда қолданып, ұпай еншілейді. Белдесу дәл солай өрбиді. Тартыста алдымен украиналық ұпай олжалап алға озды. Бірін бірі қас қақпай аңдыған тартыс кезінде Мәулен оның аяғын қолына іліктіріп, тас кенеше жабысып, бұрай түсіп аунатып алды да таразы басын теңестірді. Қалған уақытта тағы да тық­сы­рып ұпай басымдығымен ұтты.

«Мен осы белдесуде бар кү­шімді сарқып алдым. Оны кілемнен түскенде анық сезіндім. Өте тәжірибелі балуан, әрі бұған дейін үш мәрте басым түскені де жанымды жегідей жейтін еді. Қалайда есемді қайтару керек деген ұстаным ауырлық етті. Украиналықпен алысу әбден титықтатып тастады. Одан кейін жартылай финалдық тартыстың салмағы одан да зілмауыр болды», деп еске алады даңқты балуан.

Расында да Йорданов – өте білікті, талай от пен судан өткен тісқаққан саңлақ. 1988 жылы Сеул Олимпиадасының дуын көрді, 1992 жылы Барселона Олимпиадасының боз­кілемінде жартылай финалда сүрініп, қоланы қанағат тұтты. Атланта аламаны 36 жастан асқан балуанның соңғы сайысы еді. Ол күрестегі сапарын Олимпиада чемпионы атағымен аяқтағысы келді. Әрі соған жетуге барын салды.

Қане, тағы бір еске түсі­ріп көрелік, (Мамыров пен Йор­дановтың жартылай фи­налдағы белдесуі YouTube арнасында жүктеулі тұр) кілемдегі төреші ысқырып белдесу бас­талады. Әп дегеннен әбжіл қимылдаған Мәулен Валентинді қақпайлап жүріп, ілкі сәтте оң аяғынан қапсыра ұстайды да, тік көтеріп алады. Өзінен бір мүшелдей кіші қарсыласынан мұндайды күтпеген Йорданов әбден абыржыды. Мәулен жеті дүркін әлем чемпионын жаңқа құрлы көрмей көтереді де кілемге атып ұрады. Таза үш ұпайлық әдіс. Бірақ төреші нарау қимылмен тек бір саусағын ғана шошайтып, екі ұпайын «жейді». Жандәрмен шетке ығысып шығуға тырмысқан қарсыласын ортаға қарай тартып алады да, төрттағандап жатқан болгардың оң қолын қамшы бүктегендей бұрап ұстайды да, аунатып жібереді. Бұл әдісінің де ұпайы ұрланады. Ол да ештеңе емес, қызықтың көкесі алда екен. Бір кезде Йорданов спорт кешенін басына көтере шыңғырады. Иә, тура мағынасында құлындаған даусы шығады. Бұл оның қулығы еді. Өйткені тұйғындай шүйілген қазақтың қаршығасы оны сығымдап алып тағы да ұпай олжалау қарекетіне көш­кен. Төреші тоқтатпаса аспан төңкеріліп жерге түсетінін түсінген әйгілі Йорданов шеңгелден осылай сытылып шықты. «Содан кейін күрестің картинасы мүлдем өзгеріп сала берді, – дейді кейіпкеріміз. – Төреші тоқтатпағанда тағы да ұпай олжалайтыным сөзсіз еді».

Осылайша, белдесу бел ортасынан әрі қарай басқаша өрбиді. Қалайда Олимпиада алтынын алуды көксеген Йорданов ұзақ жылғы жиған тәжірибесінің нәтижесінде финалға шықты.

Мамыров қола медаль үшін алдымен жұбаныш белде­суінде түрік Тұрпақташты жықты. Түркиялық бапкерлер белдесудің қорытындысын қомсынып, қомақты қаржы төлеп белдесудің бейне жазбасын қайта-қайта қарап, ақыры ілік таппады. Одан кейін жерлесіміз ресейлік Монгушпен белдесті. Денесіне бес батпан баттастыра май жағып алғанын байқады. Әбжіл қимылдан аққан тер майды одан бетер сырғақ етеді. Қарсыласын ұстайын десе қолы майдан суси береді. Мәулен мұны кілемдегі төрешіге де айтты, бірақ ештеңе өзгерген жоқ. Керісінше, күрес деп мұның өзін айыпқа жыққысы келді. Амал жоқ көндігу керек. Қарсыласынан басым түссе, елге еркін күрестен Олимпия ойындарының тұңғыш жүлдегері деген атақпен оралады. Зор мәртебе әрине, бірақ балуанның көңілі қолаға қоңылтақсығаны рас. Ол сөзсіз АҚШ-тың аренасында финалдық сында алтынға таласуы керек еді.

Төрешілердің гөй-гөйімен финалға жеткен Йорданов алтын үшін белдесуде Әзербайжан балуаны Намик Абдуллаевты әупіріммен жықты. Бұл бел­десудің де дауы бірнеше жыл дабыраға ұласты. Тіпті Ат­лантадан күміс медальмен оралған Намикті әзербайжандар ұлт батырына теңеп, Олимпиада чемпионынан артық әспеттеп қарсы алды. Сол Намикті Мәулен Ма­мыров Атланта Олим­п­иадасына дейін бірнеше рет еркін еңсерген еді. Спортқа сая­сат сұғына енгенде салқыны ең алдымен спортшыны алып ұрады. Өкініштісі, мұндай қысастық әлі де жалғасып келе­ді. Әңгіме жазғы Азия ойындарында еркін күрестен алтын бұйырмай тұрғанынан туды емес пе. Жыл аунаса, ол доданың да дүбірі қыр астынан естіледі. Сатымбайдың сойы Мәуленнің тілегі өзінен кейінгі толқын да Азия ойындарының алтын медалін еншілесе дейді. 2028 жылы Лос-Анджелес Олимпиадасынан балуандарымыз алтын медальмен оралса, – ел үмітінің ақталғаны.