Таным • Бүгін, 07:43

Қара түлкі – қармалжық

40 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұқар жыраудың «Бағаналы орда – басты орда» толғауында «Қара түлкі қармалжық, Қас сыпайы киген жұрт» деген жолдар бар. Астаналы азат елдің мамыражай тірлігін сипаттаған осы туындыдағы қармалжық немесе қарамалжық сөзіне бұрын мән бермеппіз.

Қара түлкі –  қармалжық

Бұқардың жырына қарағанда, қармалжық түлкі болғанда да, өте құндысы секілді. Қас сыпайылар ғана мейманасы асқан елдің арасында киетіні емеурін етіл­ген өйткені. Бұрын жатқа білсек те, түпкілікті тия­нағын таппай жүрген бұл сөздің мәнісі жазушы Құлтөлеу Мұқаштың «Қарамалжық» атты әңгімесінен ашылды.

«Түс мезгілінде, қайдан сап ете түскені белгісіз, қыстақтың итін шулатып, Тасбаздың сыртындағы қырдан жалт етіп бір қарамалжық түлкі қашты.

Ерттеулі тұрған қарагер атқа міне сала, түлкінің соңынан бұл да салған. Мұндайда әуелден аңкөс, саяткер адамның делебесі қатты қозатын сияқты, талайдан бойды буған құмарлығы өршіп, қиқуға басты.

– Айт-ей! Айт-т! Айтт!..

Бұл өңірде қызыл түлкі мен қоян-қарсақ өріп жүргенімен, қарамалжық көп кездесе қоймайды. Алдыңнан алқым тұсы мен желке қылшығы ғана көкбурыл тартқан қап-қара түлкінің табаны жалтылдап еліктіре қашуы өте сирек көрініс. Бәтшағар едәуір ірі де екен өзі. Құйрығын көтеріп алып жанұшырып барады» делінген жазушы әңгімесінде. Бұл кісі қарамалжық деп жазыпты, Бұқар жырында қармалжық деп таңбаланыпты. Көнеден жеткен ұғымда ептеген дауыс өзгешелігі бола бермей ме? Анығын тілшілер айтар. Бастысы – қара түлкіні қазақ қармалжық атайтыны. Білгенге бұл да маржан.