
Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
«Махаңдар жоқ, Махаңдардың сарқыты –
Мұқағали Мақатаев бар мұнда», деген ақынның сөзі де осы жерден қылаң ұрады. Аз ғана сарқытының өзінен бара-бара алапат дауыл туады. Егер еркін тыныстап, ұзын арқан, кең тұсаусыз теңеліп кете алса. Өзіне дейінгілер мен өз заманының қайғы-қасіретін жүктеген бар ауыртпалығын арқалап, өзінен кейін туар уақыттың шеткі күйігін сезініп кеткен жүректің шер-шемені мен зарын ұғынып туған ұрпақ та ішіндегі қайғы-қасіретін ақтарып тастап, арылып алмай, бауырын жазып бәйгеден озып, алдағы күннен үлесін ала алмасы анық шығар. Тұлпарлар өткен топырақтың тумысы сондығынан шерлі, сондығынан сезімтал. Көкірегімен толғанып, жүрегінен ақтарып жыр жазбай тұра алмайды.
«Найзасы жалаулаған батыр еді,
Лебізі алаулаған ақын еді.
Ол жердің екі аяқты пендесінен
Аспанның сұңқарына жақын еді.
Адамның адамының адамы еді,
Бір өзі – бір халықтың заманы еді.
Дүние-ай, кезеңі бір кім қылды оны?
Түтеген көкірегін мұң қылды оның.
Шөп түгіл хан жабыспас шалғайынан
Қалады тартып-тартып жыңғыл да оның», деген Махамбет туралы кең көлемді толғауын Әбіш Кекілбайұлы университетте екінші курс оқып жүргенде-ақ жазыпты. Жазушының жиырма-ақ жасында хатқа түсірген осынау толғаулы дүниесі хақында «Әбіш екеуміз» естелігінде Мұхтар Мағауин кеңірек тоқталып, елеулі орын бөледі. Кезінде естелікті оқығанда назарымыз түскен сол дүниені кейініректе тауып алып оқығанда, жазушының ақындық алымы мен кең өрісінің шалғайына жете алмай көз талдырғанбыз. Университетте оқып жүргенінде жыр жазып қана қоймай, өлең тілімен осындай соқталы туындының желкенін көтерген суреткердің осы бір «Махамбет. Қызғыштың әні» шығармасы – жеке тоқталуды қажет ететін дүние. Бұл туралы ғұлама Мағауин: «1959 жылдың ақыры, қысқа қарай шағын көлемді, түр-тұлғасы өзгеше, көркемдігі келісті «Махамбет» атты поэма жазып шыққан. Сол кездегі ұғым ғана емес, қазіргі сенімім бойынша да, бұл – қазақ әдебиетіндегі өзгеше құбылыс еді. Сұлтанмахмұт пен Мағжаннан – 1991 жылғы желтоқсан, тәуелсіздік күніне дейінгі кезеңде ұлттық сананы әйгілеген, ұлт азаттығы идеясын көтерген жалғыз жыр (Мәжит бектің алыс шетелде қалыптанған шығармалары бізге кейінірек жетті.) Айналасы бір аптада тәмам қылып еді. Мен үшін үлкен қуаныш болды. Қашанда ең жақын, сырлас досымның бар табысына өзімнен әрмен мерейленер едім. «Мынау – кемел шығарма, классика», дедім. Қазақтың өр рухы көрініс тапқан, қарулы зорлық пен рухани қысас – «патшаның жирен қолы» жаныштаған отарлық жағдай әйгіленген, трагедиялық емес, қаһармандық әуездегі өзгеше серпін. Шағын көлемді, бірақ айрықша салмақты, кемел туынды», дейді.
Жазушы мұнда шығармадағы «патшаның жирен қолы» деген автордың сөзін тырнақшаға алып көрсетеді. Бұл қырдың қойын-қонышын тінтіп жүрген орыстың унтеріне қарата кекесінмен айтылған шумақтар. «Шаршамай құла қырды шарлап шыққан, Патшаның жирен қолы жасасын да!» дегенде, шынында да жекелеген офицердің бейнесімен қатар, қарулы отрядтар елестейді. Және «трагедиялық емес, қаһармандық әуездегі өзгеше серпін» деп шығарманың ішкі қуаты мен көңіл күйін қалай дөп басады.
Мұхаңның айтуынша, классикалық шағын поэма баспада ұзақ жыл жатқанда цензурадан өтіп, жырымдалған. Толық нұсқасы университетте жүргенде, қабырға газетіне шығып, ұлтшыл шығарма ретінде сын айтылып, біраз дауға қалған. Ә.Кекілбайұлы 60-қа толғанда шығарған 12 томдығына бастапқы нұсқа басылды ма, жоқ алғашқы жинақтағы қысқартылған қалпы кетті ме, белгісіз. «Әбіштің жинағы арада үш жыл өткенде, университеттен кейін ғана жарыққа жетті. Ілкіде, «Махамбет» қалай болды деп сұрағанымда, Әбіш мейлінше күйініп сөйлеген. «Бүлдірді, көлеңкесі ғана қалды, – деп еді. – Ең ақырына «Шашағын қызыл тудың желбіретті» деген шумақ қостырды». «Неге келістің?» деп едім аңтарылып. «Онда мүлде басылмай қалатын болды», деді күйзеліп. Барын жоққа шығарғанша баспай-ақ қойса қайтер еді деп айта алмадым. Сөз – тұтас жинақ емес, атаулы поэма турасында ғана болатын. Қаншама заманнан соң, алпысқа толған шағында Әбіш біздің қатарымызда алғашқы болып бұрынғы-соңғы шығармаларының он екі кітаптық жинағын бастырды. «Махамбет» поэмасы бірінші томға енсе керек. Әуелгі қалпында келтірді ме, жаңадан үстеме, айырымы бар ма, білмеймін», дейді. Бұл, әрине, ендігі әдебиеттанушылар тоқталуға тұрарлық тақырып деп білеміз. Өйткені екі суреткердің таным көкжиегі, тақырып ауқымы кейінгі ұрпақ көзқарасы үшін аса маңызды. Демек болашақ әбіштанушылар алдымызға тартса, оқырман үшін орасан олжа.