
Негізінен өсім көтерме сауданың 45%-дан астамын құрайтын 9 негізгі тауар тобы есебінен болды. Оның қатарында мұнай мен мұнай өнімдері, газ, тұрмыстық техника, ұялы телефон, фармацевтикалық өнімдер, машина жасау, астық пен темекі өнімдері бар. Аталған тауарларды жыл соңына дейін өткізудің болжамды көлемі 26,4 трлн теңгені құрайды. Осы ретте ішкі өндіріс үлесін арттыру арқылы сол көлемді қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.
«Жартыжыл қорытындысы бойынша елдің барлық өңірлері оң динамика көрсетті. Сауда өсіміне ең көп үлес қосқан өңірлер – Алматы, Астана, Шымкент қаласы, сондай-ақ Атырау мен Қарағанды облысы. Бұл өңірлердің үлесіне жалпы тауар айналымының 72%-ы тиесілі», деді А.Шаққалиев.
Сауда өсімі бойынша көшбасшы өңірлер: Түркістан облысы (+69,3%), Ақмола облысы (+45,4%) және Павлодар облысы (+22,3%).
Министрлік сауда саласын 3 негізгі бағытпен жүйелі түрде дамытып жатыр. Бірінші – сауданың заманауи форматтарын ілгерілету. Ынталандыру тетігі енгізіліп, заңнамаға өзгеріс енгізілді. Биыл ішкі сауда субъектілерін қолдауға 5,2 млрд теңге қарастырылған. Негізгі капиталға инвестиция тарту белсенді түрде жалғасуда. Жоспар – 1 220 млрд теңге. Сауда саласында жалпы сомасы 168,4 млрд теңге болатын 33 нысаннан тұратын Ұлттық инвестициялық жобалар пулы қалыптасты. Сонымен қатар бөлшек сауда нарығын жаңғырту аяқталуға жақын.
Екінші – электрондық сауданы дамыту. Жарты жылда e-commerce нарығының көлемі 10%-дан астам өсіп, бөлшек сегментте 1,5 трлн теңгеге жеткен. Оның ішінде 1,3 трлн теңгесі Kaspi.kz, Hayk market, Forte, Jusan, Ozon және Wildberries сияқты алты ірі маркетплейс арқылы қамтамасыз етілді. Екінші жартыжылдықта драйверлер ретінде төрт dark store орталығының іске қосылуы, екі фулфилмент-орталық құрылысының аяқталуы мен Қазпоштаның мультимодальды логистикалық орталық желісін іске асыру басталады. Сондай-ақ, Kaspi мен Қазпоштаның серіктестігі аясында Қазақстан – Қытай бағыты бойынша B2B форматындағы электрондық платформа іске қосылады.
Үшінші – көлеңкелі сауданы азайту. Министрлік тауарды каталогтау мен қадағалау бойынша шараны дәйекті түрде жүзеге асырып жүр. Ұлттық тауар классификаторы (ОКТРУ) енгізілуде, таңбаланатын тауар позицияларының тізімі кеңеюде. Қаржы министрлігі және «Қазақтелеком» АҚ-пен бірлесіп НКТ мен ЭКТ ұлттық каталогтарының интеграциясы аяқталуға жақын. Екінші деңгейлі банктермен бірге, нарықтардағы тауар айналымын цифрландыру мен ақша ағынының ашықтығын арттыруға бағытталған «Digital Bazar» жобасы іске қосылады.