
Бәсекелер Лос-Анджелестің «Роуз Боул» (88 500 көрерменге есептелген), Нью-Йорктің «Метлайф-стэдиум» (82 500), Атлантаның «Мерседес-Бенц Стэдиум»
(75 000), Филадельфияның «Линкольн Файненшел Филд»
(69 176), Сиэтлдің «Люмен Филд» (69 000), Майами-Гарденстің «Хард Ро Стэдиум» (65 000), Орланданың «Кэмпинг Уорлд» (65 000) пен «Интер энд-Ко Стэдиум»
(25 000), Нэшвилдің «Геодис Парк»
(30 000), Цинцинаттидің «Ти-кью-эл-Стэдиум» (26 000), Шарлоттың «Банк оф Америка Стэдиум»
(75 000), Вашингтонның «Ауди Филд» (20 000) стадиондарында өтті.
Әр топтан үздік шыққан қос команда 1/8 финалға жолдама алып, бәсекелер мынадай нәтижелермен аяқталды: «Интер» – «Флуминенсе» 0:2, «Манчестер Сити» – «Әл-Хилял» 3:4 (қосымша уақыт), «Палмейрас» – «Ботафаго» 1:0 (қосымша уақыт), «Бенфика» – «Челси» 1:4 (қосымша уақыт), ПСЖ – «Интер Майами» 4:0, «Фламенго» – «Бавария» 2:4, «Реал» – «Ювентус» 1:0, «Боруссия» – «Монтеррей» 2:1. Ширек финалда «Флуминенсе» «Әл-Хилялден» 2:1 есебімен басым түссе, «Челси» «Палмейрасты» дәл сондай нәтижемен ұтты. ПСЖ «Баварияның» қақпасына жауапсыз екі доп соқты – 2:0. «Реал» мен «Боруссия» арасындағы матчта 3:2 есебі тіркелді.
Жартылай финалда «Челси» «Флуминенсеге» еш мүмкіндік бермеді – 2:0. Бұл кездесуде Жуан Педро дубль авторы атанды. Ол 18, 56-минуттарда нысананы дәл көздеді. Келесі матчта ПСЖ мен «Реал» күш сынасты. Бұл матчта париждіктер корольдік клубтың тас-талқанын шығарды – 4:0. Ойын барысында Фабиан Руис екі, Усман Дембеле мен Гонсалу Рамуш бір реттен мергендік танытты.
13 шілде күні Нью-Йорктің дәл іргесінде орналасқан Ист-Ратерфордтағы «Метлайф-стэдиумда» бас жүлде сарапқа салынды. Бәсекеде «Челси» 3:0 есебімен жеңіске жетті. Барлық гол бірінші таймда соғылды. 22, 30-минуттарда Коул Палмер дубль авторы атанса, 43-минутта Жоао Педро матчтың нүктесін қойды.
Финалдық сайыс аяқталғаннан кейін клубтық әлем чемпионатының ең үздік ойыншылары анықталды. MVP-ның «Алтын добын» Коул Палмер иеленсе, «Күміс доп» пен «Қола допты» ПСЖ-ның жұлдызы Витиньо мен «Челсидің» жартылай қорғаушысы Мойсес Кайседо еншіледі. Ең үздік сұрмергенге тиесілі «Алтын допты» «Реалдың» шабуылшысы Гонсало Гарсия жеңіп алды.
ФИФА-ның клубтық әлем чемпионаты 2000 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Тұсаукесер турнирді Бразилия қабылдады. Рио-де-Жанейродағы әйгілі «Маракана» стадионында өткен финалда жергілікті қос клуб – «Коринтианс» пен «Васко да Гама» кездесті. Жеңімпаз пенальти барысында анықталды. «Футбол лотереясында» «Коринтианстың» жолы болды. Жалпы, аталған жарыста ең көп олжаға кенелген – «Реал Мадрид». Корольдік клуб дүбірлі доданың бесеуінде бас жүлдені олжалады. «Барселона» – 3, «Коринтианс», «Бавария», «Челси» – 2, «Ливерпуль», «Интер», «Сан-Паулу», «Милан», «Манчестер Юнайтед», «Манчестер Сити» бір-бір реттен жеңімпаз атанды.