Тұлға • Кеше

Алғыс арқалаған «алтын қолды» дәрігер еді

20 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дерібсалы  Сексенбаев медицина ғылымдарының докторы, профессор, еліміздегі хирургия саласының алып тұлғасы, артынан талай шәкірт ергізген медицина саласында өзіндік қолтаңба қалдырған жан еді. «Алтын қолды» дәрігер жараны таңып, науқасты емдеп қана қоймайтын, ол адамға екінші өмір сыйлаған өз ісінің керемет шебері болды. Қандауырмен ота жасап талай жанды ажалдан арашалап алып қалған абзал азаматты жұрт осы күнде сағынышпен еске алады.

Алғыс арқалаған «алтын қолды» дәрігер еді

Д.Сексенбаев дәрігерлікпен қоса ұлағатты ұстаз болды, ғалым ретінде көп ізденістер жүргізді. Сондықтан оның өмір жолы көпке өнеге. Әсіресе оның адалдық пен еңбекқорлық қасиеті медицина мамандығын таңдаған жастар үшін үлгі болуы тиіс.  

Дерібсалы 1939 жылдың қаңтарында Қызылорда облысы, Арал ауданына қарасты Ұялы ауылында дүниеге келді. Балалық шағынан еңбекке ерте араласып, трактор айдап, құрылыс алаңында жұмыс істеді. Бірақ, ол бала кезінен дәрігер болуды армандаушы еді. Бұл арман оны 1956 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтына жетеледі. Оқуын тәмамдаған жас маман  Мақтаарал аудандық ауруханасына жұмысқа тұрады. Дәрігерлік өзінің сүйіп таңдаған мамандығы болғандықтан өз кәсібіне барынша адал болуға тырысты.

1964 жылы облыстық клиникалық аурухананың кеуде хирургиясы бөлімінің меңгерушісі атанды. Бұл қызметті табан аудармай 26 жыл атқарды. 1990 жылдан 2002 жылға дейін осы аурухананың бас дәрігері қызметін атқарды. Медициналық мекемені заманауи құрылғылармен жабдықтауға, халықаралық тәжірибелерді енгізуге бастамашылық танытты. Бұл – өңірлік медицинаның серпінді даму кезеңі еді. Осы істің басы-қасында Дерібсалы ағамыз тұрды.

«Білім алып инемен құдық қазған» Дерібсалы Сексенбайұлы бар білгенін шәкірттеріне үйретіп кетті. Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында хирургия кафедрасын ашуға атсалысты. Бұл оқу ордасы үшін тарихи оқиға еді. Жаңашыл ғалым медициналық академияға заманауи аппараттар орнатып, жаңаша емдеу әдістерін оқытты. Оның басшылығымен факультеттік және госпитальды хирургия кафедрасы  құрылып, бүгінгі таңда оны қаншама маман бітіріп шықты.

Ғалым ретінде ол әр күнін ізденіс пен зерттеуге арнады. Хирургияның ең күрделі салалары саналатын торакальды, абдоминалды, іріңді хирургия бойынша ғылыми еңбектер жазды. Оның бастамасымен 2000 жылы облыстық ауруханаға алғаш рет заманауи жабдықтар әкелініп, Қазақстанда тұңғыш рет лапароскопиялық оталар жасалды. Кейін бұл тәжірибе өзге өңірлерге де кеңінен таралып, мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға көмектесті.

60 жылдық еңбек жолында Д.Сексенбаев 34 мыңнан астам ота жасап, халықтың алғысын арқалады. Оның ішінде  47 жылдан астам уақыт Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында дәріс оқып,  ізбасар тәрбиеледі. Бүгінде оның шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет атқарып жүр. Тіпті арасында өте керемет жетістіктерге жеткен мамандар да бар.

Ғалым көзі тірісінде 400-ден астам ғылыми еңбек жазды, 7 іргелі еңбек жариялап үлгерді. Оның «Жайылмалы іріңді перитонитті кешенді бағалау және емдеу» атты докторлық диссертациясы медицина ғылымында өте жоғары бағаланды. «Қазақстан хирургтары» қауымдастығының мүшесі болған ол республикалық ғылыми конференцияларда 27 мәрте баяндама жасаған.

 Ерен еңбегі ескерілген ғалым «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, ВДНХ СССР күміс медалімен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамоталарымен, «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері» атағымен марапатталды. Мемлекет тарапынан берілетін ең жоғары марапаттардың бірі «Парасат» орденін иеленді. Және бірегей марапат «Алтын скальпель» иегері атанды.

Д.Сексенбаев арамыздан кетсе де артында өшпес із қалдырды. Оның мұражайда сақталған скальпелінен талай жан шипа тапты. Сондықтан адамдардың алғысына бөленген азаматтың есімі ешқашан ұмытылмақ емес.

Дилара БИМЕНОВА,

журналист