
Сырлы Сарқан өңірінде, Талдықорған облысының Қарабөгет ауылында 1920 жылы дүние есігін ашқан Жұмаділ Сетекбаев қарапайым еңбек адамдарының шаңырағында өмірге келді. Күн шуағына малынған дархан дала, еңбек пен елдік қадірін ұқтырған ауыл өмірі оның бойына жастайынан отансүйгіштік пен жауапкершілік рухын сіңірді. Жасынан зерек, талапты болған ол білім алуға ұмтылып, үлкен армандар жетегінде жүрген. Алайда ХХ ғасырдың аласапыран уақытында бұл армандарды тарихтың зұлмат беттері өз арнасына бұрып жіберді. Екінші дүниежүзілік соғыстың өрті тұтанғанда, Жұмаділ де мыңдаған қазақ баласы сияқты тыныш өмірмен қоштасып, қан майданға аттанды. Бұл жол оның тағдырын ғана емес, тұтас ұрпақтың жадында қалатын ерлік дастанына айналды.
1940 жылы Қызыл Армия қатарына алынған Жұмаділ 1941 жылдың 1 қаңтарында Ақсу аудандық әскери комиссариаты арқылы майдан шебіне аттанады. Оның соғыс жолы Брянск майданының отты шайқастарынан басталды. Смоленск қорғанысы, Мәскеу түбіндегі кескілескен ұрыстар мен Курск шайқасы – бәрі де Жұмаділдің жауынгерлік ғұмырнамасынан орын алды. Жас сарбаз тек мылтықтың ұшымен емес, ақылы, ептілігі, тактикалық шеберлігімен де ерекшеленді. Ерлік – уақыт өлшеп бере алмайтын рух биігі. Сетекбаев Жұмаділ соғыс жылдарында ержүрек мінезімен, тапқырлығымен, шынайы қолбасшылық қабілетімен танылып, қарапайым жауынгерден рота командиріне дейін көтерілді. Рота командирі ретінде ол сарбаздарының тағдырына жауапкершілікпен қарап, әр шайқаста оларға демеу, жолбасшы бола білді. Ол 287-атқыштар дивизиясының 66-атқыштар полкінде рота басқарды. Жауынгер үшін соғыс жай ғана шайқас емес, ар-намыстың, бауырмалдықтың, шынайы ерліктің үлкен сынағы еді. Жұмаділ үшін де солай болды.
1944 жылдың шілдесінде басталған кең ауқымды «Багратион» операциясы оның әскери жолындағы шешуші әрі соңғы кезең еді. Новгород-Волынск бағытында жүргізілген стратегиялық шабуыл кезінде Жұмаділ басқарған рота алғы шепке жіберілді. Жауынгерлер миналанған алқаптар мен артиллериялық соққылардың ортасында жүріп, жау бекіністеріне табандылықпен тойтарыс берді. Рота командирі Жұмаділдің жанкешті тактикасы мен сарбаздарына деген сенімі жеңіске жетелеген негізгі күшке айналды.
16 шілдеге дейін жалғасқан қиян-кескі шайқастарда Жұмаділ өз ротасын бір сәтке де жалғыз қалдырған жоқ. Ол ұрыстың ең қызған тұсында алғы шепке өзі шығып, сарбаздарының рухын көтеріп, оларға батылдық пен сенім дарытты. Бірақ майдан ешқашан әділетті емес – ол асқақ армандарды да, жарық жандарды да жалмайтын тағдыр таразысы. 1944 жылдың 17 шілдесінде, таң сәріде болған шабуылда Жұмаділ Сетекбаев ауыр жараланып, ерлікпен қаза тапты. Ол соңғы демі шыққанша қолынан қаруын түсірмей, командирлік борышын адал атқарды.
Жұмаділдің майдан даласынан жазған хаттары бүгінгі ұрпақ үшін асыл мұраға айналды. Әр хаты – сағыныш пен сенімге толы, ананың жүрегін жылытып, қарындастың жанын жұбататын рухани көпір іспетті. Ол әр хат бұрышына екі гүлдің суретін салып жіберетін – бірі Шахарбануға, екіншісі Гүлжаханға арналатын. Бұл сағыныштан туған бейнелер, тірі үміттің нәзік нышаны еді. Ол үнемі: «Мені күтіңіздер...» деп аяқтайтын.
Бір күні сол хаттардың арасынан ерекше біреуі табылды. Қағаз емес, кәдімгі емен жапырағына инемен қашалып жазылған. Хатта: «Фронттан сәлем! Сіздердің ұлдарыңыз – Сетекбаев Жұмаділ Садырұлы», деп жазылыпты. Бұл оның руын Садыр екенін астармен жеткізген, Отанға деген сүйіспеншілігін, тегіне деген құрметін білдірген болар. Жапырақ мәңгі жасыл болмыс, ал жапыраққа жазылған хат – мәңгілік сағыныштың белгісіндей.
Жұмаділ Сетекбаевтың ерлігі елеусіз қалған жоқ. 1944 жылдың 2 тамызында ол II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен марапатталды. Бұл марапат туған жерге деген шексіз сүйіспеншіліктің, жанын құрбан еткен батырлықтың ресми мойындалуы еді.
Бүгінде оның хаттары, фотосуреттері және 53 жауынгерлік жазбасы «Социалистік Қазақстан» газетінің музейінде сақтаулы. Ал емен жапырағына жазылған сол бір хат – тек жеке естелік емес, ұлт жадындағы өшпес ерліктің белгісі. Жұмаділ Сетекбаевтың есімі – ұрпақ бойында отансүйгіштік пен ерлік рухын оятатын киелі мұра.
Бүгінгі бейбіт өмір – кешегі ерлердің жанқияр күресінің жемісі. Сол ерлік пен өшпес рухтың алдында тағзым етіп, есімін құрметпен еске алатын ұрпақ өсіп келеді. Олар үшін майдан даласында от пен оқтың ортасында жүріп, еркіндік жолында жанын қиған батырлардың тағдыры – тек тарихи дерек емес, жүрекке шегеленген өнеге, өмірлік бағдар.
Егер әрбір шаңырақтың төрінде, әр жүректің тереңінде осындай батырлардың бейнесі сақталса, біз елдігімізді де, еркіндігімізді де жоғалтпаймыз. Себебі ерлік ескерілсе, ел есейеді. Ерлік ұмытылмаса – елдік те ұмытылмайды. Бұл – ұлт ретінде өмір сүрудің мәңгі өлмес қағидаты.
Гүлзада БӨЛЕГЕНОВА,
Мемлекеттік басқару академиясы Маркетинг және коммуникациялар орталығының басшысы