Қоғам • Кеше

Жұртшылық өтініші назардан тыс қалмайды

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астана қаласы әкімдігінің Қалалық мониторинг және әрекет ету орталығы үзіліссіз жұмыс істеуі керек. Өйткені түрлі мәселемен қоңырау шалатындардың қарасы көп. Депутаттардың айтуынша, бұл алдымен елорда тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Жұртшылық өтініші назардан тыс қалмайды

Сенат депутаты Андрей Лукин «iKomek 109» – Астана қаласы әкім­дігінің Қалалық мониторинг және әрекет ету орталығында болды. Сена­тордың айтуынша, орталықтың қазіргі қызметі цифрлық сервистердің міндетімен сай келіп тұр. Азаматтардың өтініші лезде есепке алынып, елорданың шұғыл және коммуналдық қызметтерімен өзара іс-қимыл жедел жолға қойыл­ған. Операторлар қала тұрғын­дарының сұранысына жауап беру жылдамдығын одан әрі арттырмақ.

«iKomek 109» – жай ғана колл-орталық емес, Астана тұрғындары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары арасындағы жедел және өзара сапалы іс-қимылды қамтамасыз ететін толыққанды кері байланыс жүйесі. Осы жылдың алғашқы жартысында 90 пайыздан аса өтініш мерзімінде қаралған. Мұндай тәсіл еліміздің басқа өңірлерінде де енгізілуге тиіс», деді А.Лукин.

Депутат сонымен қатар Нұра және Есіл аудандарының басшылығымен және активімен кездесулер өткізді. Онда аумақтарды дамыту, абаттандыру, әлеуметтік инфрақұрылым және халықпен кері байланыс мәселелері талқыланды.

Ал сенаторлар Сұлтан Дүйсем­бинов пен Ғалиасқар Сарыбаев Жетісу облы­сындағы Қаратал ауданында мәдениет, спорт, денсаулық сақтау және әскери шақыру жүйесін дамытуға байланысты бірқатар негізгі нысанды аралады.

Депутаттар мәдениет үйінде мәдени-демалыс қызметін ұйымдас­тыру, жастарды шығармашылық тұрғыда дамыту жағдайымен және материалдық-техникалық базаның жай-күйімен танысты. Олар сондай-ақ спорт кешені мен үстел теннисіне арналған залда болып, секцияларды қаржыландыру, спорт резерві мен кадр даярлау мәселелерін талқы­лады. Аудандық ауруханада медицина қызметкерлерімен кездесіп, ғима­ратты күрделі жөндеу, мамандармен және жабдықпен қамтамасыз ету, диагностика қызметтеріне қол жеткізу мүмкіндіктерімен танысты.

«Медициналық қызмет көрсету ауыл тұрғындарына да сапалы және қолжетімді болуы керек. Әр азамат тұрғылықты жеріне қарамастан, білік­ті медициналық көмекті уақ­тылы және тиімді түрде алуға құқы­лы», деді С.Дүйсембинов.

Әскерге шақыру пунктінде болған депутаттар әскерге шақыру науқанын ұйымдастыру, меди­циналық комиссиядан өту, сондай-ақ жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу және жалпы халықтың әскерге деген сенімін арттыру мәселелерін сөз етті.

«Әскерге шақырылушы бірінші күннен бастап өз еліне қажет екенін, өзін қолдайтынын, құр­мет пен сенімді сезінетін жүйе қалыптастыруымыз керек. Шақыру рәсімі атүсті немесе селқос өтпеуі керек, Отанға қызмет ету саналы түрде болғаны жөн. Дәл осы кезеңде Қарулы күштер институтына деген сенімнің негізі қаланады, ал ол әскери қызметтің беделін арттырады», деді Ғ.Сарыбаев.

Сондай-ақ Сенат депутаты Айгүл Қапбарованың Шымкент қаласына сапары жалғасып жатыр. Ол мәде­ни және шығармашылық сала қызметкерлерімен кездесті. Қазір бұл салада қордаланған мәселе көп. Кез­десуде қатысушылар саланы жаң­ғыртуға жүйелі өзгерістер керек екенін айтты. Атап айтқанда, театр, мұражай және өзге де мәдени меке­мелердің бірыңғай штат кестесіне заманауи жаңа мамандықтарды енгізу қажет. Сондай-ақ мәдениет қызметкерлерінің еңбегін бағалау мен ынталандыру ретінде құрметті атақтар және марапаттар беру тетігін қайта қарау мен кеңейту туралы ұсыныстар айтылды.

«Мәдени саланы қолдау – ұлттың рухани дамуына салынған инвестиция. Біз жас мамандардың келуіне жағдай жасап, өнер саласындағы кәсіптердің кәсіби стандарттары мен беделін нығайтуымыз керек. Бұл тек сабақтастықты емес, қазіргі отандық мәдениеттің дамуын да қамтамасыз етеді», деді А.Қапбарова.