
Бұл қандай конгресс?
ISAAC (International Society for Analysis, its Applications and Computation) халықаралық талдау, қолданбалар және есептеулер конгресі – бүкіл әлемдегі жетекші математиктерді, ғалымдар мен зерттеушілерді жинайтын, осы саланың болашағын бағамдайтын, ғылымның түрлі бағытындағы келешектің күрделі мәселелері мен шешімдерін ортаға салатын жетекші академиялық жиын.
Конгресс пленарлық дәрістерді, ғылыми сессияларды және талдаудың теориялық және қолданбалы аспектілері, математикалық модельдеу, дифференциалдық теңдеулер, гармоникалық талдау сияқты көптеген тақырыпты қамтитын семинарлардан тұрады. Бұл басқосу негізінен білім алмасу, байланыс орнату, сондай-ақ математика мен сабақтас ғылымдардағы ең жаңа жетістіктерді талқылау алаң болады.
Ең алғаш 1997 жылы Америкада ұйымдастырылған конгресс кейін Жапония, Германия, Канада, Италия, Түркия, Ұлыбритания, Ресей, Польша, Қытай, Швеция, Португалия, Бельгия секілді зерттеуге айрықша ден қойған, ғылымы қалыптасқан, бір ізге түсіп, даму жолы айқындалған елдерде өтті. Енді биыл Орталық Азия елі, соның ішінде біздің мемлекет осындай іргелі іс-шараны өткізу мәртебесіне қол жеткізіп отыр. Мұндай мәртебені жеңіп алған – соңғы рейтинг көрсеткіштері бойынша Орталық Азиядағы жетекші жоғары оқу орны қатарынан көрінген Назарбаев университеті.
Жиынның маңызы
Әдетте конференция, конгресс, форум деген дүниелердің бюджетті біраз босатып кететінін білеміз, сол себепті де көпшілік оның мән-маңызы мен қажеттілігінен гөрі ұйымдастыруға жұмсалған қаражат пен шетелден шақырылған сарапшылардың гонорарын көбірек тілге тиек етіп жатады. Ал біз сөз қылып отырған ғалымдардың конгресі – өткізу мүмкіндігі бірнеше кезеңді қамтитын ашық конкурс арқылы ғана берілетін, ұйымдастырушылардан шығын шықпайтын, керісінше қатысушылар жарна төлейтін беделі биік басқосу.
Мұндай көп адам жиналатын 5 күндік іс-шараны ұйымдастыру біздің ғалымдарға не беретіні дәл осы беделінен көрініп тұрғандай. Себебі дүние жүзіндегі атынан ат үркетін Оксфорд, Кембридж секілді университеттердің профессорлары, Нобель сыйлығына парапар Филдс сыйлығының иегерлері, Нобель сыйлығын тағайындайтын комитеттің мүшелері осы конгресс мінберінде тың тәжірибесін бөлісіп, мазмұнды баяндамалар жасайды. Ал біз осындай әлемдік тұлғалар бой көрсететін жерді, яғни елімізді сол сарапшылар арқылы дүйім жұртқа таныта түсеміз. Бұл халықаралық деңгейі өте жоғары шетелдік мамандардың өзі пікірімен, зерттеуімен санасатын ғалымдардың, ғылымның бізде де бар екенін көрсетеді.
Жә, енді құр сөзден нақты іс жүзінде қандай пайдасы барын жазайық. Биыл 15-рет өтіп отырған «ISAAC-2025» конгресінің төрағасы, Назарбаев университетінің профессоры, академик Дөрбетқан Сұраған осыған дейін бізге берген сұхбатында дәл осы мәселеге:
– Елімізде математикаға қызыққан 100-ге жуық жасты конкурспен іріктеп алдық, «Қалан» компаниясы «Travel grant» бөліп, оларды шетелдік білікті жас маманмен бірге жатақханаға жайластырамыз, конференцияға қатысып, баяндама оқиды, пікір алмасады, осының өзі жастарымызды шабыттандырады. Бұл – жұмсақ күш, мұндай жағдай арқылы қазіргі буын ертең шетелдік замандасымен бірге зерттеу жүргізуі мүмкін. Конгрестің тағы бір берері – осы конференция аясында түскен баяндамаларды, ғылыми мақалаларды сұрыптап, үздіктерін дүниежүзіне белгілі «Спрингер» баспасынан шығатын «Қазақстандағы математика» деген екітомдық кітапқа жинақтадық. Бас редактор ретінде жұмыстардың сапалы, қысқа емес, толық, телавтор ретінде кемі 1 отандық ғалымның болуын қадағалаймын. 60-қа тарта мақаланың ішінен 30-ға жуығын екшедік. Томдыққа енетін еңбек халықаралық деңгейде сараптамадан өтеді, квартилі жоғары журналға мақала шығарғанмен бірдей болады, кейін әлемдік университеттердің кітапханаларына таратылады, ондағы ғылыми жұмыстарға сілтемелер жасалады. Сондай-ақ автордың бірі ретінде шыққан елімізде оқыған докторант осы арқылы докторлық дәрежесін қорғауға жолдама алады, ғалымдардың беделін арттыруға ықпал етеді. Конгрестің ашылуында кітаптың тұсауы кесіледі. Әрі осының бәрі еңбегі жарияланған мамандарға тегін үлестіріледі, – деген еді. Нақты не берерін осыдан көруге болады.
Қатысушылар пікірі
Конгреске көптің алды болып келген басты қонақтардың бірі – ISAAC президенті Уве Келер (Uwe Kähler). Ол осы жиынға қатысушы жастардың қарасы көптігіне тоқталып, ғылымға қызыққан талантты буынға ұйымдастырушылардың грант арқылы қолдау көрсетуі оларды болашақта ғылымға келуіне ынталандыруы мүмкін екенін айтты.
– Бұл жерде осыншама жас әрі жаңа тұлғаларды көргеніме қуаныштымын. Әркім осы мүмкіндікті жаңа достар мен ғылыми серіктестер табуға пайдаланады деп үміттенемін. Айта кетейін, біздің конгресс те қатысушыларды ғылымға шабыттандыруға ынталы. ISAAC конференциялары аясында екі дәстүрлі сыйлық табысталады. Біріншісі – үздік жас математиктерге берілетін беделді «ISAAC Award». Биылғы Италиядан келген Elia Bruè лауреат атанып отыр. Екінші марапат – «President’s Award for Young ISAAC’s», аталған сыйлық қоғамдастықтың белсенді мүшелеріне беріледі. Бұл марапатқа осы жылы Бельгия өкілі Duvan Cardona ие болды, – деді «ISAAC» президенті.
ISAAC-2025 конгресі ұйымдастырушыларының ақпаратына сүйенсек, конгрестің өзегі – математика, алайда қазіргі ғылым межелі түрде пәнаралық сипатқа ие. Сондықтан талқыланатын тақырыптар өте кең, нақтырақ айтқанда 20-дан астам түрлі ғылыми бағытты қамтиды. Бұл – қазақстандық зерттеушілер үшін әлемнің үздік ғалымдарымен кәсіби байланыс орнатуға берілген бірегей мүмкіндік.
Сол талқылауларды ішінара тарқатсақ, қазір әлемде күн тәртібінен түспей тұрғаны – жасанды интеллект тақырыбы. Осыған қатысты ой-пікірін білдірген аустриялық-британдық математик, Филдс медалінің иегері, Швейцариядағы EPFL профессоры Мартин Хайрер жасанды интеллект жаңа идеяларды тудырмайтынын айтты.
– Жасанды интеллект күрделі мәселелерді шеше ала ма – әзірге белгісіз. Мен осындай құралдарды қолданып көрдім, бірақ олар мені таңғалдырмады. Шынында, бұл жүйелер жаңа идеялар ұсына алмайды. Ал ұзақ уақыт шешілмей келе жатқан күрделі есептерді шешу үшін бізге мүлде тың көзқарас, жаңа идея қажет. Қазіргі модельдер бар ақпаратты өңдей алады, бірақ жаңасын жасамайды. Себебі ол ақпаратты интернеттен алады. Оның жұмыс тәсілі – бар мәліметтер негізінде ең ықтимал жауапты табу. Ол кейде «ойдан шығарады», себебі ықтималдыққа ұмтылады. Мысалы, белгілі бір мәселе бойынша кім жұмыс істегенін сұрасаңыз, ол дереккөздер тізімін береді, оның ішінде шындыққа сай келмейтіндері де болуы мүмкін, бірақ бәрі ықтимал көрінеді. Жасанды интеллект ғасырдың ғылыми мәселелерін шешеді дегенге қатты сенбеймін. Жасанды интеллект үлкен жетістіктерге жетті, мысалы, «AlphaFold» жобасы (ақуыз құрылымын болжауға арналған жасанды интеллект 2023 жылы химия бойынша Нобель сыйлығын алған – ред.) – өте пайдалы, керемет жұмыс. Бірақ ол шынайы түсінік бермейді. Математикада біз дәл сол түсінікке ұмтыламыз. Мәселен, өздігінен жүретін машиналар туралы алайық. «Tesla» он жыл бойы толық автономды көліктер келесі жылы шығады деп айтып келеді. Машиналары жақсы жұмыс істейді, алайда толық автономды емес. Мәселе мынада: олардың қалай жұмыс істейтінін толық түсінбейсіз. Қателік болса, адам өлімі мен апатқа әкеледі. Жүйе 99,99% жұмыс істейді, бірақ неге екенін білмейміз. Өміріңді сенбей, қалай жұмыс істейтінін білмейтін жүйеге тапсыру математиктерге ұнамайды. Біз соны түсінгіміз келеді, – дейді М.Хайрер.
Жоғарыда жазғанымыздай, конгресте көп ғылыми жұмыстар тыңдалды. Соның ішінде басты баяндамашылар болды. Олар алдын ала жер-жаһанға таралған іс-шараның афишасында үлкен әріптермен жазылып, хабарланды. Солардың қатарында Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласындағы IMPA – Таза және қолданбалы математика ұлттық институтында жұмыс істейтін Алексей Майлыбаев та бар. Оның тегінен танып тұрғанымыздай, әкесі – қазақ, Көкшетаудың тумасы. Анасы – Вильнюстен. Айтпақшы, А.Майлыбаевқа Ұлттық ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың медалі табысталды. Марапатты Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев салтанатты түрде тапсырды. Осыған орай А.Жұмаділдаев: «Қазақстан – халқы аз мемлекет, сондықтан халықаралық деңгейде танылған азаматтарымыз біз үшін аса қымбат. Алексей – Бразилияда тұрақты ғылыми қызмет атқарып жүрген көрнекті ғалым. Біз оны бүгін осы жерде көріп отырғанымызға қуаныштымыз және бұл медальмен ризашылығымызды білдіргіміз келеді», деген ой айтты.
Ал конгрестің алғашқы күні басты қонақтардың бірі ретінде «Spontaneous Stochasticity» тақырыбында пленарлық баяндама жасаған А.Майлыбаев конгресс, жалпы математиканың жаңа бағыты, Қазақстандағы ғылым туралы:
– «ISAAC-2025» конгресіне қатысу математиканың өкілдерімен еркін пікір алмасуға, жаңа идеялармен танысуға және өз еңбектеріме басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Қатысушылардың көбін бұрыннан білемін, түрлі конференцияда жиі кездесеміз. Мысалы, былтыр Мартин Хайрердің Швейцариядағы институтында курс өткізгенмін. Сондай-ақ Сібірден келген таныстарымды кездестірдім, қазіргі уақытта олармен жүздесу оңай емес. Жаңа бағыттарға келсек, жасанды интеллект көз алдымызда тез қарқынмен дамып келеді. Бұл – алға басуды қажет ететін аса маңызды қолданбалы сала. Көптеген ел осы бағытта АҚШ, Қытай және Ұлыбритания сияқты көшбасшылардан едәуір артта қалып отыр. Қазақстанда әрдайым мықты ғалымдар болғанын білемін. Қазіргі ғылым өкілдерін алыста тұратындықтан, көп тани бермеймін. Алайда қазір көріп отырмын: мұнда өте қабілетті жас ғалымдар өсіп келеді екен. Олармен және олардың жұмыс істеп жатқан ортасымен танысу – үлкен мәртебе, – деді.
Конгресті ұйымдастыру комитеті ұсынған жиынның қорытынды статистикасына қарасақ, шетелдік және отандық белгілі ғалымдар айтулы іс-шараның 26-ға бөлінген түрлі тақырыптағы сессияларында ғылымның әрқилы бағыты бойынша 350-ден көп баяндама жасап, зерттеулері мен содан туған ой-пікірлерін ортаға салды. Жалпы ауқымды жиынға әлемнің әр қиырынан, дәлірек айтсақ, 60 елден бас-аяғы 600-ден аса адам қатысты, онлайн трансляцияны 3000-нан көп адам қарады. Дүниенің түпкір-түпкірінен келген жас ғалымдарға грант берілді, конгрестің атаулы сыйлықтары табысталды.