Өнер • Бүгін, 08:50

Әлемді аузына қаратқан талант

60 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Опера әншісі һәм Аста­на қаласындағы Қазақ ұлттық өнер академия­сының түлегі Әйгерім Алтынбекқызы Италияның Портофино қаласында өтіп жатқан халықаралық CLIP (Concorso Lirico Inter­nazionale di Portofino) опера әншілері байқауында топ жарып, бірінші орын яғни бас жүлде иегері атан­ды.

Әлемді аузына қаратқан талант

CLIP байқауы – әлемнің түрлі ел­дерінен 32 жасқа дейінгі аса талантты опера әншілері ғана бақ сынайтын өте беделді жарыс. 2015 жылдан бері тұрақты ұйымдастырылып келеді.

Қазылар алқасы құрамында – Милан қаласындағы La Scala, Монте-Карлодағы Опера, Буэнос-Айрес­тегі Колон театры, Мадридтегі Король театры, Висбаден мемлекеттік театры сынды танымал өнер ордаларының басшылары төрелік жасаған бұл жолғы өнер сайысына әлемнің 50-ден астам мемлекетінен 200-ден аса әнші қатысқан екен.

әнші

Осылардың ішінен 92 вокалист тікелей тың­дауға шақырылып, жар­тылай финалға 22 қаты­сушы өткен көрінеді. Ал финалдық кезеңге тек 10 үздік вокалист жол­дама алған. Әйгерім сол үздік­тердің арасынан суырылып шы­ғып, бас жүлдесін иеленді.

Әнші қызымыз инстаграм парақ­шасына: «Бұл мен үшін ерек­ше тә­­жірибе болды. Алдағы уақыт­та бұдан да үлкен асу­ларды бағын­дырам деген сенімдемін», деп жазса, «Аталған байқаудың ха­лық­ара­лық опера өне­рінде орны өте зор еке­нін ес­керсек, мұн­дай дең­гейдегі жеңіс – үлкен же­тіс­тік» дейді отандық мамандар.

Қазіргі таңда халық­аралық деңгейде қазақ атын шығарып жүрген қарындасымыз 1996 жылы қаймағы бұзылмаған Қызылорда облысының Қар­мақшы ауданы Тұр­мағамбет ауылында туған. Жасынан ән өнеріне ынтасы оянған ол 2012 жылы облыс орталығында ор­наласқан Қазанғап атын­дағы музыкалық кол­леджге оқуға түсіп, кәсіби әншілік жолын бастаған.

Кейін елордадағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясында білімін жетілдіріп, талантының арқа­сында әлемдегі ең бе­делді опера мектебі – Италиядағы «Ла Скала» театр академиясында та­ғы­­­лымдамадан өтіпті.

«Опера әншісі Әйгерім Алтын­бек – көптеген халық­аралық вокалдық байқаудың лауреаты. Ол танымал композитор Джа­­комо Пуччинидің 100 ­жыл­дығына орай ұйым­дастырылған халықара­лық опера әншілері бай­қауында жеңімпаз атанды. Сонымен қатар Ита­­лияның Модена қала­сында өткен Николай Гяу­ров атындағы опера әншілерінің халықаралық байқауында үшінші орын иеленді. Қазақ әншісі атақты италиялық опера әншісі Мирелла Френидің арнайы сыйлығын алды. Әлемнің 470 әншісі қа­тысқан Рената Тебальди атындағы халықаралық вокал конкурсында екінші орын­ға ие болды», деп хабарлайды Мәдениет және ақпарат министрлігі­нің баспасөз қызметі.

Осы уақытқа дейін рес­пуб­ликалық және ха­лықаралық деңгейдегі бір­қатар вокалдық бай­қау­ларда алдыңғы орындар­дан көрініп, еліміздің атын әлемдік сахнада танытып келе жатқан Әйгерім Ал­тынбекқызының әрбір же­тістігі – еліміздің мәде­ниет пен өнер саласындағы бе­делін арттыра түсері сөзсіз. Талантты өнер иесін осы жарқын жетістігі­мен шын жүректен құттық­тап, шығармашылық табыс пен толағай жеңістер тілей­міз.