Форум • Кеше

Оралда өңірлік инвестициялық форум өтті

70 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орал қаласында KazService ұйымының бастамасымен «ҚПО: Стратегиялық міндеттерді жүзеге асыру жолында» атты өңірлік инвестициялық форум өтіп жатыр деп хабарлайды Egemen.kz.

Оралда өңірлік инвестициялық форум өтті

Фото: KazService телеграм арнасы

Форумға Қазақстан экономикасының күретамыры саналатын мұнай-газ саласындағы негізгі ойыншылар — КПО, NCOC, ТШО сияқты ірі инвесторлар толық құрамда қатысты. Іс-шара жергілікті бизнестің мүмкіндігін кеңейту, отандық қамтуды арттыру және өндірісті әртараптандыру мәселелеріне арналған. Соның ішінде Батыс Қазақстан облысындағы Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг б.в. компаниясының жұмысына қазақстандық бизнес өкілдерін қатыстыру, отандық мазмұнды көбейту, мемлекет, халықаралық оператор және отандық жеткізушілер үштігінің жұмысына жаңаша үйлестіруге баса назар аударылып отыр. Жиынға қатысушылар ұзақмерзімді әріптестіктің келешегін талқылап, өндірісті кіріктіру, инженерлік шешімдерді дамыту мәселесін де талқылады. Форум аясында пленарлық және техникалық секциялар, іскер кездесулер, мамандандырылған көрмелер ұйымдастырылды.

Форум жұмысына Қазақстан Республикасы энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек, Мәжіліс депутаты Абзал Құспан, БҚО әкімінің міндетін атқарушы Қалияр Айтмұхамбетов, ҚПО бас директоры Марко Марсили, AGIP Karachaganak B.V. бас директорының орынбасары Гаетано Вешера, ІМВС бас директоры Дастан Әбішев, Атамекен ҰКП мұнайгаз секторы департаментінің атқарушы директоры Мұратбек Маханов т.б. қатысып жатыр. Жиынның модераторы – KazService Президиумының төрағасы Рашид Жақсылықов.

Меймандар, олардың қатарында Батыс Қазақстан облысынан бөлек Маңғыстау мен Қызылорда облысы әкімдіктерінің өкілдері бар, Alageum Electric, NSG, Энерго Плюс А, Азот зауыты, PSI, Ақбарыс, ChemInvest, AlexAsu т.б. компаниялардың көрмеге қойылған өнімдерімен танысты.

Пленарлық отырыста Мәжіліс депутаты Абзал Құспан сөз алып, бұл форумды – ашық диалог пен нақты өзгерістерге жол ашатын маңызды алаң деп атады.

- Алдымен осындай маңызды диалог алаңын ұйымдастырғандарыңыз үшін алғыс білдіремін. Қарашығанақ жобасы – еліміздегі ең ірі жобаның бірі, ал оның өңір экономикасына қаншалықты ықпалдасуы – барлығымыз үшін маңызды, - деді депутат.

Абзал Құспан компания жұмысындағы оң өзгерістер қатарында 2024 жылы жергілікті қамту деңгейі 65%-ға жеткенін, семинар, кездесулер ұйымдастырылғанын, 2030 жылға дейін қазақстандық тауарлар үлесін 30%-ға жеткізу мақсаты қойылып отырғанын, 50-ден астам ұзақ мерзімді келісімшарт жасалып, жергілікті мазмұнға қызығушылық артып келе жатқанын атап айтты.

Алайда, халық қалаулысының айтуынша, әлі күнге шешімін таппаған мәселелер де бар.

Біріншіден, Батыс Қазақстанда жергілікті кәсіпкерлік орта әлі де әлсіз. Атыраудағыдай серпіліс болмады. ТШО жергілікті бизнесті дамытуға нақты серпін берген болса, Қарашығанақ жобасы әлі ондай деңгейге жеткен жоқ.

Екіншіден, Offtake-келісімшарттар жабық күйде қалып отыр. Депутаттық сауалдарға қарамастан, нақты тізім ұсынылмай келеді. «Егер қыркүйекке дейін тиісті ақпарат берілмесе, бұл мәселені Мемлекет басшысының деңгейінде көтеруге мәжбүр боламын» деді Абзал Құспан.

Үшіншіден, жергілікті компаниялар ірі тендерлерге қол жеткізе алмай отыр. Кері байланыс жоқ, бағалау критерийлері түсініксіз, ал тендерлік лоттар шағын және орта бизнес үшін қолжетімсіз.

Төртіншіден, инженерлік және жөндеу қызметтерін жергілікті деңгейде игеру әлі де төмен. Мұнда жоғары оқу орындары, ғылыми-техникалық орталықтар мен технопарктерді тарту маңызды.

«Біз конструктивті диалогты қолдаймыз. Бірақ ол формалды емес, нәтижелі болуы тиіс. Жергілікті бизнес жұмыс істеуге, даму мен жауапкершілік алуға дайын. Ең бастысы — тең мүмкіндік пен ашық қолжетімділік қажет» деп қорытты сөзін Мәжіліс депутаты.

Форумның техникалық секциясында ҚПО компаниясы бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев альянстың алдында тұрған басты меже – 2030 жылға дейін тауар түріндегі жергілікті мазмұнды – 30 пайызға, жұмысшылар үлесін – 82%, отандық қызмет көрсетушілер арасалмағын 90%-ға дейін жеткізу екенін хабарлады.

Мұхтар Манкеевтің айтуынша, қазақстандық жеткізушілерді қолдау мақсатында ерте тендерлер, алдын ала тапсырыстар, әріптестіктің жаңа формалары ұсынылып жатыр. Сондай-ақ көптеген тауарлар – реттегіш қақпақтар, химиялық реагенттер, манометр және басқа да бұйымдар қазір тек отандық өндірушілерден алынып жатыр.

«2020-2025 жылдар аралығында жергілікті тауар өндірушілермен арада жалпы құны 8,7 млрд АҚШ долларына тең 1300-ден аса келісім шартқа қол қойылды» деді Мұхтар Манкеев.

Компания басшысының тағы бір орынбасары, өндіріс жөніндегі директор Никола Аллегро өз сөзінде Қарашығанақ кенішінде қазіргі таңда атқарылып жатқан операцияларға тоқталды. Оның айтуынша, Қарашығанақ – мұнай мен газ конденсаты қоры жөнінен әлемдегі ең ірі кеніштің бірі. Соңғы есептерге қарағанда, мұнда 1,2 млрд тонна мұнай мен конденсат, 1,35 трлн текшеметр газ бар екен. Қазір ҚПО жер қабаттарын толық басқарып, бұрғылау, скважиндерді күрделі жөндеу, сынақ жасау, өндірістегі барлық жабдыққа техникалық қызмет көрсету секілді жұмысты атқарып отыр. 

ҚПО компаниясына қажет тауарлар мен қызметтерді жеткізу, ұйымдастыру жұмысына жауапты Дос Сантос Сильвестр Карлос Антонио да өз сөзінде жергілікті тауарөндірушілердің түрлі тендерге қатысу мүмкіндігі молайғанын айтады. Мәселен, 2025 ылдың алғашқы жартысында ҚПО 127 келісім-шарт жасаған, оның 97,7%-ы Қазақстан резиденттеріне тиесілі. Мұның ішінде батысқазақстандық фирмалардың үлесі 25%-ды құрайды. Компания тізімінде 243 жаңа жеткізуші тіркелген, ал 421 компания 2022 жылдан бері әріптестік байланыста келе жатыр.

Батыс Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда күн суытады

Ауа райы • Кеше