Қоғам • Бүгін, 11:44

Зейнетақыдан салық ұсталмайды

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Соның аясында азаматтар зейнетақы төлемдерінен жеке табыс салығын (ЖТС) мүлде төлемейтін болады. Дегенмен, бұл жеңілдікке дейін де мемлекет әлеуметтік тұрғыдан осал азаматтарға бірқатар жеңілдік ұсынып отыр, деп жазады Egemen.kz.

Зейнетақыдан салық ұсталмайды

Коллаж: Денис Андреев

Бұған дейін тұрғын үй сатып алу немесе емделу үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау қорынан біржолғы зейнетақы төлемін алған кезде әлеуметтік осал санаттағы адамдардан 10% көлемінде ЖТС бірден ұсталып келді. Алайда 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап өзгеріс енгізіліп, 882 айлық есептік көрсеткішке (шамамен 3,4 млн теңге) дейінгі сомаға стандартты шегерім қолдану тәртібі бекітілді. Яғни бұл мөлшерге дейінгі зейнетақы төлемі салықтан босатылады.

Ең басты жаңалық – осы жеңілдікті бұрын пайдалана алмағандар үшін де мүмкіндік ашылып отыр. Егер азамат бір жолғы зейнет ақы төлемін 2021–2022 жылдары алған болса және ЖТС-ты қайтару туралы өтініш беріп үлгермеген болса, енді оған 5 жыл мерзім берілді (бұрын бұл 3 жылмен шектелетін). Бұл өзгеріс 2025 жылдың 15 шілдесінен бастап күшіне енді.

Салықты қайтарып алуға бірінші, екінші және үшінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған ата-аналар мен қамқоршылар, жетім балаларды тәрбиелеуші отбасылар, соғыс ардагерлері және басқа да санаттағы адамдар құқылы.

Өтінішті Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының кез келген бөлімшесіне беруге болады. Егер өтініш қанағаттандырылса, артық төленген салық зейнетақы шотына қайтарылады немесе болашақта төленетін зейнетақы төлемдерінен ұсталып қалмайды.

Айта кету керек, бұл ереже тек 2025 жылдың соңына дейін қолданылады. Ал 2026 жылдан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі бойынша барлық зейнетақы төлемдері жеке табыс салығынан толық босатылады. Бұл – әлеуметтік әділеттілікті нығайту жолындағы маңызды қадам.