Форум • Бүгін, 09:10

Халықаралық әріптестік

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Түрікменстан астанасы Ашхабад қаласында БҰҰ-ның теңізге шыға алмайтын дамушы елдер жөнін­дегі Үшінші конференциясы (LLDC3) аясында пар­ламенттік форум ұйымдастырылып, оған Сенат төрағасының орынбасары Жақып Асанов қатысты.

Халықаралық әріптестік

Сурет: senate.parlam.kz

Халықаралық парламенттік одақтың, UN-OHRLLS және Түрікменстан Парламентінің қолдауымен өткен форум барысында тұрақты дамудың негізгі мәселелері, Аваза іс-қимыл бағдарламасын іске асырудағы парламенттердің рөлі, сондай-ақ өңірлік және халықаралық әріптестікті нығайту жолдары талқыланды.

Форум қатысушылары LLDC елдері парламенттері арасындағы күш-жігерді үйлестірудің маңыз­дылығын атап өтті. Бұл ең алдымен, көлік және сауда инфра­құрылымын дамытуға, есептілікті қамтамасыз етуге және институционалдық тұрақты­лықты арттыруға бағытталған заңнамалық бастамаларды ілге­рілету үшін қажет. Сонымен қатар теңізге шыға алмайтын елдердің мүдделерін көздейтін көпжақты сауда жүйесін қалыптастыру, бейбітшілік пен сенімді нығайту және тұрақты даму мақсатында парламенттік ынтымақтастықты күшейту мәселелеріне де ерекше назар аударылды.

Форум қорытындысы бойын­ша Аваза іс-қимыл бағ­дар­ламасының мақсаттарын жүзеге асыруға ұлттық парламенттердің белсенді қатысуын және ынты­мақтастықтың негізгі басым­дықтарын бекітетін Парламенттік декларация қабылданды.

Қазақстан делегациясының мұндай халықаралық іс-шараларға қатысуы еліміздің парла­менттік дипломатия сала­сындағы ұстанымдарын одан әрі нығайтуға, сондай-ақ тұ­рақты даму мен өңірлік ынты­мақ­тастық салаларындағы ұлттық мүдделерді ілгерілетуге ықпал етеді.

 

Ауыл тұрғындарымен кездесті

Сенат депутат­тарының өңірлерге сапары да жалғасып жатыр. Наурызбай Байқадамов пен Руслан Рүстемов Қызылорда облысының Жалағаш ауданына барып, баламалы энергетика саласындағы жобаның жүзеге асырылу барысымен танысып, ауыл тұрғындарымен кездесті.

Сенаторлар «Nomad Solar» ЖШС-ның күн электр стансасына барды. Нысан 164 гектар аумақты алып жатыр, оның 75 гектарына күн панельдері орнатылған. Станса 2019 жылы іске қосылған және өңірдің тұрақты дамуына үлес қосып, экологиялық таза электр энергиясымен қамтамасыз етіп келеді.

Парламент мүшелері мұн­дай жобаның елдің энерге­тикалық тәуелсіздігін нығайтып, эко­логиялық күн тәртібін ілгерілету үшін маңызы зор екенін атап өтті. Сондай-ақ «жасыл» энергетиканы дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала беретінін жеткізді.

«Баламалы энергетиканы дамыту – еліміздің экологиялық мақсаттарына қол жеткізу және энергетикалық қауіпсіздігін нығайту жолындағы маңызды бағыт. Мұндай жобалар өңірлердің тұрақты дамуына серпін беріп, экономика үшін жаңа мүмкіндіктер ашады», деді Р.Рүстемов.

Іссапар барысында сенаторлар ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген Таң ауылының тұрғындарымен де кездесті. Ашық диалог барысында суармалы судың жетіспеушілігі және ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу мәселелері көтерілді.