
Кездесу барысында қосылған құн салығы, корпоративтік және жеке табыс салығына қатысты өзгерістерге ерекше назар аударылды. Қатысушыларға екі жылдан астам уақыт бойы әзірленген жаңартылған Кодекстің басты тұжырымдамалары таныстырылды. Атап айтқанда, есеп беру нысандарын оңайлату және есептілікті азайту, арнайы салық режімін жаңарту, салық салу тәсілдерін қайта қарау, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін ҚҚС жеңілдіктерін 70%-дан 80%-ға дейін ұлғайту, жоспарлы салық тексерулерін алып тастау, сондай-ақ салық есептілігін қайтарып алуға тыйым енгізу әңгіме арқауына айналды.
«Кәсіпкерлерден, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасынан және салалық қауымдастықтардан көптеген ұсыныс түсті. Сенатта кодексті пысықтау кезінде олардың басым бөлігі ескерілді. Біздің міндетіміз – заңдарды қабылдап қана қоймай, олардың тәжірибеде тиімді қолданылуын қамтамасыз ету. Біз нормалардың орындалуын қадағалауды жалғастырып, Үкіметпен бірге қосалқы актілерді әзірлеуге қатысамыз», деді Е.Больгерт.
Сондай-ақ Сенат Мәжіліске жіберген түзетулер туралы да ақпарат беріп, Парламент бизнесті жаңа салықтық реттеу жағдайларына көшу үдерісінде қолдау үшін кәсіпкерлермен ашық диалогті жалғастыра беретінін айтты.
Сенаторлардың аймаққа сапарлары аясында депутаттар Серік Шайдаров пен Советбек Медеубаев Ұлытау облысындағы инфрақұрылымдық және әлеуметтік маңызы бар нысандардың жағдайымен танысты. Олар Сәтбаев қаласындағы «Kazakhmys Distribution» ЖШС-на қарасты №1 Жылу электр орталығына барып, стансаның қазіргі жұмысы, өндірістік үдерістері мен жабдықтарының жай-күйі, сондай-ақ үшінші көтерілімдегі сорғы стансасы мен №1 магистралды жылу желісін жаңғырту жобаларының жүзеге асырылуы жөнінде ақпарат алды.
Сапар барысында халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесі де басты назарда болды. Сенаторлар «Уйтас-Айдос» су алғышындағы екінші көтерілімдегі сорғы стансасын жаңғырту және Жезқазған қаласындағы шаруашылық-ауызсу тазарту жүйесі су құбырының құрылысы барысымен танысты.
Сондай-ақ Жезқазған қаласында «Kazakhmys Energy» ЖШС-на қарасты жылу электр орталығында болып, алдағы жылыту маусымына дайындық барысын көрді. Бұдан бөлек, шаруашылық-ауызсу тазарту нысандарының жай-күйіне және Кеңгір су қоймасының экологиялық жағдайына ерекше көңіл бөлінді.
«Жылыту маусымына дайындық – халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін мәселе. Әсіресе Сәтбаев жылу стансасында түтін газдарын тазарту жүйесінің орнатылып жатқаны маңызды. Бұған дейін бізге қала тұрғындарынан экологиялық жағдайға байланысты алаңдаушылық білдірген өтініштер түскен. Бүгінгі қабылданып жатқан шаралар – сол сұраныстарға жауап әрі зиянды қалдықтарды азайту жолындағы нақты қадам», деді С.Медеубаев.
Сонымен қатар сенаторлар облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысына қатысып, Сенаттың заң шығару қызметі туралы баяндап, өңірлік мәселелерді шешуде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендерін білдірді.