Еңбек • Бүгін, 09:10

Жас келсе – іске

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы еліміздің кадрлық әлеуетін біртіндеп көтеру мәселесін алға қойып отыр. Сол себепті 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланғаны да мәлім. Жұмысшы мамандықтарды насихаттау және олардың мәртебесін көтеруге мән беріліп, көптеген жоба қолға алына бастады.

Жас келсе – іске

Суретті түсірген – Есенжол Исабек

Студенттер теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, өндіріске ерте бастан араласуға ден қойса, жас мамандарды көтермелеу, олардың әлеуметтік жағдайын арттыруға да мемлекет деңгейінде назар аударылып отыр. Мұндай қолдау арқылы жұмысшы мамандар қалыптасқан салалардың көсегесін көгертіп, ел экономикасындағы кадрлық саясатты күшейте түсетіні анық.

Облыс орталығындағы Достық үйінде «Жас еңбеккер – ел үміті» атты республикалық форум өтті. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшы­лығының меңгерушісі Марат Әзілханов қатысты. Іс-шара белсенді жастарды, кәсіпорын басшыларын, этномәдени бірлестіктердің өкілдерін, оқушылардың жазғы жұмыспен қамтылу жобаларына қатысушыларды, ата-аналар қауымдастығын, жұмысшы жастар мен мемлекеттік орган басшыларын біріктіргенін атап өткен жөн.

Жиында жұмысшы мамандықтарды дәріптеудегі ҚХА-ның рөлі, жастарды азаматтық пен патриотизмге тәрбиелеу, оларды өндірістік үдерістерге тарту, мектеп оқушыларына кәсіби бағдар беру, кәсіпорындарда шеберлік сабақтары мен экскурсиялар ұйымдастыру мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде: «Ассамблея – мемлекеттігімізге арқау болған аса маңызды құрылым. Бұл – Ассамблеяға артылатын жүктің салмағы да жеңіл емес деген сөз. Ұлттық мүдделерімізді қорғап, егемендігімізді нығайту – қастерлі парыз. Мұны Ассамблея мүшелері терең сезінеді деп ойлаймын. Басты міндет – Қазақстан халқының татулығы мен ауызбіршілігін, мемлекетіміздің тұтастығы мен киелі Тәуелсіздігімізді нығайту», деген еді.

Еңбек адамының мерейін көтеру, жұмысшы мамандықтардың маңызын арттыруға бүгінде Ассамблея мүшелері де білек сыбана кіріскен. Этномәдени орталықтардың мүшелері көптеген жобаға бастамашы болып, ел бойын­ша тың тәжірибе қолға алына бас­тады. Мысалы, Павлодар трамвай басқармасы жас мамандарды даярлау ісін ұйымдастырған. Оларды табыс табуға, табысты еңбек етуге баулып, нәтижелер көрсетіп келеді. Бұл бастама оң бағаланып, қазіргі уақытта республикалық деңгейде насихатталуы тиіс жобалар қатарына енген. Еңбек адамын дәріптеу, еңбек адамының қоғамдағы рөлін арттыру, жастарды еңбекке, еңбексүйгіш болуға, отансүйгіштікке шақыру – форумда негізінен осы тақырыптар талқыланды. Бұл орайда Ассамблеяның маңызды рөл атқаратыны да атап өтілді. Себебі еңбек ұжымдарында көптеген этнос өкілі жұмыс істейді. Ал олардағы ортақ рухани құндылықтар, тату-тәтті тірлік қоғамдық институттың тұрақты назарынан түспейтіні белгілі.

– Бүгінгі сапардың мақсаты –этносаралық келісімді, бірлікті нығайту, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру және Павлодар облысындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы бас­тамаларын қолдау. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясының әр өңірде орнымен жүзеге асуына мән беріп отыр. Осы орайда мен Павлодар қаласы «Таза Қазақстанның» шынайы үлгісі екенін айтқым келеді. Шаһар көрікті ғана емес, өте таза, жинақы, адамдары да мәдениетті. Бұл – ары-беріден соң жергілікті тұрғындардың тазалыққа деген көзқарасының жарқын көрінісі. Елге, туған жерге, Отанға деген сүйіспеншілік осындай тазалық мәселесінен басталады. Ал айналасы тап-тұйнақтай жерде еңбек ететін адамдардың өмірі де жарқын келеді. Павлодарда еңбексүйгіш адамдар көп тұратынының бір дәлелі де осы болар. Оның үстіне Ертіс-Баян өңірінде индустрия, ауыл шаруашылығы жақсы дамыған. Металлургия, энергетика, мұнай-химия және өзге де салаларда мыңдаған қарапайым адам еңбек етіп жүр. Осы игіліктердің барлығы жасампаз адамдардың нәтижелі еңбегі, – деді Марат Әзілханов.

Қазіргі жастар қоғамы күрделі кезеңде өмір сүріп отырғанын жоққа шығаруға болмас. Роботтандыру, цифр­ландыру технологиялары өмірімізге дендеп еніп, өмірдің барлық саласы соған тәуелді бола бастағанын байқаймыз. Мұндай өзгерістерге жастар мектеп қабырғасынан дайындалып, трендтегі технологияларды танып өскені абзал, дейді аға буын өкілдері.

Өңірлік ардагерлер кеңесінің төрағасы Рымтай Шөкеев жастар әрда­йым белсенді болуы керек деп есеп­тей­ді. Мемлекет қазіргі уақытта кез кел­ген азаматтың мамандық игеруіне мүд­делі. Жүздеген мамандық түрі тегін оқытылып, ай сайын шәкіртақы төленеді. Оқу орнын тәмамдаған соң жұмысқа орналасуына да қолұшын береді.

«Біз еңбек еткен кеңестік кезеңде жұмысшы күші тапшы болды. Сондық­тан болар, кеңшарларда жұмыссыз отырған бірде-бір адам ұшыраспай­тын. Мамандығы жоқтарды оқыт­тық, жұмысына адал жандарға барлық жағ­дайын жасадық. Алайда ол кезде жұмыс­шы мамандардың еңбекақысы қазіргімен салыстырғанда едәуір аз еді. Өмір сүру сапасы да қазіргідей болмады. Ал бүгінде көптеген кәсіпорын өз қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына дұрыс қарап, артықшылықтар беріп отыр. Мұндай жаңашылдық өзгелерге үлгі болуы керек. Біздің облыста жұмыс орындары баршылық. Мысал үшін ауыл шаруашылығына мамандар, ветеринарлар жетіспейді. Маман даярлайтын оқу орындары осыған көңіл аударуы керек деп ойлаймыз», дейді ақсақал.

Жас маман Александр Шапо­валов Успен ауданындағы «Киров» ЖШС-ын­да еңбек етіп жүргеніне үш жылдай уақыт болыпты. Айтуынша, серіктестікте электрик болып жұмыс істейді. Қазіргі Павлодар ақпараттық технологиялар колледжін тәмамдаған соң таңдауы бірден ауылға түскен.

«Шаруашылығымыз сүт бағыты­на бейімделген, мал фермалары, суар­малы жерлер бар. Астық қамба­лары орналасқан. Солардағы электр жаб­дық­тарын бабында ұстап, желілерді қалпына келтіріп отырамыз. Өзім сияқты тағы 3 электрик бар. Басшыларымыз барлығы­мыздың әлеуметтік жағдайымызбен санасады, демалысымызды тиімді өткізуге көңіл бөледі. Алатын жалақымыз да лайықты», дейді А.Шаповалов.

Ал Ақсу қаласына қарасты Евгеньевка ауылынан келген 11-сынып оқушысы Еркебұлан Тіленіш жазғы уақытта жергілікті шаруашылықта еңбек етіп жүргенін мақтанышпен жеткізді. Оның сөзінше, маусымдық жұмыс ол үшін ең әуелі табыс табуға мүмкіндік беріп отыр. Осылайша, ата-анасына көмектеседі. Ал екіншіден, ерте бастан еңбекте тәжірибе жинауға сеп болады.

«Біздің қожалықта 20-ға жуық жас бар. Дәл осындай бригадалар мен қожалықтар біздің аймақта бірнешеу. Замандастарым күніне орта есеппен 8-12 мың теңге аралығында табыс табады. Өз басым адал еңбекпен ақша табудың қадірін түсінгендеймін. Егін шаруашылығы сырт көзге қарапайым көрінгенімен маңызды әрі машақаты мол сала. Елдің азық-түлік қауіпсіздігі осы жерден басталады. Сондықтан мұндай еңбек әрдайым керек әрі әділ бағалануы тиіс деп ойлаймын», дейді жас өрен.

Айтып өтейік, форум аясында Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов жергілікті этномәдени бірлестіктердің төрағаларымен және «Ассамблея жастары» қозғалысының белсенділерімен кездесті. Онда өңірдегі этносаралық келісімді нығайту, жанжал­дардың алдын алу және этномедиа­ция саласына жаңа тәсілдерді енгізу мәселелері қозғалды. Этномәдени бірлес­тіктердің азаматтық бірегейлікті қалып­тасты­руға және әлеуметтік бастама­лар­ды іске асыруға белсенді атса­лысуы­ның ма­ңыз­дылығы аталып өтті. Жас­тардың бас­тамаларын қолдау, волон­терлік қызметті дамыту, техникалық мамандықтарға баулуға бағытталған білім беру жобаларын жүзеге асыру мәселесі сөз болды.

Сапар аясында М.Әзілханов Павлодар қаласындағы Д.Махмудов атын­дағы трамвай басқармасының ұжы­мы­мен кездесті. Аталған мекеме – ҚХА-ның жастарды жұмыспен қамту жөнін­дегі жобасының серіктесі. Кездесу бары­сында кәсіпорынның әлеуметтік маңы­зы бар бағдарламаларға қатысуы, этно­мә­дени бірлестіктермен өзара іс-қи­мы­лы және жұмысшылардың қоғамдық өмір­ге тартылуы мәселелері сөз болды. Мек­теп оқушыларының жазғы еңбекпен қамты­луын қолдау – жас ұрпақты еңбек арқылы тәрбиелеудің, жауапкершілік пен кәсіби бағдарды қалыптастырудың тиімді құралы ретінде ерекше аталып өтті. ҚХА мүшесі В.Берковский үйлестіретін бұл жоба мыңдаған жасөспірімге алғашқы еңбек дағдыларын алуға мүмкіндік беріп отыр.

Сондай-ақ кездесу барысында Павлодар облысы ҚХА-ның бастамасымен Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай шығарылған «Қара сөздер» аудио жинағы таныстырылды. Бұл жинақ бұдан былай шаһардағы трамвайларда ойнатылып, рухани мұраны күнделікті өмірде насихаттаудың, мәдени контентті цифрландырудың жарқын үлгісіне айналмақ.

 

Павлодар облысы