
Сот орындаушыларының жұмысын арттыру цифрландыру, кәсіби біліктілікті арттыру және жауапкершілікті күшейту арқылы жүзеге асуы мүмкін. Сонымен қатар осы саланы реттейтін заңнаманы жетілдіру, мамандарды даярлау мен іріктеу мәселелеріне де ерекше назар аударылмақ.
Е.Больгерттің айтуынша, жеке сот орындаушылары жүйесі әділдікті қамтамасыз етуде және азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіруде маңызды рөл атқарады. Депутат қазіргі таңда сот орындаушыларына қойылатын кәсіби талаптарды арттырып қана қоймай, олардың жұмысына қоғамның сенімін күшейту де аса маңызды екенін жеткізді.
«Жеке сот орындаушыларының жүйесі ашық, тиімді және азаматтардың мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс. Кәсіби стандарттарды көтеру, халықпен өзара іс-қимылды жақсарту және жауапкершілікті арттыру бағытында нақты қадамдар қажет. Тек осылай ғана біз қоғамның сенімін нығайтып, сот шешімдерінің әділ орындалуын қамтамасыз ете аламыз», деді сенатор.
Ал Сенат депутаты Қ.Тастекеев Семей қаласындағы Медициналық университет госпиталінің жұмысы, жаңа ангиографтың мүмкіндіктері және бұл құрылғының пациенттерді диагностикалау мен емдеудегі маңызымен танысты. Медициналық персоналмен кездесу барысында парламентші Сенаттың заң шығару қызметі және медицина қызметкерлерінің құқықтары мен қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жоспарланған түзетулер туралы ақпарат берді.
Бұған қоса, сенатор «Amanat» партиясы облыстық филиалының төрағасымен кездесіп, өңірлік бағдарламалардың жүзеге асырылуы, олардың тұрғындар үшін маңызы, өзекті мәселелер және алдағы даму жоспарлары жөнінде пікір алмасты. Депутат өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру және инфрақұрылымдық жобаларды тиімді іске асыру – негізгі басымдықтың бірі екенін атап өтті.