
Түркістан облысының қала, аудандарынан келген жас күйшілер байқауда Генерал Асқаровтың «Назқоңыр» кітабынан бір күй орындаса, екінші кезеңде Созақ өңірі күйшілерінің шығармасынан бір туынды тартты. Жас күйшілердің өнеріне еліміздің белгілі күйші-ұстаздары мен мәдениет саласының майталмандары қазылық етті.
Күйшінің әкесі Әбдірауық Созақ жұртына мәлім домбырашы, анасы Аманкүл Асқаркеліні әдемі ән салатын, оның үстіне өлең-жырларды, дастан-қиссаларды жатқа айтатын өнерпаз. Генерал балалық шағында ауылдастары Сүгірдің, Жаппастың, Нұртайдың көзін көреді. Солардан тәлім алады. Күйді бір естігенде қаз-қалпында қайталап тартып беретін Генералдың ерекше қабілет иесі екенін аңғарған аға буын оны жатырқамаған, жақын тартқан, үйреткен. Алыптардың қасында жүріп, көп үйренген бозбала мектепті бітірген соң Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияға түседі. Осы оқу орнында білікті ұстаздар мен шығармашыл ортаның назарына ілігеді. Қаратаудың күй өнерімен сусындаған Генерал енді Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина шығармаларының астарына үңіледі. Тәттімбеттің шертпе күйлерін ұстазы Жаппас Қаламбаевтан үйренеді. Консерваторияда оқып жүргенде бірнеше әнін қазақ радиосы арқылы елге таратып, күйлерін күйтабақтарға жаздырды. Алайда Генерал консерваторияда аз уақыт оқып, ауылшаруашылық институтына ауысып кетеді. Дегенмен институтта жүріп студенттік оркестрге қатысты. Қазақ радиосына Тәттімбет, Сүгір, Жәми, Төлеген күйлерін жаздырды. Өнер саңлақтары Манарбек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Жамал Омарова, Роза Бағланова, Қали Жантілеуов, Үрістембек Омаров, тағы басқалары Генералдың дара талантын жоғары бағалады. Генерал «Сен ғана», «Ақын қызға», «Неге сүйдім бұлбұл құсты», «Түсіндірші, сүйіктім», «Сенің көзің», «Жас тілек» атты сыршыл лиризмге толы әндерімен де көпшілікке танылды. «Дала еркесі», «Ақ шабақ», «Сезім күйі» атты күйлері радиодан жиі беріліп тұрды. 1963 жылы туған ауылына оралған ол Қаратаудың шертпе күйлерін насихаттай бастады. 1969 жылы Бүкілодақтық «Мелодия» фирмасынан күйшінің жеке күйтабағы жарық көрді. Генерал Асқаровтың орындауында күйтабаққа Сүгірдің сирек орындалатын тоғыз күйі енді. Қазақстанның халық әртісі, дирижер Алдаберген Мырзабеков созақтық күйші орындауындағы күйлерді оркестрге түсірді.
Байқау күйшінің өмір жолы мен өнерін арқау еткен арнайы театрландырылған көрініспен ашылды. Генерал Асқаровтың Сүгір, Жаппас, Төлеген сынды ұлы күйшілерден тәлім алған шертпе күй шебері ғана емес, композиторлық, әншілік қырлары да көрініс тапты. Өнер додасының ресми ашылуында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков сөз сөйледі. Күйші Генерал Асқаровтың жары, зейнеткер ұстаз Жаңыл апамызға құрмет көрсетті. Қазылар алқасының төрағасы Жанғали Жүзбай байқаудың жас өнерпаздар үшін маңыздылығына тоқталып, олардың болашағына сенім білдірді. Сондай-ақ еңбек ардагері, ауданның құрметті азаматы Пардабек Сақтапбергенұлы күйші Генерал Асқаров туралы естеліктерімен бөлісті.
Сонымен, байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені Әліпбек Дарын (Созақ ауданы) жеңіп алса, І орынды – Тұрлыбай Нұрлыбек (Қазығұрт ауданы), ІІ орынды созақтық Мөлдір Сейсенбаева, ІІІ орынды Амантай Аян (Сарыағаш ауданы) иеленді. Сондай-ақ қатысушыларға Сүгір, Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров атындағы және аудан әкімінің арнайы жүлделері табыс етілді.
Түркістан облысы