
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «ЕQ»
Бұл мәселеге Мемлекет басшысы жиі көңіл аударып, жол қауіпсіздігін күшейтуде заманауи тәсілдерге жүгіну керек екенін, атап айтқанда, интеллектуалды жүйелердің көмегіне иек арту қажеттігін айтып келеді. Былтырғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты халыққа Жолдауында «Автокөлік жолдарының жай-күйі – өзекті мәселе. Мұнда саннан гөрі сапа маңыздырақ. Сол үшін инновациялық заманауи әдіс-тәсілдерді кеңінен қолданған абзал. Бұл жұмысқа қоғамдық бақылауды күшейту үшін бірыңғай цифрлық платформаны іске қосқан жөн. Онда барлық жолды, соның ішінде, қала аумағындағы жолдарды салуға және жөндеуге қатысты ақпарат болуы керек», деген болатын.
Президент тапсырмасынан кейін елімізде жол инфрақұрылымын жақсартып, апаттардың алдын алу мақсатында бірқатар ілкімді жұмыс қолға алынды. Күні кеше Ішкі істер министрлігі жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін TOR атты (қазақша мағынасы – «Желі») бірыңғай цифрлық платформа әзірленіп, қолданысқа енгізілгені туралы хабар таратты. Сала мамандарының айтуынша, бұл жүйе жолда болып жатқан барлық оқиғаны нақты уақыт режімінде жинақтап, реттеп көрсетіп отырады.
Платформа ішкі істер органдары қызметкерлеріне арналған бірыңғай «цифрлық терезе» ретінде жұмыс істеп, жол жағдайын ұлттық деңгейде басқаруға, талдауға және үйлестіруге мүмкіндік бермек. Бұл жоба Мемлекет басшысының барлық бақылау камераларын және тану жүйелерін біртұтас цифрлық экожүйеге біріктіретін ұлттық «Қауіпсіз қала» платформасын құру жөніндегі тапсырмасын орындауға бағытталған алғашқы қадам.
«TOR платформасы деректерді төрт негізгі көзден жинақтайды: қалалар мен тас жолдардағы стационарлық кешендерден, патрульдік полицияның мобильді бекеттерінен, дрондардан және өзге де қосылған жүйелерден. Жүйе өңірлер, оқиға түрлері және уақыт кесіндісі бойынша талдау жасап, апат жиі болатын нүктелерді анықтауға, қауіпті жүргізушілерді тіркеуге, сондай-ақ үзіліссіз сегіз сағаттан артық көлік жүргізіп отырған адамдарды бақылауға мүмкіндік береді», делінген хабарламада.
Ішкі істер министрлігінің Ақпараттандыру және байланыс департаментінің бастығы Сергей Варгоның айтуынша, TOR – бүкіл ел ауқымында жол қауіпсіздігін басқаруға арналған заманауи құрал. «Жүйе тек заң бұзушылықтарды жедел тіркеп қана қоймай, ықтимал қауіп-қатерді алдын ала болжап, жол-көлік оқиғаларының алдын алып, адам өмірін сақтап қалуға көмектеседі», дейді ол.
TOR платформасын әзірлеген Sergek компаниясының бас директоры Евгений Ким бұл жүйе әртүрлі дереккөздерден ақпарат жинап, жол жағдайының толық картинасын қалыптастыра алатын әмбебап цифрлық орта екенін айтады. «Біз «Сергек» жүйесін әзірлеу және пайдалану бойынша жылдар бойы жинаған тәжірибемізге сүйендік. Сондықтан платформаның нобайы бастапқыда еліміздің ерекшеліктерін ескеріп жасалды және біздің жағдайға оңай бейімделеді. Бұл жол қауіпсіздігіне жауапты барлық тарапқа арналған бірыңғай жұмыс стандартын қалыптастырады», деді ол.
Мамандардың айтуынша, жаңа платформаның басты ерекшелігі – деректерді біріктірудің бірыңғай стандарты, оқиғаларды орталықтандырылған визуализациялау мүмкіндігі және бір қаладан бүкіл республика деңгейіне дейін кеңейту әлеуеті бар. Жүйе Big Data және BI-талдау технологияларын қолдануға дайын.
Жол қауіпсіздігін жақсарту үшін заманауи технологияларды қолдану туралы Президент тапсырмасына сәйкес Көлік министрлігі тарапынан да бірқатар нәтижелі жұмыс атқарылып жатыр. Атап айтқанда, жол инфрақұрылымын диагностикалауға бағытталған заманауи технологияларды енгізуде жетістіктер бар.
Министрлік баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі таңда Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы (ЖАҰСО) жанында жаңа буындағы 16 жылжымалы жол зертханасы жұмыс істеп келеді. Бұл инженерлік кешендердің құрамында датчиктер мен GPS-навигациясы, геометриялық параметрлерді өлшеу жүйелері, бойлық (IRI) және көлденең тегістік өлшегіштер, бейнекамералар, «Дина-3» және «Дина-4» қондырғылары, жабын тегістігін бақылауға арналған ПКРС-2У тіркемесі бар. Бұл құрылғының бәрі автокөлік жолдарының кешенді диагностикасын жүргізеді.
Бұған қоса, жыл басынан бері Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты (ҚазЖолҒЗИ) жол қозғалысы қауіпсіздігін тексеріп отыру үшін арнайы жылжымалы зертхананы іске қосты. Сала мамандарының айтуынша, бұл зертханалар жол таңба сызықтары мен жол белгілерінің, жол бойындағы жарық шамдарының жағдайын тексеруге, қозғалыс қауіпсіздігіне әсер ететін ілінісу коэффициентін және бойлық еңіс деңгейін өлшеуге, жол-көлік оқиғасы жиі болатын учаскелерді анықтап, оларды алдын алуға бағытталған тиімді шараларды әзірлеуге мүмкіндік бермек.
Жол қауіпсіздігін жақсартып, апаттардың алдын алуда көп кілтипан жолдың сапасына да қатысты екені мәлім. Осыған орай елімізде жол құрылысының сапасына техникалық және авторлық қадағалаудың жауапкершілігі күшейтіліп жатыр.
Көлік министрлігінің хабарлауынша, бұдан былай автожолдардың құрылысы мен жөндеуін қадағалайтын ұйымдар жол құрылысы саласындағы кәсіби мамандарды штатқа алуға міндетті. Бұған дейін аккредитация алу кезінде бұл талап міндетті емес еді. Жаңа өзгеріс бақылау сапасын арттыруға және жол жөндеу жұмыстарының қолданыстағы нормативтер мен стандарттарға сай болуын қамтамасыз етуге бағытталған.
«Қадағалаушы мамандардың құқықтық жауапкершілігі де күшейтілді. «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңның 1-бабына енгізілген түзетулерге сәйкес, техникалық және авторлық қадағалау жүргізетін тұлғалар мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адамдарға теңестірілді. Бұл олардың қызметін тиісінше орындамаған жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын білдіреді. Қабылданған шаралар еліміздің автожол инфрақұрылымының сапасын арттыруда маңызды кезең болмақ» делінген хабарламада.
Кезекті оқу жылы жақындаған сайын ішкі істер органдары жол қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған басқа да шараларды қолға алып жатыр. Мектептер мен орта және жоғары оқу орындарында сабақ басталғанда жол үстіндегі тәртіпке айрықша назар аудару керек екені айдан анық. Осы орайда Алматы қалалық полиция департаменті мен әкімдік бірлесіп атқарып жатқан жұмыстардан бір мысал. Департамент құрамындағы Әкімшілік полиция басқармасының бастығы Асхат Құлбаевтың айтуынша, қозғалыс қарқыны жоғары аумақтарға және білім беру мекемелерінің маңындағы көшелерге ерекше назар аударылып келеді.
«Жаңа оқу жылы басталғанға дейін көше-жол желісі қауіпсіздік талаптарына толық сәйкес келуі үшін жан-жақты шаралар қолға алынды. Қазіргі уақытта тротуарлар абаттандырылып, жол белгілері жаңартылып, жол таңбалары сызылып жатыр. Жыл басынан бері Алматы қаласы бойынша 200 мың шаршы метрден астам жол таңбасы сызылып, 2 мыңнан астам жаңа жол белгісі орнатылды. Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасын табады», деді ол.
Сонымен қатар тәртіп сақшысы мектептерге жақын орналасқан жаяу жүргіншілер өткелдерін ретке келтіру жұмыстары да жүріп жатқанын жеткізді. Жаңа бағдаршамдар орнату мен реттелетін жаяу жүргіншілер өткелдерін жабдықтау жобалары дайындалған. Олардың бірқатары тиісті сараптамалық қорытындылардан өткен.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Біз кейінгі ұрпаққа жоғары сапалы авто және теміржолдарды қалдыруымыз керек» деген болатын. Бұл тапсырманың артында халыққа қолайлы қатынас жолын жақсарту ғана емес, оның қауіпсіздігін арттыру мен өлім-жітім санын төмендету мақсаты да жатқаны аян. Азаматтарының өмірі мен денсаулығын басты байлығы санайтын құқықтық, демократиялық, халық үніне құлақ асатын мемлекеттің берік негізі де осылай қаланса керек.