
Келіссөздер барысында көлік-логистикалық инфрақұрылымы, ауыл шаруашылығы, шикізатты қайта өңдеу, жаңартылатын энергетика, мұнай өңдеу және жоғары технологиялық өндіріс сияқты салаларға ұзақмерзімді инвестициялар тарту мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды. Қарастырылған нақты жобалар қатарында халықаралық көлік дәліздеріне шығатын логистикалық хабтарды салу және жаңғырту, агроөнеркәсіп кешеніне озық технологияларды енгізу, «жасыл» энергетика (күн және жел электр стансалары) саласында бірлескен кәсіпорындар құру, сондай-ақ мұнай өңдеу қуаттарын дамыту бар. Компания бұл бастамаларды жүзеге асыруға 1,5 млрд АҚШ долларына дейін инвестиция салуға дайын екенін білдірді.
Кездесу барысында Ғ.Оспанқұлов мемлекетіміз инвесторларға мемлекеттік қолдаудың кең ауқымын және халықаралық нарықтарға қолжетімділікті қоса алғанда, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай ұсына алатынын жеткізді.
– Алдыңғы қатарлы халықаралық инвестициялық қорлармен ынтымақтастық елімізге экономиканы әртараптандыруға және озық технологияларды енгізу бағытында қосымша мүмкіндіктерге жол ашады. Ел аумағында болашағы зор жобаларды іске асыруға толық қолдау көрсетуге дайынбыз, – деді СІМ Инвестициялар комитетінің төрағасы.
Өз кезегінде Ш.Бен Хамо еліміздің инвестициялық әлеуетін жоғары бағалап, оның негізгі сауда жолдарының тоғысындағы стратегиялық орналасуын, тұрақты макроэкономикалық серпінін атап өтті. Оның сөзінше, еліміз өндірістік қуаттарды орналастыруға, жаһандық жеткізу тізбектеріне интеграциялануға, жоғары экспорттық әлеуеті бар ауқымды бастамаларды жүзеге асыруға қолайлы жағдайға ие.
Тараптар жекелеген бастамалар бойынша мазмұнды консультацияларды жалғастыруға, қол жеткізілген уағдаластықтарды бекіту үшін шеңберлік келісімдерге қол қою мүмкіндігін қарастыруға уағдаласты.
Айта кетейік «ValueLBH Fund» – халықаралық тәжірибесі бар инвестициялық қор, ол жылжымайтын мүлік, энергетика, инфрақұрылым, агробизнес салаларындағы жобаларды қаржыландыру және сүйемелдеу бойынша маманданған. Қор өсу әлеуеті жоғары және орнықты экономикалық модельдері бар жобаларға инвестиция салады, сондай-ақ экологиялық стандарттар мен әлеуметтік жауапкершілікке ерекше көңіл бөледі.